Мырзахметов «Қазмырыш», «Қазақмыс», «Арселор Миттал» отандық өнімді сатып алмайтынын айтты
Мырзахметов «Қазмырыш», «Қазақмыс», «Арселор Миттал» отандық өнімді сатып алмайтынын айтты
228
оқылды

«Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов отандық тауарды өткізу жайын қозғады, – деп жазады «Қазақпарат».

Оның айтуынша, жаңа бастама отандық тауар өндірушілерге мүмкіндік бермек.

«Әрбір трансұлттық компанияның экология мен шетелден жұмыс күшін тартудағы міндетінен бөлек, өзіндік әлеуметтік міндеттемелері бар. Бұл ретте БАҚ құралдары мына жаңалықты байқамай қалды: «Теңізшевройл» жақында тұңғыш рет тауарды сатып алу жоспарын жариялады. Біреуге бұл өзгеріс еш жаңалық болмауы мүмкін. Бірақ бұл салада бірнеше жыл жүрген мен үшін бұл - айтарлықтай маңызды ақпарат. Сол секілді тағы бір ірі компания сатып алу жоспарын жасауға дайын екенін айтып, отандық тауарлардың реестрін сұрады. Сондықтан бұл жұмыс күшейтіледі», ­– деді Абылай Мырзахметов.

Оның айтуынша, қытайлық жер қойнауын пайдаланушылармен де бұл бағытта жұмыс жүргізіледі. Абылай Мырзахметовтың сөзіне сенсек, жер қойнауын пайдаланушылармен жұмыста Энергетика министрлігінде ықпал етерлік тетіктер баршылық.

«Шетелден жұмыс күшін тартудан бөлек, осындай мәселелерге де (ірі компанияларға отандық тауарларды өткізу) назар аударып, қоғам болып ықпал етуіміз керек. Отандық тауардың бағасы сапасына сай болса,  сатып алыңыздар. Болмаса Қанат Бозымбаев айтқандай, лицензияны қайтарып алуға дейінгі шараны қабылдаған жөн. «Казцинк», «Қазақмыс», «Арселор»... «Арселор Миттал» ешқашан отандық өнімді сатып алмайды. Жауапкершілік деген атымен жоқ. «Қазақмыс» қажеттіліктің 50 пайызын алып отыр. ERG компаниясы да серіктестікке дайын. Егер біз ойлы протекцияны қолға алмасақ, отандық тауарды өсірмек түгілі, қолдағы барымыздан айырылып қалуымыз мүмкін. Импортты алмастыру деген сөз қозғалғанда ең алдымен өз еліміздің, өз тауар өндірушілеріміздің мүддесі туралы айтамыз. Сол себепті, батыл қадамдардан қорықпау керек», - деді Абылай Мырзахметов.