Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің V отырысында сөз сөйлеп, кеңес жұмысын талқыға салды. Алқалы жиынның еліміздегі ауқымды өзгерістерге жол ашып отырғанын айтты. Яғни, әу баста қызметін консультатив-кеңесші орган ретінде бастаған сенім кеңесі қазір ауқымы кеңейіп, жаңа реформалар ұсынатын маңызды құрылымға айналып отыр. Оған дәлел ретінде Ұлттық кеңестің ұсынысы бойынша қабылданған 13 заңды айтуға болады.
Президент күн тәртібіндегі бірнеше мәселеге тоқталып, әрқайсысын жеке-жеке топқа бөліп, талдап берді. Оның ішінде ең біріншісі – тұрғын үй және экономика саясатын жетілдіру. Зейнетақы жинағының бір бөлігін пайдалануға мүмкіндік берілгенінің арқасында бүгінде азаматтар баспаналы болып үлгерді. Әрі бұл процесс жалғаса береді. «Жаңа бастаманың жүзеге асқанына бір ай ғана уақыт өтті. Соның өзінде мыңдаған азамат көптен күткен баспанасын алды. Ипотекасын өтеді немесе несиесін азайтты. Бұл әділетті қоғам қағидатын жүзеге асырудың нақты қадамдарының бірі деп те айтуға болады. Көпшілікті қуантқан осы шешімді Ұлттық кеңес қолдағанын атап өту қажет. Дегенмен тұрғын-үй мәселесі азаматтарымыз үшін әлі де өзекті болып отыр. Былтыр тұрғын үй құрылысының қарқыны 11,2 пайызға өсті. Бұл – жақсы көрсеткіш. Бірақ өңірлердің ахуалы әркелкі. Мысалы, пайдалануға берілген дайын үйлердің 40 пайызы тек Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларында. Оның үстіне, бұл үйлердің көпшілігінің бағасы әлі де қымбат. Мен Үкіметтің қаңтар айындағы кеңейтілген отырысында тұрғын үй саясатын жетілдіру үшін жаңа ұсыныстар әзірлеуді тапсырдым. Үкімет айтарлықтай тиімді ұсыныстар берді. Жалпы, бұл ұсыныстарды қолдаймын», – деді Тоқаев. Әйтсе де, нарықтың өз ережелері барын ескерсек, құрылыс компаниялары арзан үй салуға мүдделі емес. Сондықтан олармен алдын ала сатып алу келісімін жасауға ұсыныс жасалды. Сонымен қатар аймақтардың да әлеуетін арттыру керегіне тоқталды. Бұған дейін баспана мәселесін Ұлттық кеңестің өткен отырысында Ләззат Қожахмет көтерген еді. Сондай-ақ ауылдық жерлердегі тұрғын үй мәселесін де шешу маңызды. Президенттің айтуынша, жеке шаңыраққа ие болған жастар ауылда тұрақтап қалудан қашпаса керек. «Жалпы, ауылдық жерде үй салу баспана мәселесін ғана шешпейді. Мұндай жұмыс экономикалық белсенділікті арттыруға және тұрмыс сапасын жақсартуға септігін тигізетіні сөзсіз. Сондықтан мемлекет барынша қолдау көрсетуге тиіс. Баспана мәселесі «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасымен ғана шешілмейді. Бұл іске әлеуметтік жауапкершілігі бар жұмыс берушілерді жұмылдыру керек. Кәсіпкер өз жұмысшыларына арнап ауылда үй салса, мемлекет оған кеткен шығынның 50 пайызына дейін қайтаратын болады. Бұл қай жағынан алып қарасақ та, бәріне пайдалы. Жұмысты дұрыс жолға қоя алсақ, осы бастама ауылды дамытуға жан-жақты септігін тигізеді. Сондай-ақ қажетті мамандарды, ең алдымен мұғалімдер мен дәрігерлерді, мал дәрігерлерін ауылға тартуға мүмкіндік береді. Үкімет бұл тәсілді осы жылдың екінші жартысынан қалдырмай қолданысқа енгізуі керек», – деп ұтымды ұсыныс айтты Мемлекет басшысы.«Білім» тарифі қашықтан оқуға жол ашты
Қасым-Жомарт Кемелұлы көтерген екінші мәселе білім беруге байланысты. «Білім беру жүйесінде ақпараттық-коммуникациялық технологияның рөлі айрықша. Бұл, әсіресе індет кезінде анық байқалды. Мобайл операторлардың «Білім» тарифі карантин уақытында қашықтан оқытуға кеңінен жол ашты. Соның арқасында Қазақстанның 600 білім беру ресурсын шектеусіз пайдалануға мүмкіндік туды. Бұл қадам оқушылардың арасындағы цифрлы теңсіздікті азайтуға айтарлықтай ықпал етті. Қашықтан білім беруді дамытудың осы әдісін тоқтатпай, жалғастыра беру қажет деп санаймын», – деді Мемлекет басшысы. Сондай-ақ педагогика және медицина кадрларын даярлаудың маңызы да айтылды. Бұдан кейін инклюзив қоғамдық орта қалыптастыру жайы қозғалды. Мемлекет басшысы осы бағыттағы жұмысты тоқтатпау керегін атап өтті. Ерекше балаларға арналған жан-жақты кешенді реабилитация қажет екеніне тоқталған Президент заманауи стандарт пен аймақтар спецификасын есепке ала отырып, осы саладағы нормативтерді жаңартуды тапсырды. Сонымен бірге мүмкіндігі шектеулі жандар да назардан тыс қалған жоқ. Ең алдымен барлық санаттағы мүгедектікті анықтау рәсімдерін түбегейлі жеңілдету керегі белгілі. «Бірыңғай ақпараттық қор (база) құрып, жұртқа ыңғайлы әрі жұмыс істеуге оңтайлы жүйені неге жасамасқа? Денсаулық сақтау министрлігі мен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ақпараттық жүйелерін біріктіру керек. Бұл жұмысты жеделдету қажет. Азаматтар өздеріне қажетті қызметтің барлығын бір ғана медициналық мекемеден алуға тиіс. Осы жобаны биылғы 1 шілдеден бастап сынақ ретінде, ал 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап толыққанды жүзеге асыруды тапсырамын», – деді Тоқаев.Адам құқығын қорғаудың маңызы зор
Мемлекет басшысы адам құқығын қорғаудың да маңызды мәселе екеніне тоқталды. Оның айтуынша, әсіресе кәсіптік қатерлерді бағалау және оларды реттеудің тиімді жүйесін құру – айрықша назарда. Еңбек қауіпсіздігін қорғаудың ұлттық жүйесін жаңғырту барысында осы қағидаттарды негізге алып, 2025 жылға дейінгі іс-шаралар жоспарын әзірлеуге тапсырма берді. Сондай-ақ әлеуметтік кеселдердің қатарына соңғы кезде қосылған құмар ойындары жайлы да сөз қозғады Мемлекет басшысы. Өскелең ұрпақтың денсаулығына «әлеуметтік кеселдер» залалын тигізеді. «Балаларды және кәнігі құмарпаздарды ойынға тартқан немесе сондай жағдайға жол берген заңды тұлғалар әкімшілік жауапкершілікке тартылуға тиіс. Қажет болса, оларды лицензиясынан айырамыз. Қазір осындай заңсыз қызметі үшін жеке тұлғаларға 200 айлық есептік көрсеткіш көлемінде ғана айыппұл салынады. Шетел азаматтарының ел аумағында құмар ойындарды заңсыз жүргізіп, лотерея ұйымдастыру арқылы табыс табуына тыйым салу керек. Лудоманияға жан-жақты тосқауыл қоюға тиіспіз» деп шегелеп айтты Президент.Зорлық-зомбылықтан қорғайтын бөлімшелер
Одан бөлек, әйелдерге қатысты тұрмыстық зорлық-зомбылық та айтылды. Осы орайда Ішкі істер министрлігіне әйелдер мен балаларды зомбылықтан қорғау бойынша арнайы бөлімшелер штатын қайта қолға алуды тапсырды. Мемлекет басшысының назарына ілінген тағы бір мәселе – саяси реформаларды жүйелі негізде жүзеге асыру. «Ұлттық кеңес бастамашы болған реформалардың екі топтамасы еліміздің қоғамдық-саяси өміріне тың серпін берді. Біз қазірдің өзінде сол маңызды бастамалардың жемісін көріп отырмыз. Жетінші шақырылымдағы Парламенттің бірінші сессиясының ашылуында мен саяси реформалардың үшінші топтамасын ұсындым. Оған Ұлттық кеңес мүшелерінің, саяси партиялардың, сарапшылар мен азаматтық қоғам өкілдерінің ұсыныстары негіз болды. Қазақстанның саяси жүйесін одан әрі дамытып, адам құқығын қорғау жүйесін жетілдіру үшін тың бастамалар көтеру өте маңызды. Сондай-ақ бұл саяси бәсекені күшейтеді, азаматтардың мемлекеттік саясатқа ықпал ету мүмкіндігін арттырады», – деді Тоқаев. Биыл шамамен тамыз-желтоқсан айларында кент, ауыл және ауылдық округ әкімдерінің тікелей сайлауы өтеді деген жоспар бары белгілі. Бұл еліміздің қоғамдық-саяси өміріндегі елеулі оқиға болары сөзсіз. Мемлекет басшысы 2024 жылы келесі қадам ретінде аудан әкімдерінің тікелей сайлауы өтуі керек деген пікірде. Осылайша, демократиялық қоғам орныға түседі. Сондай-ақ қос азаматтық мәселесі де айтылды. Бізде бұған тыйым салынғанымен, тіпті мемлекеттік қызметкерлерде де қос азаматтық барын Тоқаев атап өтті. Анықталған жағдайда, ондай қызметкерлер жұмыстан босатылатын болады.Жерді сатуға тыйым салуды тапсырды
Жер мәселесі айтыла қалса, дереу дауға ұласып кетеді. Осыған байланысты Президент мынадай нақты шешімдер ұсынды. Біріншіден, шетелдіктерге және шетелдік заңды тұлғаларға ауыл шаруашылығы жерлерін сатуға, жалға беруге заң жүзінде біржола тыйым салуды тапсырды. Бұл шетелдіктердің үлесі бар заңды тұлғаларға да қатысты. Тоқаев мұны жедел түрде жүзеге асыру керегін баса атап өтті. Екіншіден, бір айдың ішінде Жер реформасы жөніндегі комиссияны құрып, 25 наурызда жұмысқа кірісу керегін айтты. Комиссияның құрамына аграрлық сектордың беделді өкілдерін және жер мәселесін жетік білетін сарапшылар қосылуы керек. Үшіншіден, Үкіметке биылғы тамыз айының соңына дейін жер реформасының негізгі мәселелері бойынша ортақ мәміле арқылы түбегейлі байлам жасауға тапсырма берілді. Сәйкесінше, комиссия жұмысының әр кезеңі бойынша халықты хабардар етіп отырады. «Басты міндеттің бірі – комиссия жұмысының және шешім қабылдаудың мейлінше ашықтығын көрсету. Біз жерге қатысты қоғам тарапынан көтерілген барлық мәселені дұрыс және тиімді шеше аламыз деп сенемін. Бұл шешімдер, ең алдымен ел экономикасын дамытуға және азаматтардың тұрмыс сапасын арттыруға арналған. Ең бастысы, жер шетелдіктерге сатылмайтыны туралы түбегейлі шешім қабылданды», – деді Президент. Отырыс барысында осы сияқты ауқымды әрі маңызды мәселелер талқыланды. Елімізді жүйелі реформалауға қажетті нақты шаралар айқындалып, тиісті шешімдер қабылданды. Мемлекет басшысы егемендіктің 30 жылдық белесінде кез келген қиындыққа дайын болу керек екенімізді де атап өтті. «Еліміздің болашақтағы даму жолы осы сыннан сүрінбей өтуімізге байланысты. Біз жоспарлаған өзгерістерді ойдағыдай жүзеге асыруға күш-жігерімізді салуымыз керек. Барлық негізгі бағыттар мен салалар бойынша алға ілгерілеуіміз қажет. Бұл мақсатқа сындарлы және өзара сенімді диалогтың арқасында қол жеткізуге болады», – деді ол. Сонымен қатар жиында Қазақстан Республикасы Президентінің Көмекшісі Ерлан Қарин, сондай-ақ, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшелері Марат Шибұтов, Қайырбек Арыстанбеков, Эмин Аскеров және Максим Рожин сөз сөйледі.Айша ЕРСҰЛТАН