Аталмыш оқу ордасында әлемнің 19 мемлекетінен 40 астам ұлт өкілдері білім алып жүр
Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті Ерекше мәртебеге ие болды. Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің ұжымы Ерекше мәртебенің берілу құрметін үлкен ризашылықпен, ыстық ықыласпен қабылдады.
Осыған орай бүгін университеттің Мәдениет орталығында Қожа Ақмет Ясау атындағы ХҚТУ ректоры Болатбек Абдрасилов мырза Мемлекет басшысы Қ. Тоқаевтың Жарлығын ұжымға таныстырды.
Айта кету керек, бүгінде 10 мың білім алушысы бар, әлемнің 19 мемлекетінен 40 астам ұлт өкілдері білім алып жүрген Университет Елбасымыз Н.Назарбаевтың тапсырмасымен рухани астанамыз – Түркістан қаласын өркендету мақсатында 1991 жылғы 6 маусымда Қожа Ахмет Ясауи атындағы Түркістан мемлекеттік университеті болып құрылды. Ал «Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті етіп қайта құру туралы» келісімге араға жыл салып, яғни 1992 жылғы 31 қазанда Елбасымыздың бастамасымен сол кездегі Түркияның премьер-министрі С.Демирелдің қолдауымен құрылған болатын.
Осылайша, Ахмет Ясауи университеті – түркі тілдес мемлекеттер арасында халықаралық мәртебеге ие болған тұңғыш білім-ғылым ордасы атанды.
Ерекше атап өтерлігі, оқу ордасының құрылғалы бері 30 жылға жуық уақыт ішінде бұл оқу ордасында 77 585 түлек оқу бітірген.
Университет ұжымының алында сөйлеген университет ректоры Б.Абдрасилов:
«Екі мемлекеттің шешімімен құрылған оқу ордамыз киелі Түркістанда ашылуының өзі тарихи орны бар. Біздің университет негізін Ясауи ілімдерінен алатын, сол кездегі медреселердің жалғасы деп қарасақ та болатын сияқты. Университетіміз Елбасы, Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Жарлығымен ашылды, еліміздің Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2020 жылғы 15 қаңтардағы Жарлығымен ерекше статусқа ие болып отырмыз. Мемлекет тарапынан биылғы білім мен ғылымның дамуына қолдау көрсетілуде. Университетіміздің алдына қойған міндеттер мен жоспарларды жүзеге асыруда берілген тапсырмаларды уақытында сапалы орындауымыз керек», - деп осы уақытқа дейінгі атқарылған жұмыстарға оң бағасын беріп, алдағы атқарылар істерге сәттілік тіледі.
Университет халықаралық корпоративтік басқарудың бірегей жүйесіне- Үкіметаралық өкілетті кеңеске, Сенатқа және Басқарушы кеңеске ие. Білім беру қазақ, түрік, орыс және ағылшын тілдерінде жүргізіледі. Бүгінгі күні әлемнің бірде-бір мегаполисі бірегей мазмұнмен толтырылған және сұранысқа сай кәсіби мамандар даярлауды дамытудың бағыттарын анықтайтын ғылыми және білім беру мекемесі болмаса, экономикалық орталық бола алмайды. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бұл мәселеге, яғни, білім беру сапасын арттыруға, оның халықаралық стандарттарға сай болуына, ғылым мен білімнің интеграциясына баса назар аударып отыр. Бұл, әсіресе, түркі әлемінің мәдени-рухани орталығы болу және Түркістан облысының білім беру - ғылыми хабы ретінде даму міндеттері тұрған Түркістан қаласы үшін өте маңызды. Университеттің ерекше мәртебесі оған үлкен академиялық және басқарушылық дербестік бере отырып, Ph.D. философия докторы мен сала бойынша доктор дәрежесін тағайындауға, білім беру бағдарламаларының мазмұнын анықтауға және жеке үлгідегі дипломдарды беруге мүмкіндік жасайды. Білім беру грантының құны да артатын болады. Бұл профессорлық-оқытушылық құрамның жалақысын арттыруға және материалдық-техникалық қамтамасыз етуді жаңартуға мүмкіндік береді. Бұл шаралардың барлығы университетке ғылыми және педагогикалық кадрларды тартуға, осы аймақтың дамуына серпін беріп, оның алдына қойылған мақсаттарға жетуге ықпал ететін болады.