Премьер-Министр Асқар Мамин мал шаруашылығын дамыту мәселелері жөнінде кеңес өткізді. Ірі қара мал басын көбейту және сиыр етінің өндірісін арттыру бойынша қабылданған шаралар мен өңірлердің етті мал шаруашылығын дамыту бойынша әлеуеті туралы Ауыл шаруашылығы министрі С. Омаров баяндама жасады. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі хабарлады.
Алдын ала мәлімет бойынша, 2019 жылы мал шаруашылығы өнімдерінің жалпы өндірісі еліміз бойынша 2 306 млрд теңгені құрады, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 12,5 пайызға артық.
Ірі қара мал басының саны 4 пайызға, (7,4 млн басқа), жылқы 6,8 пайызға (2,8 млн басқа), құс 2 пайызға (44,3 млн басқа), қой 2,7 пайызға (16,9 млн басқа), түйе 3,5 пайызға (214,8 мың басқа), шошқа 2,9 пайызға (822,2 мың басқа) көбейген.
Құс етінің өндірісі 16 пайызға, яғни 223 мың тоннаға, сиыр еті 5 пайызға немесе 501,4 мың тоннаға, жылқы еті 4,3 пайызға – 132 мың тоннаға, қой еті – 0,8 пайызға, яғни 152 мың тоннаға, шошқа еті – 0,3 пайызға немесе 86 мың тоннаға өсті.
Министрдің дерегінше, былтыр асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуды субсидиялау мен саланың өнімділігін арттыруға 115,7 млрд теңге қаржы бөлінген. 840 отбасылық ферма 82,2 мың ірі қара мал басын сатып алуға несие алыпты.
«2019 жылы желтоқсан айында Tyson Foods америкалық компаниясымен қол қойылған Қазақстандағы қазіргі агро-мультипротеин индустриясын дамытуға қатысу қағидалары туралы келісім етті мал шаруашылығын дамытуға зор серпін береді. Бірінші кезеңде Қазақстанда өнімділігі тәулігіне 2 мыңға жуық мал басы болатын заманауи ет өңдеу кешенін салу жоспарланған», – деді сала министрі С.Омаров.
Оның айтуынша, кәсіпорын отандық нарықтың қажеттілігін өтеп қоймай, өнімдерді шетел нарығына экспорттамақ. Осылайша, еліміздегі жылдық ауыл шаруашылығының түсімін 1 млрд доллардан асыруға ықпал етеді деген болжам бар.
Кеңеске қатысушылар мал санын көбейту, оның өнімділігін арттыру шараларын, сондай-ақ мал азығы базасын нығайту мәселесін талқылады.
Үкімет басшысы Қазақстанда мал шаруашылығын дамыту жөніндегі кешенді жұмыстарды жалғастыруды тапсырды.
Айдана БЕГІМ