Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжановтың төрағалығымен Қазақстан аумағында коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның (ВАК) отырысы өтті, деп хабарлады primeminister.kz.
ВАК отырысының қорытындысы бойынша келесі шешімдер қабылданды:
1. 7 күн бойы «жасыл аймақта» тұрған өңірлерде 1 наурыздан бастап рұқсат етіледі:
цирктердің, бильярд клубтарының, балалар ойын-сауық орталықтарының жұмыс істеуіне – толымдылығы 30%-ға дейін;
спорттық іс-шараларды өткізуге (30%-ға дейін), жұма намазын оқуға (30%-ға дейін) және ас беру рәсімін өткізуге (30%-ға дейін, 50 адамнан артық емес).
2. 7 күн бойы «сары аймақта» болған өңірлерде 1 наурыздан бастап жабық базарлардың (азық-түлік, азық-түлік емес), сауда және ойын-сауық орталықтарының, сауда үйлерінің, сауда желілерінің жексенбі күндері жұмыс істеуіне рұқсат етіледі.
3. Мониторингтік тексеру қорытындысы бойынша білім беру ұйымдарында санитарлық-эпидемиологиялық талаптардың бұзылу фактілерінің көп мөлшері тіркелген Маңғыстау, Қостанай және Жамбыл облыстарын қоспағанда барлық облыстарда 1 наурыздан бастап 1-5 сыныптардың, халықаралық мектептерде 1-7 сыныптардың оқушыларын аралас оқытуға рұқсат етіледі. Сондай-ақ, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Түркиямен (қосымша 4 рейс), Өзбекстанмен (+4 рейс), Қырғызстанмен (+2 рейс) және Украинамен (+1 рейс) халықаралық әуе рейстерінің санын арттыру туралы ұсынысы комиссияның қолдауына ие болды.
Сонымен қатар денсаулық сақтау министрі Алексей Цой биологиялық қауіпсіздік туралы заң жобасын әзірлеу барысын баяндады. Өз кезегінде вице-премьер Е. Тоғжанов аталған заң жобасы бойынша барлық жұмылдырылған мемлекеттік органдармен келісу жұмыстарын және бюджеттік есептерді енгізуде бұған дейін бекітілген мерзімдерді ұстану қажеттігін атап өтті.