Кәсіпкер болдым, мінеки...
Кәсіпкер болдым, мінеки...
145
оқылды
Табақтай дипломды қалтаға басып, екі қолға бір күрек таппай сарсылып жүрген көңілсіз күндердің бірінде туысқаным Тұрсынбек тосын ақыл айтты. Қазір біреуден қарыз алғаннан ақыл алған арзанырақ. Сосын біздің халық ақыл айтқанға келгенде алдына жан салмайды емес пе? – Ех, досым, дипломды басыңмен далбасалап далада қалыпсың. Қазір мың дипломын болса да «көкесіз» қызмет табу қиямет. Сен одан да кәсіпкерлікпен айналыс. Жұрттың алып жатқан несиесін сенің де алуына болады. Құдайға шүкір, бізде жер жетеді. Малды адам жалды адам. Біреуге күжірейтіп жал көрсетіп жүру де бір бақыт. Ата-баба кәсібі, мал асыра. Екі-үш жылдан соң мұрныңнан қара құрт түсіп, шырт түкіріп тұрмасаң маған кел!-деген ақылы қолыма қонған бақ құсындай сезілді емес пе? Сонымен, қажет құжаттарды қолтық­тап қарағайдай мекемелердегі Толағайдай ағалардың алдына арсалаңдап жетіп бардым. «Ана құжат қайда?» деді түксиген төр иесі. «Мына құжат қайда?» деді есіктегісі. Зыр жүгірдім. Таптым. Олар бәрібір тиісті қаржыны қолыма ұс­татпады. «Оқы» деген жеріне барып оқып келдім. «Шоқы» деген жерін шоқып келдім. Бәрібір тас емен ағайлардың түстері жібитін емес. – Ақымақ, олардың қолдарына бір­деңе қыстыру керек,-деді ақылшым. Қыстырдым. Мұнан соң құжатқа қол қоятындардың барлығына шүлен үлес­тіріп шықтым. Оларда заң солай екен. Сарсылтып барып қаржы қолға тиді-ау ақыры. «Үйдегі көңілді базардағы нарық бұзады» дегенді естуші едім. Сол сөз  сөз-ақ екен. Көңілім нілдей бұзылды. Бұзыл­май қайтеді, несиеге алатын қаржым қора салуға да, мыңғыртып мал алуға да еркін жететін сияқты еді.  Кәрі ешкінің жүнін сыпырып алып қалатын шеңгел сияқты жол-жөнекей жұлмалап үлес алып қала­тын жарылқаушыларым түгімді қал­дырмапты. Еркек біткеннің ашуын әйелінен алатын әдеті бар емес пе? Сол күні сүйіп қосылған қосағымның қойыр­тпағын ақтарыппын. Көрінгенге тиіс­іп,жынданып кетуге шақ қалыппын. Сөйте тұра ақылшы ағам тіршілігімді көрмек болып  келгенде «мен кәсіп ашамын» деп мақтаныппын. Қатекең екеуіміз қолға түскен қаржы­ны әрі санап, бері санап  қотыр ешкі құнына да жеткізе алмадық. Не істемек керек? Қарызды қайтармасаң қараң қаласың. Тиісті мекемелерге «мынаны қатырып жатырмын» деген есеп беруің де керек екен. Ой түбіне жете алмай есуастар еліне сапар шеккелі отырғанымда шашы ұзын, ақылы қысқа қатекем ұсыныс айтты. – Еркексің ғой. Езілме. Мына қар­жыға базардан балапан сатып алып өсіруге болады. Кейін тауық көбейгенде жұмыртқасын сатамыз. Жүнін сатамыз. Бүгінде тауық еті таптырмас ем. Бүйенінде бүйісі барлар тауық сорпасын ішеді. Бізге бұдан бөлек бизнестің реті де орайы жоқ,-деді  жанторсығым. Қазір аулам шүпірлеген балапанға толы. Сап-сары балапандар шиық-шиық етіп шауып жүреді. Құйтақандай түрлеріне қарамай өз несібелерін тауып жүреді.  «Олар тапқан несібені мен неге тап­паймын?»  деп ұзақ-сонар ойға шомамын.  Әйелім айтпақшы, еркек емеспін бе, еңсемді көтерейін. Мына балапандар аман болсын. Бұлар аман болса мені әлі талай шыңдарға шығарады. Не дегенмен, бүгінде кәсібім бар. Үйге келгендерге «кәсіпкер болдым,мінеки» деп шіренемін. Осы шіренісімді шөжелер жақтырмайды-ау шамасы, шиқылдаулары көбейіп барады...

Сабырбек ОЛЖАБАЙ