«Nur Otan» фракциясының депутаттары Павлодар облысы орталығындағы ірі нысандардың құрылысын қоғамдық бақылауға алды.
Партияның сайлауалды бағдарламасын орындау жөніндегі Жол картасын іске асыру аясында құрамында облыстық және қалалық мәслихат депутаттары, партиялық бақылау комиссиясы мүшелері бар жұмыс тобы мемлекеттік органдардың өкілдерімен бірге Павлодар қаласындағы құрылыс нысандарын аралады. Жұмыс сапары барысында партия мүшелері Сұлтанов атындағы облыстық аурухананың жұқпалы аурулар бөлімшесінің, Мойылды ауылындағы қолданыстағы мектепке 100 орындық жапсарлас құрылыс, Жетекші ауылындағы және Сарыарқа шағынауданындағы жаңа мектептердің салыну барысымен танысты. Сондай-ақ жұмыс тобы Сарыарқа және Достық шағынаудандарында көпқабатты тұрғын үйлердің құрылысын тексерді. Жасалған шарттарға сәйкес, барлық объекті ағымдағы жыл ішінде пайдалануға берілуі тиіс. Алайда кейбір мердігерлік ұйымдар жобалау сатысында кемшіліктер салдарынан белгіленген мерзімге сәйкес келмеу қаупін арттырады. Әрлеу материалдарының сапасы, жекелеген объектілердегі құрылыс бригадаларының жұмыс кестесі де қатаң сынға алынды. Алдағы бес жылда Жол картасында өңірде 2 миллион шаршы метр тұрғын үй немесе 14 мың пәтер, 5 жаңа мектеп және жұмыс істеп тұрған мектептерге 5 қосымша құрылыс, 10 балабақша, 3 медициналық нысан және 28 спорт нысанын салу көзделген. Ауқымды құрылыс жобаларының орындалуын бақылауды депутаттар тұрақты негізде жүзеге асырады. Аталған жұмыс сапарының қорытындысы бойынша 2 наурызда «Nur Otan» фракциясының отырысы өтеді. Онда проблемалық мәселелер егжей-тегжейлі қаралады және оларды шешу жолдары бойынша тиісті ұсынымдар беріледі.Әбілмансұр ЖАСАН