Ақмола облысында қазақстандық вакцина егіле бастады
Ақмола облысында қазақстандық вакцина егіле бастады
353
оқылды
Бүгін елімізде вакциналаудың екінші кезеңі басталды. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Нариман Сыздықов вакцинаның екінші дозасын алды. Оның айтуынша бұл жолғы вакцина – отандық өнім, – деп хабарлайды Aikyn.kz тілшісі. Алғашқыда ресейлік «Спутник V» вакцинасын алған дәрігерлер енді отандық вакцинаны салдыра бастады.
«Қарағанды фармацевтикалық зауыты өндірген вакцинаның екінші дозасын тек бірінші кезеңде вакцина алғандар алады. Айырмашылығы тек атауларында ғана”, – деп түсіндірді облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Нариман Сыздықов.
Әрбір құтыда бес адамға арналған доза бар. Бүгінгі таңда вакциналаудың бірінші кезеңінен 1 300 медицина қызметкері өтті. Кезеңдер арасындағы уақыт үш аптаны құрайды.
“Кеше вакцинаның екінші компонентін 120 медицина қызметкері алды. Бүгін тағы 60-қа жуық ақ халаттыға вакцина егілді. Тағы 1 300 дозаны алуды жоспарлап отырмыз. Сонымен қатар екінші кезеңнің бірінші компонентін егу жұмыстары жүргізіледі. Бұл жолы вакциналауға педагогтар, күш құрылымдары қосылады. Екінші кезең аяқталғаннан кейін вакцинаны барлық тұрғын өз қалауымен ала алады”, – деп атап өтті Сыздықов.

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, Ақмола облысы