Урбанизация ғылымының заманауи трендтері қалаларды дамытуда есепке алынбай жүр. Соның ішінде бас жоспар практикасына жүгіну үрдісі әлі де бар. Онда көп ретте шағын аудандық қала салу үлгісі қарастырылады. Одан бөлек, урбанизациялық процестердің ушығуына республика бойынша ішкі миграция да әсер етіп отыр. Жұрттың бәрі орталықтарға көшкендіктен, үлкен қалалардың өмір сапасына салмақ түсіп, тұрғыны азайған шағын қалалар деградацияға ұшырауда.
Шағынауданнан квартал тиімдірек
Google картасын ашып, еліміздің қай қаласын қарайтын болсақ та, онда тәуелсіздік алғаннан бері де ештеңе өзгермегенін аңғаруға болады. Қалалардың дамуында баяғысынша шағын аудандарға бөліп, құрылыс салу үрдісі сол күйі жалғасып жатыр. «Шағынаудан дегеніміз Кеңес Одағынан қалған үлгі. Олар үлкен зауыттар мен фабрикалардың жұмысшылары күні бойғы қажытқан ауыр жұмыстан соң ұйықтау үшін ғана келетін тұрғын аймақ ретінде салынған. «Спальный район» деген сөз содан қалған. Мұндай үлгідегі құрылыстың функциясы біреу, ол – оқшаулану. Сондықтан да елді мекендерді баяғыша қызметтік сипатына қарай аймақтарға бөлу үрдісі дұрыс емес. Өндірістік аймақ, тұрғынжай аймағы, иррегациялық аймақ деген сияқты. Қазір мұны қайта қарау керек. Қалалардың бас жоспарына урбанизацияның заманауи трендтерін енгізу керек. Ол үшін заңнамаға өзгеріс енгізу қажет», – дейді урбанист Асхат Садуов. Урбанист маман, әкімдіктер жоспарлау кезінде қалалық ортаның коммерциялық құрамдас бөлігін ескермейтінін айтады. Оларға әлеуметтік нысандар салынып, баспана мәселесі шешілсе болды. Ал көшелердің байланысы дегенге маңыз бермейді. Бұл – өте маңызды көрсеткіш. Ол тек бірінші қабаттардағы коммерцияға ғана емес, трафикке де, қаланың көліктік қатынас моделіне де әсер етеді. Тағы бір мәселе, урбанизация ғылымында адамдардың шоғырлану тығыздығы деген критерий бар екен. Өкінішке қарай, ол параметр де біздің қалаларды жоспарлауда ескеріле бермейді. Ол бойынша көшелердің орналасу қашықтығы мен қоныстанушылардың тығыздығы бір-біріне сәйкес болуы керек. Болмаса сол ауданда көлік кептелісі, стихиялық автотұрақтар, әлеуметтік шоғырлану пайда болады. Ал ол үшін көшелердің байланысы үзілмеуі керек. Сонда шағын және орта бизнес те сол ауданда жақсы дамитын болады. «Бізде қазір көлік кептелісінің проблемасы үш қалада қатты сезіледі. Басқа қалаларда салыстырмалы түрде мұндай проблемалар жоқ. Мәселен, Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларында соңғы 20 жылда құрылыс шағынаудандар типінде жүргізілді де, көшелердің арасы алшақ-алшақ болып қалды. Бұл сол маңайдан өтетін көліктердің санына сәйкес емес. Енді сол жердегі жол кептелісі көпір түріндегі тарқатпа жолайрық салу арқылы шешілмек. Ол көмектеспейді. Әуелде дұрыс жоспарлау керек еді. Мысалы, Алматы қаласында әл-Фараби даңғылын алайық. Үлкен артериялы күре жол. Жақын жерде оған балама жоқ болғандықтан, жұрттың бәрі сонымен жүреді. Содан кептеліс басталады. Ал Нұр-Сұлтан қаласында Мәңгілік ел, Қабанбай батыр, Тұран – үш күре жол бар. Қалған паралель көшелер жолай үзіліп қалады да, жүргізушілердің бәрі осы үшеуімен жүруге мәжбүр. Сондықтан да оларға түсетін салмақ көп», – дейді Асхат Кеңесұлы. Оның ойынша, бұл мәселені шешу үшін Бөкейхан көшесін дамыту керек. Одан өзге де көше салуға келетін жерлер болса, жол төсеп, кептелісті тарқату қажет. Қос жағалаудың арасына көпірлерді де көптеп салу міндетті. Сондай-ақ осы урбанизация мәселелерін ескере отырып, енді дамып келе жатқан үшінші мегаполис Шымкент қаласында мұндай жағдайға жол беруге болмайды. Оны басқаша жоспарлау керек. Ал ең оңтайлы шешім – квартал типіндегі көшелер торшасы болмақ.Шикі тұжырымдаманы қабылдауға болмайды
Урбанизация тек облыс орталықтары мен мегаполис қалаларды жайғастыру мәселесі ретінде қарастырмау қажет. Ол күллі республика бойынша да назарға алынуға тиіс. Мәселен, елімізде осы айда «Жергілікті басқаруды дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасы» қабылданбақ. Бірақ өткен жылдың аяғында талқыланған жоба әлі де болса шикі. Оны қабылдауға асығуға болмайды. Бұл осы мәселені ұзақ жылдардан бері зерттеп келе жатқан экономист Меруерт Махмутованың пікірі. «Мен алдағы уақытта осы тақырыпта баспасөз мәслихатын өткізіп, Экономика министрлігі дайындаған бұл тұжырымдаманы шикі күйінде қабылдауға болмайтынын айтып, мәлімдеме жасағалы отырмын. Өйткені ол құжатта өзін-өзі басқару және урбанизация мәселесі терең зерделенбеген. Біздің көптеген ұсынысымыз ескерілмей қалған. Ақпан айында Президенттің қол қоюына жіберіледі деп естідім. Бірақ ондағы сарапшылар құжатты қабылдамай, қайтарып жібереді деп үміттенемін», – дейді Меруерт Маутханқызы. Маманның айтуынша, мемлекеттің аймақтарды дамыту саясатының әлсіз тұсы Үкіметтің жаңа бағдарламаларды қабылдағанда оған дейінгі бағдарламалардың жүзеге асу нәтижесін зерделеп, мониторинг жүргізбейтінінде. Яки, Үкімет пен жергілікті билік арасында Аймақтарды дамыту стратегиясы бойынша өзара іс-әрекет жоқ. Мәселен, еліміздегі қалалардың 70%-ы кіші қалалар. Президенттің 2012 жылғы «Стратегия 2050: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» Жолдауында Үкіметке әкімдермен біріге отырып, 2013 жылы «Кіші қалаларды дамыту бағдарламасын» қабылдау туралы тапсырма берілген. Өйткені 2006 жылдан бері халқының саны аз осындай қалалардың мәртебесі қайта қаралған жоқ. Сол тапсырма тек былтыр ғана орындала бастады. 13 қалаға ауыл мәртебесін беру туралы шешім қабылданды. «Үкіметтің аймақтарды дамыту саясатының негізіне мәні даулы, нақты емес тезистер алынған. Өңірлердің ала-құла дамуын теңестіруден бас тартып, тек таңдалып алынған үш мегаполисті дамытуға басымдық беру облыстардағы кіші қалалардың одан сайын деградациялануына алып келеді. Сондықтан да келесідей ұсыныстарым бар. Олар: нақты жергілікті өзін-өзі басқару жүйесін құру; қала инфрақұрылымын дамыту, әлеуметтік нысандардың қажет санын анықтау және ішкі мигранттарды бейімдеу бойынша бағдарламаны даярлау үшін қала тұрғындарының санын дәл анықтап, ішкі мигранттарды тіркеу процедурасын оңайлату; жұмыссыздық және өзін-өзі жұмыспен қамтығандар бойынша статистика дәлме-дәл болуы тиіс. Сондай-ақ Қазақстанның әлемдік аутсорсинг нарығындағы үлесі нөлге тең. Сондықтан да кіші қалалардағы жұмыспен қамту мәселесін шешу үшін ішкі аутсорсинг нарығын қалыптастыру қажет», – дейді Меруерт Махмутова.Нұрлан ҚОСАЙ