Соңғы күндері республикалық кейбір ақпарат агенттіктері Қызылорда облысы аумағында Сырдария өзенінің деңгейі қауіпті мөлшерге дейін көтерілгені жөнінде мәлімет таратты. «Бұл ақпарат негізсіз» деді мамандар аталған мәселеге қатысты өткен брифингте.
– Республикалық ақпарат агенттігінің бірі 9 қаңтарда «Қызылорда» су торабынан өтіп жатқан су мөлшері 704 текше метр құрайтынын хабарлап, нәтижесінде облыс орталығына қауіп төнуі мүмкін екенін алға тартты. Дегенмен ол деректің ешқандай негізі жоқ екенін мәлімдейміз. Қазір «Көксарай» су реттегіші 14 қаңтардан бастап секундына 200 текше метр су қабылдауда. Ол бұған дейін 100-150 текше метрді құраған болатын. «Шардара» су қоймасынан облыс шекарасына дейін секундына 480 текше метр су келуде. Ал «Қызылорда» су тоспасынан төменгі ағысқа секундына 340 текше метр су өтуде. Айта кетерлігі, қазір Арал, Қазалы аудандары мен Қармақшы ауданының кейбір бөлігінде өзенде мұз ұстасып тұр. Жалағаш, Қармақшы аудандарында сеңнің жүруі 35-40 пайызды құрайды. Дария деңгейі тұрақты бақылауда. Тиісті мекеме мамандары күн сайын кезекшілік ұйымдастырып келеді. Облыста су басу қаупі бар 56 учаске белгіленген. Бұл нысандарда 126 мекеме бойынша 1 359 адам кезекшілік жасаса, 411 техника дайындалған, – деді облыстық жұмылдыру дайындығы басқармасының басшысы Асылбек Шәменов.
«Апат айтып келмейді» десек те, тосыннан келетін жағдайлардың алдын алу маңызды. Сондықтан елімізде халықтың қауіпсіздігі басты орынға қойылып, осы бағытта біраз шаруа атқарылуда. Алдын алу шаралары мемлекетке материалдық тұрғыдан айтарлықтай шығын әкелмейді. Дер кезінде іс-әрекет жасап, бір кісідей жұмыла кірісу қауіпті еңсереді.
Сыр өңірінде ауыт-ауыт қар мен жаңбыр жауып, тұрғындарды әбіржітіп тұр. Ал көктем шыға қар суы қосылып еріп, суы тасу қаупі артады. Сырдарияның «мінезі» таныс. Жыл сайын бір қорқытып қояды. Басқарма басшысы Асылбек Шәменовтің айтуынша, соңғы 4 жылда ұзындығы 139,3 шақырымды құрайтын қорғаныс бөгеттерінің 104 қауіпті учаскесінде жөндеу, қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді. Облыс бюджетінен бөлінген қаржы есебінен Арал, Қазалы, Қармақшы, Жалағаш, Сырдария, Шиелі аумақтарында қауіпті деген қорғаныс бөгетінің 26 учаскесіне жөндеу жұмыстары жасалуда. Дәл қазіргі кезде 21 учаскеде жұмыс аяқталып, қалған 5-де жалғасуда. Сырдария өзенінің табанын тазалау және қорғаныс бекетін салуды көздейтін құны 10,9 млрд теңгені құрайтын 3 ірі жоба әзірленді. Республикалық бюджеттен қаржыландыру мақсатында аталған жобалар облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуының кешенді жоспарына енгізілді. Осыған байланысты 2020 жылғы республикалық шығыстардан қаржы қарастыру бойынша жұмыс қарастырылуда. Жобаларға тоқталар болсақ, «Су басу қаупін болдырмау мақсатында Қызылорда қаласының шегіндегі Сырдария өзенінің арнасын тазалау» жобасына 5 млрд теңге қажет. 11 шараны қамтитын «2017-2020 жылдардағы Қызылорда облысындағы су тасқынының алдын алу және жою бойынша кешенді шаралар» жобасына 4,5 млрд теңге керек болса, оның 3-і – САРАТС-2 жобасының компоненттері. Ал соңғы жоба – «Қызылорда облысының басқару органдары мен халқын құлақтандырудың кешенді жүйесін құру». Жобада 124 елді мекенге бір тетікпен басқарылатын 167 дауысты қондырғы орнату және цифрлы телеарналарға қосылу жабдығын орналастыру қарастырылған. Оның құны 1,4 млрд теңгені құрап отыр.
Жалпы, облыс аумағында 56 су басу аймағы белгіленіп, оған 425 арнайы техникасы бар 111 мекеме бекітілген. Соған сәйкес, су тасқыны кезеңінде көктемгі сең жүру аяқталғанға дейін тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырып, өзен арнасына мониторинг жұмыстары жүргізіледі. Облыс аумағында төтенше жағдайдың алдын алу мақсатында «Қазавиақұтқару» АҚ-ның 2 тікұшағы дайын. Мұз жару жұмыстарына және қап сатып алуға қажетті қаржы мәселесі шешілді. Су тасқыны кезінде халықты эвакуациялау үшін 79 эвакуациялық жинақтау және 99 эвакуациялық қабылдау пункті әзір тұрады. Су тасқынына қарсы іс-шаралар аяқталғанға дейін азаматтық қорғаудың барлық қызметі күшейтілген жұмыс режиміне көшіріледі.
Миуа БАЙНАЗАРОВА,
Қызылорда облысы