Қақпақ жабылса – қауіп жоқ

Қақпақ жабылса – қауіп жоқ

Кәріз құдықтарының қақпағы қолды болса, көпшіліктің берекесі қаша бастайды. Өйткені адамдарға аузы ашық құдықтан келер қауіп көп. Әсіресе, жабусыз қалғандарының қыстыгүні қар астында байқалмай қалатыны бар. Қараңғыда да аяқ­тың астындағы шұңқыр анықтап қара­масаң, бірден көзге көріне қой­­­­майды. Абайламасаңыз, аңдау­сыз­да оған өзіңіз де түсіп кетуіңіз мүм­кін. Сондықтан құдықтан қақ­пақтың ажырауы – әр тұрғын үшін дабыл қағарлық жағдай.

Жыл сайын адам өліміне себепкер болып отырған кәріз құдықтарының қауіпсіздігі соңғы кездері қатаң қадағалауға алынып келеді. Таяуда тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін Nur Otan партиясы жанындағы Отбасы, әйелдер және балалардың құқықтарын қорғау мәселелері жөніндегі кеңесімен бірлесіп «Бақытты отбасы» Жол картасын жүзеге асыру аясында «Қауіпсіз қала» акциясы еліміздің барлық аймақтарында ұйымдастырылды. Оған Nur Otan партиясы мен Jas Otan Жастар қанатының мүшелері және төтенше жағдайлар департаментімен бірге 600-ден астам ерікті қатысты.

Акция барысында Jas Otan Жастар қа­наты мен еріктілер мектеп пен бала­бақ­шалардың, спорт кешендерінің аумақ­тарында орналасқан кәріз құдықтарының қауіпсіздігіне көз жеткізді. Тексеріс кезінде анықталған келеңсіздіктер бойынша жедел шаралар қабылданды. «Қауіпсіз қала» акциясы аясында ашық тұрған кәріз құдықтарына және газ датчиктеріне жүргізілген мониторинг қорытындысы бойынша 5 күн ішінде шамамен көшедегі 560 кәріз құдығының жайымен танысты. Рейд кезінде Екібас­тұздағы 20 құдық тексерістен өтті. Олардың 7-еуі жартылай жабық, 2-еуі ашық екені анықталды. Ал Ақмола облысы Көкшетау қаласындағы Жайлау, Автогород, Шанхай, Бармашино шағынаудандарына рейд жүргізілді. Дұрыс жабылмаған 11 және аузы ашық 5 кәріз құдығы бар екені белгілі болды. Түркістандағы бақылаудан өткен 88 құдықтың 5-еуінде қақпақ жоқ.

Ресми мәлімет бойынша, Нұр-Сұлтан қаласында коммуналдық қызметтердің балансында 65 мың кәріз ұңғысы бар, ал жеке аумақта – 20 мыңнан асып жығылады. Терең ұңғымалар адамдарға ерекше қауіп төндіреді. Әсіресе, көпшілік жиі жүретін орындарда апатты жағдайлар көп орын алады. Сондықтан азаматтардың белсенді қатысуымен жағдайдың алдын алып, қауіпті кәріз құдығын жедел анықтауға болады.

Жол картасының негізгі блоктарының бірі – қауіпсіздік мәселесіне арналған. Қазіргі кезде барлық облыстың әкім­дік­терімен бірлесіп, қалалар мен аудан­дардың жайлы және қауіпсіз инфрақұрылымын қамтамасыз ету бойынша іс-шаралар жоспары дайындалуда. Оған кәріз құ­дықтарын тексеру, аулаларды жарық­тандыру және жабдықтау, көлік қауіпсіздігі, сыртқы дәретханаларды жою, балалар үйінің терезелеріне блокаторлар орнату кіретінін айта кеткен жөн.

Полиция департаментінің өкілдері де құдық қақпақтарын ұрлаудың алдын алу бойынша да үнемі жедел іс-шаралар ұйымдастырып, темір қақпақ ұрлығын болдырмау үшін күресіп келеді. Олар сондай-ақ түрлі түсті металл қабылдау пункттеріне кәріз құдығы үшін салынатын айыппұлдың аталған проблеманы шеше алмай отырғанына қапалы.

Бүгінде бұл мәселе қала әкімдіктерінің де тұрақты бақылауында. Өтінімдерге байланысты күн сайын ашық құдықтарды анықтау бойынша жұмыстар басталды. Нақтырақ айтар болсақ, кәріз құдық­тарының ашық қалмауы және апаттың алдын алу үшін әр аймақтағы әкімдіктер келесі шараларды жүзеге асыруда: құ­дықтардың қақпағын түгендеп, алдағы уақытта олардың орнынан полимерлік материалдан жасалған қақпақтарды орнату мәселесі қолға алынып жатыр. Ал қазіргі кезде қолданыстағы құдықтарға темір тор орнату басталып кетті. Бұл құдық қақпағы қолды болған жағдайда да адамның, жан-жануардың оның ішіне түсіп кетуінен сақтайды.

– Ашық тұрған кәріз, әсіресе бүлдір­шіндер мен егде жастағы адамдар үшін қауіпті. Әр тұрғын өзінің ауласындағы, ал тиісті мекеме көшедегі құбыр қақпақтарын жиі тексеріп отырса, дер кезінде оқыс оқиғалардың алдын алар еді. Бірақ кейбір адамдар ашық тұрған кәріз құдықтарының беттерін әйтеуір жабылса болады деп ағаш, қаңылтыр, дөңгелек немесе сеткамен жаба салады. Жабылмаған әрбірі өзімізге қауіп төндіретінін ескерсек екен. Сол себепті қар түскенге дейін ауладағы кәріз құдықтарының беттерін өздеріне сәйкес келетін арнайы қақпақпен жапқан дұрыс. Бұл адамдардың абайсызда кәрізге құлап кетуінен немесе жазатайым оқиғалардан сақ­тайды, – дейді Түркістан облысы Сай­рам ауданы төтенше жағдайлар бас­қар­масының аға инженері, азаматтық қорғау аға лейтенанты Нұрболат Мекембаев.

Бұл мәселе бұдан бұрын да бірнеше рет талқыланды. Түрлі ұсыныстар айтылды. Әлі де апатты жағдайдың алдын алу үшін күрес жүргізілуде. Мамандар аталған мәселені шешудің негізгі 2 жолын ұсынып отыр. Біріншісі, темірден жасалған бар­лық қақпақтарды басқа материалдарға ауыстыру (пластик, полимер, шыны тал­шық және беріктігі жоғары шойын), екіншісі, жылдам әрекет ету үшін әрбіріне GPS чипін орнату. Алғашқысы көп қаражатты қажет етеді. Ал екінші ұсыныс, яғни кәріз құдықтарына смарт қақпақтарды орнату тиімді болады деген ойдамыз. Өйткені қақпақты орнынан көтергенде, жауапты органдарға сигнал естіледі де, ұры санаулы минутта қолға түседі. Сол кезде күрмеулі мәселенің де түйіні тарқатылады. Бұл өз кезегінде ең әділ шешім әрі ұтымды қадам болары сөзсіз.


     Абылайхан ЖҰМАШ