Сергелдеңге салып қойды
Сергелдеңге салып қойды
204
оқылды

Қазақтың сайын даласының шет-шегі көрінбейтіндей болғаны­мен, жерді игеру мен пайда­ла­ну­дағы заңсыздықтар кесірінен мал­ға өріс, егінге алқап тап­пай жү­р­ген жандар бар. Әрі жер телім­де­рін дұрыс пайдалан­байтындар бірен-саран емес.

Жерді тиімді иге­ру және пайдалану – бү­гін­гі күннің басты талабы. Бұл та­лап­­тың орындалысы аймақтарда қан­­шалықты оң нәтиже беруде? Айта­лық, Атырау облыстық қоғамдық кеңе­­сінің отырысында зерделенген Аты­рау облысының Исатай, Махамбет аудан­дарындағы жерді игерудегі, пайда­лану­дағы көптеген заңсыз жайттар арқылы облыстағы жерге қатысты көптеген мәселелердің беті ашылды.

Мәліметтерді сөйлетсек, соңғы үш жылда Исатай ауданында 18,4 мың га жер мақсатқа сай пайдаланылмаған. Махамбет ауданында көрсеткіш бұдан да жоғары – 23,3 мың гектар. Ауданға қарасты Жайық өзенінің оң-сол жаға­­лауындағы ауыл шаруашылығы сана­­тындағы жерлер түгелге жуық басқа мақ­сатқа беріліп кеткен. Талдау көрсет­кен­дей, заңсыз жер бөлумен жергілікті әкімдер мен жер қатынастары бөлімдері айналысып келіпті. Жерге қатысты заң­сыздықтар жаңа ғасырдың бірінші онжылдығында кең етек жайған. Билік басындағылар тұрғындардың құқықтық сауатсыздығын пайдаланып, жерді мата­ша қиып, бөліп, сатып отырған.

Атап айтсақ, «1 МАЙ» АҚ-на заң та­­­лаптарына қайшы келсе де, ауыл ша­руашылығы мақсатындағы 800 га жер­дің жекеменшік құқығы табыс­тал­ған. Махамбет ауданында 25 кәсіп­кер­лік мақсаттағы 286,4 га жерге, 26 ауыл­шар­уашылық мақсатындағы 1580,9 га жер теліміне нұсқамалар табысталып, жер иелерінің учаскелерін мәжбүрлеп қайтару туралы соттың қарауына 14 талап-арыз жолданған. Осы ауданның тек 2018-2019 жылдары 8 жеке, 2 заң­ды тұлғасына ҚР ӘК-нің 136,137 бап­та­рына сәйкес 1 млн теңгеден аса айып­пұл салынған. 2016-2018 жыл­дары Махам­бет ауданында ауыл шаруа­шы­лы­ғы мақсатына берілген 10,2 мың га және коммерциялық мақсаттағы 12,3 мың га, жеке тұрғын үй құрылысына арнал­ған 6,087 га жер ауданның жер қорына қай­та­рылса, 198 жер ауыл шаруа­шы­лығы мақ­сатында пайдаланбау себептеріне бай­ланысты тоза бастаған. Былтырғы жылдың 9 айында қосымша 2 мың га жер учаскесі мемлекет меншігіне қай­­та­рылды.

2017-2019 жылдары жүргізілген тек­серістер қорытындысында Исатай ауданындағы елді мекендер аумағында орналасқан 291 шаруа қожалығының 119,1 мың га жері түгенделіп, кәсіпкер­лік мақсаттағы 9 жер телімінің ныса­на­лы мақсатта пайдаланбағаны анық­тал­ды. Облыстық, аудандық жер қа­ты­настарын реттейтін органдар та­ра­пынан жерді бөлудің, игерудің және пайдаланудың нақты есебі жүйе­лен­беген. 2016-2018 жылдары Исатай ауда­нында анықталған құқық бұзу фак­ті­леріне сәйкес 1 әкімшілік іс қоз­ғал­са, Махамбет ауданы бойынша 11 іс қоз­ғалып, биыл 1 жеке,1 заңды тұл­ға жауап­кершілікке тартылып, олар 877,8 мың теңге айыппұл төлеп құтылған. Исатай ауданы бойынша 0,6 га жер, Махамбет ауданындағы 286,5 мың га жер телімі нысаналы мақ­сат­қа сай пай­даланылмағандықтан, 1 жыл ішінде игеру қажеттілігі туралы нұс­қаулар орындалмады. Махамбет ау­дан­дық сотына жолданған 14 талап-арыз­дың тек 6-уы ғана шешімін тапқан. Өзге арыз­­дар қанағаттандырылмай, қараусыз қалған.

Жерді мақсатсыз пайдалан­ған­дар­ды, не игерілмей жатқан жерлерді анықтап, тәркілеп мемлекет иелігіне қайтару ұзақ процесс. 2018-2019 жыл­­дары Исатай ауданында 6,5 га құрай­тын 25 жер учаскесі шамамен 10 млн теңгеге аукцион арқылы сатылса, Махамбет ауданында 3 аукционның қорытындысында 6 га жер 37 жеңім­паз­ға 24,9 млн теңгеге сатылған. Жер­ді мақсатсыз пайдалану деректері анық­тал­ған екі ауданның жер көлемдері үлкен болғанымен, сапасы нашар. Жерді дұрыс пайдаланбау салдарынан топырақ деградацияға ұшырап, құнсыз­дану, шөлге айналу жағдайы кездескен. Исатай ауданындағы Исатай, Қызылүй елді мекендеріндегі күтімсіз жерлер топырақ эрозиясына ұшырап, құм басуда. Нарын ауылдық округінен 3 шақырым жердегі бірнеше жыл бұрын төгілген мұнай қалдықтарының иесі табылмай, оның табиғатқа, жан-жануарларға келтірген залалдарына жауап берер ешкім жоқ.

Атырау облысы әкімі Махамбет Досмұхам­бетовтің қатысуымен өткен қо­ғамдық кеңестің кеңейтілген оты­рысында осыншама зерделеніп анық­талған жағдайларды таратып айт­қан Атырау облыстық қоғамдық кеңес төрағасы Мұрат Өтешев: «Ұлт­тық қо­ғамдық сенім кеңесінің 2-оты­ры­сын­да мемлекет басшысы Қ.Тоқаев жерді игере алатын адам ғана оның иесі болуға лайық дей келе, жерге кос­момониторинг өткізіп, түгендеуді 2020 жылғы 1 мамырда бітіруді, тиімсіз пайдаланған жердің салықтық базасын 10-нан 20-ға дейін өсіруді тапсырды және пайдаланбаған ауылшаруашылық жерлерін мәжбүрлі түрде қайтару мерзі­мін 2 жылдан 1 жылға шегеру керек деді. Аталған екі ауданда да шабын­дық жерлер көлемі мардымсыз, арзан мал азығын дайындау мәселесі күрделі. Аудандардағы шабындық жерлер жеке және заңды тұлғаларға есепсіз, заң шеңберінен тыс бөлініп кеткен. Соның салдарынан малдардың өрісі тарылып, бұрынғы шөп шабатын, мал жайылатын жерлерге «Жекеменшік мүлік заңмен қорғалады» деген тақтайшалар ілініп, адам да, мал да ол аумаққа кіре алмайды. Тіптен, ауыл аумағындағы зираттарға адам жерлеудің өзі проблема. Осы себептерге байланысты күре жолдың бойындағы елді мекен тұрғындарының ірі қара малдары жол бойын сағалап жүріп, көлік апаттарына себепші болса, енді бірі ұры-қарыға қолды болып жата­ды. Бұл өзекті проблема Аты­рау қаласы маңындағы тұрғындарға да қиындық туғызуда, малдары жайылымға жете ал­май көше аралап қоқыс жеуге мәжбүр болса, түйе мен жылқы қаланың көшелерін шарлап жүреді. Көптеген агросала кәсіпкерлері мал өсіру, бау-бақша салу, жалпы ауыл шаруашылығын дамыту жөнінде алған міндеттерін орындамай көзбояушылыққа барып, өздерінің жерлеріне там-тұмдап егін егіп, бірер мал ұстап, жерді пайдаланып отырған сыңай танытуға тырысады», – деп ащы шындықты айтты.

Оның айтуынша, екі ауданда да бірнеше мың гектар жерді алу кезінде мал санын молайтып көрсетіп, егін ал­қап­тарын көп сұрап алғанымен, іс жүзін­де мал саны сонша жерді пайда­ла­­нуға жетпейтіні анықталған. Бірне­ше мың гектар жерлерді бірде-бір тех­ни­касы, малы жоқ қожалықтар иеленіп, аудан­дардың мал өсімі көрсеткішін, ша­бын­дық, жайылым көлемін тежеуде және мал басы есебіне берілген жерлер­дің көпшілігі пайдасыз, бос жатыр.

 

Тұрсын.JPG     Тұрсын ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ,
                           Атырау облысы