Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы Алтын Орда тарихына арналған ірі киножобаның тұжырымдамасын әзірлеуге кірісті. Басқарма төрағасы бұған дейінгі қателіктерден сабақ ала отырып, жұп-жұмыр туынды әзірлейтіндеріне сендіріп отыр.
Киножобаға дайындықтың бірінші кезеңінде кәсіби тарихшылар мен тәжірибелі кинодраматург, этнографтар мен әдебиеттанушылардан ақпарат жиналады. Сонымен қатар үлкен халықаралық тарихи киножобаларды жасау бойынша табысты тәжірибесі бар Голливуд, Еуропа, Ресей және Азияның үздік өндірістік компаниялары арасынан жаһандық серіктестер мен инвесторларды іздеу жүргізіліп жатыр. «Біз жұмысты бастап кеттік. Жуырда екі үздік голливудтық компаниямен видеобайланыс арқылы конференция өткіздік. Жақын арада азиялық әріптестерімізбен кездеспекшіміз. Бұл жерде өндірістің қаржылық моделін пысықтауға баса назар аударған жөн. Кейін бізде рибейт тетігі қосылуы мүмкін, яғни Қазақстан аумағында жұмсалған қаражаттың бір бөлігін шетелдік компанияларға өтеу (сандар 30 %-ға дейін өзгереді). Басқа жағдайда қалалық және өңірлік кинокомиссиялар тарапынан барынша қолдау көрсетілетін болады», – дейді «ҰКҚМО» КЕАҚ басқарма төрағасы Есетжан Қосыбаев. Оның сөзіне қарағанда, бұған дейінгі тарихи блокбастер түсіру төңірегінде болған қателіктерді қайталамай, жобаны жан-жақты пысықтауға үлкен жауапкершілік жүктеледі. Айта кетерлігі, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев кинематографистерге тарихи тақырыптағы фильмдерді шығару қажет екенін айтқан болатын. «Бүгінде әлемдік киноиндустрияда тарих тақырыбындағы сценарийлерге сұраныс жоғары. Осы орайда, біздің де шежіремізде ауқымды фильмдерге арқау болатын маңызды белестер мен оқиғалар баршылық. Мысалы, әлемдегі ең қуатты империялардың бірі болған Алтын Орда тарихы дайын тұрған жоқ па?! Бұл мәселеге болашақта кино саласының мамандары баса назар аударғаны жөн» деп атап өткен еді Мемлекет басшысы.Ж.АҚҚАЙЫР