18 қаңтарда әйгілі спортшы Конор Макгрегор октагонға қайта оралады.
Ирландиялық спортшы америкалық Дональд Серронемен Лас-Вегаста айқасқа түседі. Кездесуді Qazsport телеарнасы тікелей эфирде көрсетеді.
Конор Макгрегор UFC 246 турниріне дейін 25 жекпе-жек өткізіп, 21 мәрте қарсыластарын қапы қалдырды. Ол 15 ай бойы жекпе-жек өткізген жоқ. Конор соңғы кездесуінде жеңілмеген ресейлік спортшы Хабиб Нұрмағамедовтен ұтылды.
«Ковбой» өткен жылы 4 кездесу өткізді. Екі рет қарсыластарынан басым болғанымен, қос жекпе-жегінде жеңілістің ащы дәмін сезінді. Америкалық тәжірибелі спортшы 49 мәрте айқасқа түсіп, 36-ын жеңіспен аяқтаған.
Конор мен «Ковбойдың» кездесуін Qazsport телеарнасы бастан-аяқ тікелей эфирде көрсетеді. UFC 246 жарысы 19 қаңтар күні елорда уақытымен сағат 07:00-де басталады.