Уақыт өлшемімен қарағанда азат 30 жыл аз болғанымен, жасалған жұмыстар есебімен есепті кезеңде егеменді еліміз дамудың даңғыл жолына түскенін аңғару қиын емес. Жамбыл облысы да әр онжылдықта оң бағытқа бет бұрып, өңір экономикасы өрістей түсті. Жалпы, өңірлік өнім 10,8 миллиард теңгеден 1 триллион теңгеге артқан. Ал өнеркәсіп өнімінің өндіріс көлемі 2000-2020 жылдар аралығында 25,8 миллиард теңгеден 504,9 миллиард теңгеге өскен. Индустриалық-инновациялық даму бағдарламасының аясында соңғы 5 жылда облыста құны 66,8 миллард теңгені құрайтын 38 өндіріс орны пайдалануға берілген. Нәтижесінде, 3 000 жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік туған. Бұл тәуелсіздік жылдарында өндіріс саласы өрістеп, кәсіпкерліктің көкжиегі кеңейгенін айғақтап тұр.
Алғашқы жылдардың қиындығы қандай болды?
Жасыратыны жоқ, Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін облыс қана емес, тұтас Қазақстан басынан қиын кезеңдерді өткерді. Бір кездері одақтас мемлекеттерді түрлі тауармен қамтыған зауыттар жабылып, жұмыссыздық белең алды. Бұқара бизнесті емес, күнделікті күнкөрісін ойлайтын күйге түсті. Десе де, ел аумағында түрлі жоба жанданып, баянды бастамалар Әулиеата топырағына да жетті. Кезінде қондырғылары тістегеннің аузында, ұстағанның қолында кеткен кәсіпорындардың бойына қайта қан жүгіріп, ел мен өңір ертеңіне инвесторлар сенім арта бастады. Бір ғана мысал, 1999-2015 жылдар аралығында негізгі капиталға салынған инвестиция 81 есеге өсті. Сонымен бірге әлеуметтік нысандар, инженерлік және транспорт инфрақұрылымын дамытуға бюджет қаржысының көлемі шамамен 209 есеге ұлғайды. Өндіріс саласының өрістеуі бюджет кірісінің табысы оң динамикалық өсуге жағдай жасады. Тұрғындардың әл-ауқатының артуы мен жұмыссыздардың саны тұрақты төмендеді. 1998 жылы жұмыссыздық 14,2 пайызды құраса, 2015 жылы 4,9 пайызға қысқарды. Халықтың жекелей ақшалай табысы 2000-2015 жылдар аралығында 12,6 есе көбейіп, орташа жалақы мөлшері 10 есеге ұлғайды.Кейінгі жылдардағы көрсеткішке көз салсақ
Кейінгі онжылдықта өңір өндірісі адам танымастай өзгерді. Әсіресе, былтырғы табысымыз толайым. Өткен жылы облыстың өнеркәсіп кәсіпорындары 504,9 миллиард теңгеге өнім өндірсе, 2019 жылмен салыстырғанда нақты көлем индексі 103,1 пайыз болды. Тараз қаласының кәсіпорындары 2020 жылдың қаңтар-желтоқсан айларында 287 071 миллион теңгенің өнімін шығарса, алдыңғы жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда көлем индексі 101,2 пайызды көрсеткен. Негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 344,5 миллиард теңгені құраса, мұнда да 2019 жылмен салыстырғанда 12,7 пайыздық өсім бар. Облыста 2020 жылдың 1 желтоқсанына 85 407 шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері тіркеуге алынып, бүгінде оның 68 700-і тұрақты жұмыс істеп тұр. Олардың көмегімен былтыр 193,6 миллиард теңгенің өнімі өндіріліп, өсу көрсеткіші 109,2 пайызды діттеген. Ал ең бастысы, шағын және орта бизнес субъектілері 124 748 адамды жұмыспен қамтыған.Мемлекеттік бағдарламалардың бергені мол
Облыста «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы жүзеге асырылғаннан бері жалпы сомасы 75,5 миллиард теңгені құрайтын 203 жоба бойынша жұмыстар жүргізілсе, бүгінде оның 73,6 миллиард теңге болатын 154 жобасы мақұлданған. Ал 49,5 миллиард теңге тұратын 143 жоба қаржыландырылған. Бағдарлама аясында 2 791 жұмыс орнын құру, өндірісті 83,4 миллиард теңгеге арттыру және салық түсімдерін 7,9 миллиард теңгеге ұлғайту жоспарланып отыр. «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасы қолға алынған уақыттан бері барлық қаржы құралдары арқылы жалпы сомасы 130,1 миллиард теңгені құрайтын 2 426 жоба жүзеге асты. 2020 жылы жалпы сомасы 24,0 миллиард теңгені межелейтін 638 жоба қолға алынса, 2019 жылы 9,1 миллиард теңгеге 420 жобаға «жан біткен». Соның ішінде «Өндірістік инфрақұрылымды дамыту» құралы бойынша былтыр 448,6 миллион теңгеге 2 жоба қаржыландырылған. «Гранттық қаржыландыру» тетігі бойынша өткен жылы 171 миллион теңге тұратын 45 жоба да жүйесін тауып отыр. 2021 жылы «Еңбек» бағдарламасы шеңберінде 616,1 миллион теңгені игеру көзделсе, былтырғы жылмен салыстырғанда қаржы көлемі 48 пайызға артқан. Қазақстанның индустриялық-инновациялық дамуының 2015-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында облыста жалпы құны 52 миллиард теңгені құрайтын 31 инвестициялық жоба жүзеге асырылса, құрылыс кезінде 2 078 және іске қосылу кезінде 1 969 тұрақты жаңа жұмыс орындары ашылған. Бұдан бөлек, республикалық карта бойынша 16,7 миллиард теңге болатын 2 инвестициялық жоба іске қосылған. Биыл аталған бағдарлама аясында 15,9 миллиард теңгелік 12 жоба жанданып, 849 жұмыс орны ашылады деп жоспарланып отыр . Міне, Жамбыл облысы осылайша тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдарынан мемлекетіміз ұстанған бағытынан таймай, ең әуелі экономиканы қарыштатуға күш салды. Бір ғана «Қазфосфат» ЖШС бүгінде Орталық Азияда баламасы жоқ өндіріс орнына айналып отыр. Ал онда өндірілген сары фосфар тыңайтқышы Қытай мемлекетінен бастап Жапонияға дейін экспортталуда. Бұдан бөлек, ауыл шаруашылығы, құрылыс, білім, медицина, мәдениет, спорт сынды әлеуметтік бағытта да жасалып жатқан жұмыстар аз емес. Ал кейінгі жылдың бедерінде Тараз қаласы тотыдай түрленіп, туристік кластер көш ілгері дами түсті. Сондай-ақ өңір балық, бал шаруашылығы сынды тың бағытта да баянды бастамалар көтеріп, инвестиция көлемін де еселеп арттыруда. Бұл, әрине ең бірінші тұрғындардың тұрмысын түзеп, әлеуметтің әлеуетін арттыратыны анық. Әрине, егеменді еліміз отыз жылдың бедерінде қанатын қатайтып, биікке ұмтылған жас қырын болғандықтан, алда әлі талай қиындықтар мен белестер тұрғаны анық. Десе де, небәрі ширек ғасырдан астам уақытта осындай толайым табысқа қол жеткізген мемлекетіміз алдағы онжылдықтарда бұдан да биік шыңдарды бағындыратынына бек сенімдіміз.Саятхан САТЫЛҒАН, Жамбыл облысы