Әкімдік саннан шатасты
Әкімдік саннан шатасты
5,197
оқылды

16 қаңтар күні әлеуметтік желіде Алматы қаласы әкімдігінің блогерлер мен вайнерлер слетін өткізуге 814 миллион теңге жоспарлап отырғаны жарияланды. Ақпарат Zertteu Research Institute қоғамдық қорының Facebook-тегі парақшасына шығысымен желі қолдану­шыларының талқысына түскен.

«Достар! Парақшамызда «Сан-дерек» айдарын бастаймыз. Әр аптада бюджет, мемлекеттік сатып алу жоспарларынан түрлі қызық деректер жариялап оты­рамыз. Осы аптаның сан-дерегін қабыл алыңыздар! Алматы қала­сының қоғамдық даму басқар­масы биыл «Блогерлердің үлкен шоуы» атты жас блогерлер мен вайнерлер слетін өткізуді жос­парлап отыр. Бұл шараға 814 млн 642 мың теңге жоспарланған. Бөлінген қаржыға қарағанда, тарихи оқиғаның куәсі болатын сияқтымыз!», – делінген қордың жазбасында.

Әйтсе де, сол күні кешке қа­рай Zertteu Research Institute қоғамдық қоры осы тақырыпта екінші жазба жариялады. Онда қоғамдық қорға Алматы қаласы қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Ренат Бекбергенов хабарласып, мем­лекеттік сатып алу порталына қате ақпарат енгізіліп кеткенін мәлімдегені айтылды.

«Құрметті жазылушылар! Алматы қаласы қоғамдық даму басқармасы басшысының орын­басары Ренат Бекбергенов бас­қарма қызметкерлері «Блогер­лер­дің үлкен шоуы» лоты бо­йын­ша сатып алу жоспарын енгізу кезінде қате жазып жібергенін мәлімдеді. Адам факторы себе­бінен сатып алу шарасының негізгі сомасы – 14 642 857 тең­генің алдына байқамай 8 саны қойылып кеткен. Қазір мем­ле­кеттік сатып алу порталында «Блогерлердің үлкен шоуы» лоты бойынша ақпарат жаңартылып жатыр. Ренат Бекбергенов мырза қоғамның белсенді мүшелері мен Zertteu research institute ҚҚ мемлекеттік сатып алу жоспа­рын­дағы қатені түзеуге көмек­тескені үшін алғысын білдірді. Қате ақпарат бермеу мақсатында алдыңғы постты өшірдік. Қатені уақытында түзетуге сіздердің де үлестеріңіз көп. Белсенді болған­дарыңызға алғыс білдіреміз!», – делінген жазбада.

Әрине, кез келген жұмысты орындау барысында адам фак­торы орын алатыны белгілі. Қа­ғаз­ға жазылған санда қате кетуі – заңды құбылыс. Десек те, бұл біл­дей бір қаланың, анау-мынау емес, алып мегаполис Алматы қаласының атынан түскен тап­сырыс қой. Оның үстіне, бюд­жеттің ақшасы. Ал қазынаның қаржысы туралы есепте жаңы­лысуға жол жоқ.

Бәрінен бұрын блогерлер шоуының жоспарын мемлекеттік сатып алу порталына енгізбес бұрын, ол құжат қалалық әкім­дікте бірнеше басшының алды­нан өтіп барып, бекітілетіні анық. Егер Zertteu Research Institute қорының қызметкерлері порталға кіріп, анықтамағанда ол лот бойынша сатып алу жүр­гізіле бере ме?

Айтқандай, мемлекеттік са­тып алу порталына (www.goszakup.gov.kz) кіріп, 814 миллион теңгенің 14 642 857 теңге болып түзетілгенін көрдік. Алматы қа­ласы қоғамдық даму басқармасы БСН 190240006022 нөмірімен жоспарды енгізген. «Блогерлер­дің үлкен шоуы» лоты бойынша ақпаратта қаржыландыру көздері «бюджеттік қаражат есебінен, Үкіметтің сыртқы қарыздары немесе байланысты гранттары үшін бірлескен қаржыландыру қаражаттарын қоспағанда» деп жазылыпты.

 

14 млн аз ба, көп пе?

Бірақ 857 теңгесін қоспа­ған­да жоғарыдағы 14 млн 642 мың тең­генің өзі едәуір ақша ғой. Ол со­маға қанша вай­нер, қанша бло­гер шақырылғалы отыр? Жал­пы, «Блогерлердің үлкен шо­уы» атты жас блогерлер мен вай­нерлер слетінің жоспа­рымен таныссақ бола ма деген сауалмен Алматы қаласы қоғам­дық даму басқармасына телефон шалдық. Басқарманың сайтын­дағы нө­мірді теріп, Ренат Бек­бергеновті іздегенбіз, тұтқаны көтерген ер адам өзін «Айдар Есенбеков» деп таныстырды. Яғни, басқарма басшысы орын­басарының өзіне түскенбіз. Айдар Рахымжанұлы «блогерлер шоуына» жауапты адам қазір жоқ, сәлден кейін хабарла­са­танын айтып, телефон нөмірі­мізді жазып алды. Алайда хабар­ласқан жан болмады. Егер ал­дағы уақытта хабарласып, жос­парын таныстырып жатса, га­зетке жариялауға дайынбыз.

 

Блогерге бөлінген миллиондар

Жә, Алматының блогерлер шоуына шүйлігіп отырған жоқ­пыз. Бізге түсініксіз жағдай – әр өңірде жыл сайын осындай блог-тур, вайнерлер жиыны, шоу­лар­ды өткізуге деген құмарлық. Бас­қасын былай қойғанда, тек был­тырдың өзінде тұтас ел бо­лып вайнерлерге арналған «Жас­тар керуені» жобасын 203 млн теңгеге өткізіп, «Открывая Ка­захстан» атты әлем блогерлерінің форумын тағы 200 млн теңгеге жасап жыртылғанымыз есте. Халықаралық форумды өткізу­шілер әлемдік «жұлдыз блогер­лер» Қазақстанды әлемге таны­тады деп танаурап сұхбат та беріп жатты. Алаулап, жалаулап өткен екі шара да елге не пайдасын ти­гізгені әлі күнге жұмбақ. Әй­те­уір, екі шараға бюджет­тен 400 мил­лион теңгенің үстінде қаржы жұм­салды. Ал одан бөлек облыс әкімдіктері өз алдына блог-тур өткізіп жататыны біз үшін үй­реншікті жағдайға айналған.

Бір қызығы, халықтың салы­ғынан һәм қазба байлықтан жиналған бюджет қаражатының осындай шараларға жұмсалуын әкімдіктер де, жауапты министр­ліктер де түгел мемлекеттік са­тып алу порталы арқылы жүзеге асырады. Ал ол порталдағы рес­публикалық сатып алулар көлемін түгел бақылауға Есеп комитетінің мүмкіндігі жетпесі анық. Сондықтан азаматтық қоғамның мүшесі, әрбір тұрғын белсенді болуы керек-ақ.


Бауыржан.JPG     Бауыржан САБЫРБЕК