Шетелдік нөмірді шектеуге қарсы

Шетелдік нөмірді шектеуге қарсы

Орал қаласында жүр­гізушілер Үкіметтің шет­ел­дік нөмірі бар көлік­терді тіркеуге қатысты талаптарына қарсылық білдірді.

Олар Nur Otan партиясының бөлімшесіне барып, полиция департаменті мен мемлекеттік кірістер департаменті қызмет­керлерімен кездесті. Жүргі­зу­шілер көліктерді тіркеу құны өте қымбат екенін айтып ша­ғым­данды. Олар мемлекет бір­неше жыл бойы шетелдік нөмірі бар көліктерді әкелуге кедергі жасамай, кедендік рәсімдеу ту­ралы жақында ғана хабар­ла­ға­нына наразы.

Мемлекеттік кірістер коми­теті өкілдерінің уәжіне сенсек, кедендік тазарту сомасын ме­кеме сайтындағы калькуля­тор­дың көмегімен есептеуге бола­ды. Ал жүргізушілер «көлікті рәсімдеу бағасы көлік құнымен бірдей» дейді.

«Жол ережелері туралы» заң бойынша шетелдік көліктер 10 күн ішінде тіркелуі керек. «Еу­ро-4» стандартына сәйкес кел­мейтін көліктерді ғана тіркеуге рұқсат жоқ.


Айта кетейік, 16 қаңтарда Ақтөбеде шетелдік нөмірі бар көлік иелері кедендік рәсім­деуді жеңілдетуді талап еткен еді. Дәл осындай наразылықтар Ақтау, Жаңаөзен мен батыс аймақтағы басқа да қалаларда өткен.

Сондай-ақ кеше сағат 10.00-ден бастап Маңғыстау облысы Полиция департаменті әкім­ші­лік полиция басқармасы басты­ғының орынбасары Facebook және Instagram парақ­шалары арқылы тікелей эфирге шығып, жүргізушілерді толған­дырған сауалдарға жауап берді.

Ішкі істер министрлігінің дерегіне сүйенсек, қазір Қазақ­станда шетелдік нөмірі бар 170 мың көлік жүр. Олар Армения, Қырғызстан, Беларусь пен Ре­сейден әкелінген. Заң бойынша тіркелмеген көліктерді жүргіз­ген азаматтарға айыппұл са­лы­нады немесе көліктері айып тұ­рағына қойылады. ІІМ өкіл­де­рінің пікірінше, шетелдік нө­мірі бар көліктер ресми тір­кел­мегендіктен, «жауапкер­ші­лікті» сезінбейді және жол ере­жесін бұзса да, бақылау ка­ме­раларына түспейді екен.


Айдар ДӘУІТҰЛЫ