Сал ауруына ем бар ма?
Сал ауруына ем бар ма?
886
оқылды

Гүлзира Жұмабекқызының 2 баласы да церебральды сал ауруымен ауырады. Кейіпкеріміз карантиннің тұсау болғанын, оңалту орта­лықтарына бара алмай жүргенін айтады. Оның үстіне, әкімдік емдеуге беретін жеңілдіктерін қыс айларында үлестіреді екен. Сондықтан ана лажы болса ақылы емдеуге жүгінеді. Балалар цереб­ральды сал ау­руынан толығымен айығып кете ала ма? Оңалту ша­расынан оң әсер бар ма?

«40 мың теңге берсең, кесарь тілігін жасаймыз»

Кейіпкеріміз қызын елордадағы №3 перзентханада босанған. Оның ай­туынша, босану процесі түнгі сағат  00.00-ден түскі сағат 13.00-ге дейін жалғасқан. Дәрігерлер Гүлзира Жұмабек­қызына толғақ шақыратын ине салумен әбігерге түскен. Сайып келгенде, кейіп­керіміз өздігінен босануға мүм­кіндігі жоқ екенін кейін білген. Ал аку­шерлер болса, әйелді қинап, босандырып алған. Салдарынан қызы вакууммен туылып, артынша сал ауруына шал­дыққаны анықталған. Қазір қызының мойны ұстамайды, не отыра алмайды, не сөйлей алмайды. Толғақ шақыру кезінде дә­рігердің «40 мың теңге төлесең, кесарь тілігін жасаймыз» дегені есінде қалған. Оған жалбарынып, «ертең айтқан ақ­шаңды әкеліп беремін» десе де, дәрігер ота жасамаған. Гүлзира Жұмабекқызында «сол кезде қызымды кесарь тілігімен босанғанымда ауру болмас па еді» деген өкініш бар. Қазір ұлы мен қызын мүмкіндігі жеткен жердің бәріне апарып, емдетіп жүр. «Ұлымды кесарь тілігімен бо­сандым. Бойымда қорқыныш болды. Босанған соң дәрігерлерге бірден «балам мүгедек болмайды ғой?» деп сұрадым. Олар уайым­дауға себеп жоқ екенін айтты. Бірақ баламның түрі, қарағаны көңіліме күдік ұялатты. Не дегенмен ана жүрегі бәрін сезеді. 9 айға толғанда баламның дамымай жатқанын байқадым. Бірден дәрігер көмегіне жүгіндім. Тексере келе ұлымның миында су жиналғанын айтты. Сөйтіп, ДЦП диагнозы қойылды. ЛФК түрін, массаж жасатып жүріп, баламды аяққа тұр­ғыздым. Алайда ұлым ызақор, өзін-өзі ұрып тастайды. Анық сөйлемейді. Құла­ғында бір кемшілік бар ма деп ойлаймын. Наурыз айында психологтің қабылдауына жүгінемін. Өйткені ау­руханада ұлыңызда аутизм бар-жоғын тексертуім қажет екенін айт­ты», – дейді Гүлзира Жұмабекқызы. Бұрын Шортанды елді мекенінде тұратын отбасы екі баласы үшін Нұр-Сұлтан қаласына көшіп келген. Кейіп­керіміз ұлының әкімдік тарапынан 3 ай сайын ЛФК жаттығуларын алатынын, бассейн мен ипподромға баратынын айтады. Әрі дәрігерлер қызының бір аяғынан екінші аяғы қысқа екенін айтып, темір қойдыруын сұраған. Операция ойдағыдай өткенімен, темірдің сүйекке бітуі оңай соқпай жүр.

Жоспарлы жүктілік қатердің алдын алады

Осы тұста, ауруға шалдығуға дәрі­герлердің қателігі бары-жоғын ортопед-дәрігер Жомарт Базарбекұлынан сұ­радық. Оның айтуынша, бұл аурудың анықталған және анықталмаған се­бептері бар. Анықталған себептеріне жүктілік кезіндегі инфекциялар, әйел бойындағы анемия, босану кезінде гипоксия, мойын­ның қысылып қалуы жатады. Ең бастысы, мида сұр зат бар. Мидың сұр затына оттегі жетіспегенде бала зардап шегеді. Салдарынан ми­шыққа зақым келеді. Яғни, мишық тірек-қимыл жүйе­сіне жауап береді. Мишық қалыпты жұмыс істемесе, тепе-теңдікті ұстап, қимыл-қозғалысты реттей алмайсыз. Мұндайда церебральды сал ауруына шалдыққан балаларға терапия түрлері таптырмас ем. Байқағанымыз, баласына ДЦП диагнозы қойылған аналар терапия түрлерін дәрігерлерден кем білмейді. Мәселен, жалғызбасты ана Мөлдір Түй­базарованың егіз қызы спастикалық деп­легияға шалдыққан. Олар Қазалы ауданында тұрады. Қалаға барып-келу жалғызбасты анаға салмақ салады. Сондықтан ол терапия түрлері мен ЛФК-ны үйде жасайды. Реті келсе, Қы­зылордадағы «Таусуат» оңалту орта­лығында ем-шара жасап, елордаға келіп тұрады. «Елордадағы республикалық оңалту орталығы көңілімнен шықты. Оңалту емдерін жылына 1 рет аламыз. Квота берілетін уақытты күтеміз. ЛФК кезінде балаға команда беріп, отырып-тұрғызып үйретеді. Созу жаттығуын жасайды. Білуімше, балаға 3 жасқа дейін мон­тессори педагогикасын бойына сіңіру керек. Бұл саусақтың моторикасын жақ­сартады. Ойын мен еңбек тера­пиясының да маңызы зор. Әсіресе, ойын тера­пиясында қуыршақты киіндіріп-ше­шіндіріп қолын икемге келтіреді. Ал еңбек терапиясында өзін қоғамдық ортаға бейімдеу мақсатында аяқкиімінің бауын байлатып үйретеді. Мысалы, мотомед дейтін аппарат бар. Соған ба­ланың аяқ-қолын байлап, құрылғыны тоққа қосады. Белгілі уақытқа қояды. Бала өзі айдап келе жатқандай сезі­неді», –дейді жал­ғызбасты ана. Иә, білгенге терапияның түрі көп. Ел арасында инетерапияның це­ре­­­б­ральды сал ауруын емдеуде көмегі тие­тінін айтады. Мәселен, Мөлдір Түй­базарова 2019 жылы Ал­матыдағы «Ма­қсат мед» клини­касында қыздарын емдеудің бір кур­сынан өткізген. Оның айтуынша, 15 күндік емге 500 мың теңге жұмсаған.

Ауруды толықтай емдеу мүмкін емес

Церебральды сал ауруын емдеу үшін оңалту орталықтары ауадай қа­жет. Осы орайда №1 көпбейінді қала­лық балалар ауруханасының жанын­дағы «Қам­қорлық» оңалту орталығына ха­­­­бар­ластық. Орта­лықтың жетекшісі Алина Сағын­тай­қызының айтуынша, мұнда емдік дене­шынықтыру залы, бальнеологиялық, сенсорлық, ин­терактивті, шунгитті және тұзды бөл­ме­­лер мен механотерапия кабинеті бар. Алина Сағынтайқызы орталықтың жылына 600 баланың ем-шара қабыл­дауына жағдай жасайтынын айтады. Жоғарыда аталған терапиялардан бөлек, баланың жан тыныштығы да маңызды екен. Орталық жетекшісі алдымен ата-аналарға баласының ешқандай баладан кем емес екенін барынша түсіндіруге шақырады. Ана мен баланың көңіл күйі тұрақты болып, бала оңалту жаттығулары кезінде эмоциясын шығара алса, ем қонады. Қарапайым құм терапиясы жайлы естуіңіз бар ма? Аталған диагноз анық­талған баланың құмды ары-бері қозғауы оған үлкен көмек. Жалпы, балаларға жануарлармен, табиғатпен етене ара­ласқан оң әсер етеді. Мәселен, иппо­терапия кезінде ат үстіндегі бала өзін ер­кін сезініп, анасынан басқа біреуге сүйене алатынына қатты қуанады. Бірақ бұл жаттығу түрінде немесе сейілдеу үшін емес, нақ­ты иппотерапия болуы керек. Өйткені аттың балаға жанасқаны, оның энер­гия­сын сезгені үлкен қуат береді. Шетелде мұн­дай ауруға шалдыққан балаларды дельфин терапиясымен емдеп жатады. Ал баланың құлантаза жазылып кетуі мүмкін бе? «Қараңыз, ДЦП диагнозы бар балалар толығымен жазылып кете алмайды. Өйткені оның бойында спастика қалады. Бірақ үзбей жүргізілген ем-шара нәти­жесінде олар кәдімгі баламен тең дәрежеде сауыға алады. Сіз бір қарағанда балада ДЦП барын аңғар­май қалуыңыз мүмкін. Алайда невролог дәрігер тексеру кезінде балада ауытқу барын анықтай алады. Біз олардың қолы аузына жеткенін қалаймыз. Жалпы, церебральды паралич кезінде ми қызметі бұзылады. Мидың сау жасушаларын ары қарай жетілдіруге тырысамыз. Олардың сау баладан еш­қандай айырмашылығы жоқ. Тек уа­қытында ем-шара қабыл­­­дағаны жөн», – дейді Алина Сағын­тайқызы.

Ауырмайтын жол бар ма?

Қай кезде де аурудың алдын алуға болады. Сондықтан уақытында әрекет жасау керек. Мұны дәрігер Жомарт Базарбекұлы да қолдап отыр. Әйел көбіне жүкті болғаннан кейін бойдағы аурудан арылуға тырысады. Дәрігердің айтуынша, бұл – дұрыс емес. Жүктілікке дейін ем­делу керек. Одан қалса, жүкті әйелдер қи­мылдамай, бір орында отыруға әуес. Ал қимылдамау қанай­­­­налым жүйесінің бұзылуына, оттегі жетіспеуі мен бұлшық еттің әлсіздігіне әкеледі. Айналып кел­генде, әйелдер өздігінен босана алмай жатады. Себеп – бұлшық еттің әлсіздігі. Мұны қатайту үшін жиі жаттығу жасап, қимыл-қозға­лысты көбейту қажет. Сонда ана мен баланың денсаулығында кінәрат бол­майды. Оған қоса, дәрігерлердің айтуынша, ДЦП-ға диагностика жасау оңай емес. Сондықтан бала бойындағы кемшілікті бірден байқау керек. Мәселен, бала 4 айында дыбысқа басын бұрып қарамаса, 7 айында ешкімнің көмегінсіз отыра алмаса, 12 айында сөйлемесе дәрігердің көмегіне жүгініңіз. Сондай-ақ 12 айында бала кез келген қимылды бір қолымен жасаса, көзінің қыли екенін байқасаңыз, баяу қимылдап, жүрмесе ойланғаныңыз жөн. Өйткені ата-ананың көпшілігі ДЦП диагнозын кеш анықтап, емдеуге ке­шірек кіріскенін айтады.

Айзат АЙДАРҚЫЗЫ