Қарағанды қаласында 2 000-нан астам оқушыға мектепте берілетін тегін тамақ тоқтатылды. 2020 жылдың 1 қаңтарында елімізде атаулы әлеуметтік көмектің жаңа форматы енгізілгені белгілі. Осыған орай, бұрын тағайындалған атаулы көмек күшін жойды, сәйкесінше аз қамтылған отбасылардың балалары енді мектепте тегін ыстық тамақпен қамтамасыз етілмей отыр.
Тұңғышбаева Диана – бес балалы ана. Қарағанды қаласы Сұрыптау ауданында жатақхана жалдап тұрады. Мектепке үш баласы барады. Қысқы каникулдан кейін Диананың балаларына мектепте тегін тамақ берілмейтін болыпты.
«Атаулы әлеуметтік көмек 2019 жылдың сәуір айынан 2020 жылдың сәуір айына дейін беріледі» деп жұмыспен қамту орталығымен бір жылға келісімшартқа отырған едік. Аяқастынан қаңтар айының 1-нен бастап тоқтатты. Үкімет келісімшартты біржақты бұзды. Халықтан сұраған жоқ. Жалғыз мен емес, Қарағанды облысындағы 6 мыңға жуық адамның атаулы әлеуметтік көмегі осылай аяқ астынан тоқтатылды. Жақсы, заң қабылданып қойды. Енді оған мектептен берілетін тегін тамақтың қатысы қанша? Жылда тегін тамаққа құжатты қыркүйекте тапсыратынбыз, сосын ол мамыр айына дейін үзбей берілетін. Қыс ортасында қаңтарда тоқтатып тастады. «Атаулы әлеуметтік көмек тағайындалғаны туралы анықтама әкеліңдер» дейді. Оған қайта құжат тапсырдым, енді комиссия келу керек, оны тағы он шақты күн қарайды, Үкімет бекітеді. Сөйтіп жүргенде қаңтар бітеді. Ал менде 3 оқушы бар. Үшеуіне күнде тамаққа ақша беру отбасы қаражатына әжептәуір салмақ салады. Менің бір жастағы балам бар. Құжат жинайын десем, баламды қалдыратын адам керек. Бұл туралы мектеп каникулы кезінде ескертсе, мұндай әуре-сарсаң болмайтын еді. Балалар сабаққа шыққан кезде бір-ақ білдік. «Бастауыш сыныптың барлығына тегін тамақ беріледі» дегені қайда?» дейді көпбалалы ана.
Қалалық білім бөлімінің басшысы Гүлсім Қожахметованың айтуынша, барлығы заң аясында. Мектепте берілетін тегін ыстық тамақ бірнеше категориядағы отбасылардың балаларына беріледі. Оларға АӘК алатын отбасылар, асыраушысыз қалғандар мен жетім балалар, көпбалалы және аз қамтылған отбасылар жатады. Бұл жолы АәК алып отырған отбасылардың оқушыларына ғана тегін тамақ тоқтаған. Қалған категория бойынша тамақ беріліп жатыр.
– Нормативтік құжаттардағы өзгерістерге сәйкес, 2019 жылы қолданылған атаулы әлеуметтік көмекті тағайындау жөніндегі барлық шарттар 2019 жылдың 31 желтоқсанынан бастап күшін жойды. 2020 жылдың қаңтар айынан бастап атаулы әлеуметтік көмек тағайындау ережесі және заңына (ҚР 26.12.2019 ж. №287-VI Заңына) сәйкес жаңа форматта атаулы әлеуметтік көмек енгізілген. Аталған жаңа форматтағы атаулы көмек тағайындау барысында кепілдендірілген әлеуметтік пакет қарастырылған. Қазіргі уақытта білім ұйымдарында атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылардың және көпбалалы отбасылардың балаларына әлеуметтік көмек көрсету және тегін тамақтандырумен қамтамасыз ету үшін қажетті құжаттарды жаңарту жұмыстары жүргізілуде. Сондықтан бүгінгі күні тегін ыстық тамақпен қажетті құжаттарын жаңартып тапсырған отбасылардың балалары қамтылған. Осыған байланысты көпбалалы отбасыларға және атаулы көмек алатын отбасыларға құжаттарын жаңартуды ұсынамыз, – дейді білім бөлімінің басшысы.
Қарағанды қаласында тегін тамақ ішіп жүрген 5 мыңнан аса оқушының 2 мыңға жуығына тамақ беру уақытша тоқтатылды. Бұл оқушылардың ата-аналары жалақылары күнкөріс шегінен төмен екенін дәлелдейтін құжаттар тапсыруы қажет. Яғни, жалақы, жәрдемақы, алимент, т.б. кірістерді есептегенде, отбасы табысы әр жанға шаққанда 29 мыңнан аз болса тегін тамаққа ілігеді.
Қарағанды облысында 2019-2020 оқу жылында тұрмысы төмен отбасылардың оқушыларына тегін тамақ, киім-кешек, кеңсе тауарларына, лагерьге жіберу мақсатында 1,4 млрд теңге бөлінді. Қарағанды облысында 2019 жылы бұл мақсатқа бөлінген қаржының 556,8 млн теңгесі 20 297 оқушының ыстық тамағын ұйымдастыруға жұмсалды.
Жаңа форматты атаулы әлеуметтік көмек мектепте тегін тамақ ішетін оқушыларды ғана әуре-сарсаңға салған жоқ, жеңілдікпен ипотека алғандарға да әсер етуде.
Көпбалалы ана Назгүл Рашеваның баласы да мектептегі тегін тамақтан қағылды. Өзі жас баламен үйде, жолдасы жұмыс істейді. Биыл бұл отбасы «Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша 2 пайызбен ипотекаға пәтер алды. Бірнеше жыл үй кезегінде тұрған жас отбасы үшін бұл – үлкен қуаныш. Несиеге кепіл болған адамның зейнет жасы жақын болғандықтан, ипотека аз жылға берілді. Айына 100 мыңнан төлеу керек. Өңір үшін де, жас отбасы үшін де бұл аз ақша емес. Бала өсіп, жұмысқа шыққанша, атаулы әлеуметтік көмек ипотека төлеуге себеп болар деп ойлаған. Үміті су сепкендей басылды. Ипотеканың алғашқы жарнасы үшін қала әкімдігі берген 1 млн теңгелік сертификат АӘК тағайындар кезде табыс болып есептеледі. «Былай тартса өгіз өледі, былай тартса арба сынадының» кері. Аз қамтылған отбасыларға берілген ипотеканың АӘК алуға кедергі болуы жас отбасын таңғалдырып отыр.
Ләззат ҚОЖАХМЕТОВА,
Қарағанды облысы