Ізгілік іздері
Ізгілік іздері
238
оқылды
Орта есеппен жеңгеннің образы осы­ның ішінде. Бүкіл билікті қолына ұстат­қаныммен, әрине, оқта-текте: «Еркек үйдің ханы, қатын – үйдің сәні, смотри!» – деп оқыранып қоятыным ба-а-р. Үйдің, түздің тіршілігін алып жүру, мемлекет басқару оңай ма. Анда-санда жаны қина­лып, торсаңдап бара жатса, шегіне қоямын. Туған күні мен 8-наурызда тоңқандап еден жуып тастаймын, күйдіріп-жандырып палау пісіремін. «М-ға» деп өлең арнаймын. Бір құпиямды аша кетейін: жеңгеңнің қолына өмірі ірі ақшa ұстатып көргенім жоқ. Ірі ақшаларды майдалап әкелемін. Ірі ақша майдаланса, көзге көп көрінеді? Құй нан, құй нанба, бұл орынбасардың тірлігі осы. Сұп-сұр әңгімені соза бергенше деп, бір жағынан көңілді әңгімеге бұрылдым. Қалай қабылдадың, «прием?» – Адам болғасын ойға алған шаруасын тындыруға тырысып бағады. Ұмтылады. Жүгіреді. Әрекеттенеді. Бірақ өзінен зор шыққан қарсыластарымен күресуге шамасы жетпей шаршайды. Шалдығады. Жүні жығылады. Тауы қайтады. Мұндайда не істеу керек? Американың бұрынғы президенті Теодор Рузвельт: «Қарсы­ласыңды тобықтан қағып топ еткізіп жеңе алмасаң — онымен тіл табысып, тізе қос», – деген екен. Сіз де талайлармен күрестіңіз. Тірестіңіз. Сонда сынбас үшін иіліп немесе жұмыс барысында «қас-дұшпан­дарыңызбен» қайтадан ауыз жаласып кеткен сәттеріңіз болды ма? – Жеңіске жету өлген-тірілгенге қарамай өңмендеп, тек алға қарай ұмтыла беру ме? Үлкен жеңістерге жету үшін кішігірім жеңілістерге жол беретін ақылды шегіністер де бар ғой. Ондай тактика өз басында болды ма, жоқ па? Өз басымда?.. О-о, қаншасы керек! Жүз... Жүз елу... Мың... Онсыз оққа ұшасың! Менің түсінуімше, Рузвельттің айтқаны тактика емес, мораль. Ол күресуге, айқасуға шамаң келмей ме, жүрексінесің бе, онда о жақ-бұ жағыңды былғама дейді. «Тізе қос», «тіл табыс» дегені, айналып келгенде – ымыра. Ал ымыраға келудің бәрі ауыз жаласу ма? Бұл сенің сауал-сұрағыңның бір қапталы. Басқа жағынан келсек, мақсат-мұратсыз, нысанасыз екібастан адам жоқ. Мақсат-мұрат, нысанаға жету жолында немесе адал өмір сүру үшін адам баласы не көрмейді. Бір сәт Лев Толстойға жүгінейік. Ол: «...чтобы жить честно, надо рваться, путаться, биться, ошибаться, начинать, – и бросать, и опять бросать, и вечно бороться. А спокойствие – душевная подлость...» – деген. Солай, өмір – алыс-жұлыс, арпалыс. Жеңесің, жеңілесің. ... Әрине, бақыттымын бір есептен, Сол үшін бейнет кештім тілерсектен. Көп кірдім көп майданға күжірейіп, Жеңейін, жеңілейін – дұрыс еттім! Жеңу де, жеңілу де — диалектикалық зандылық. Бір жеңісімді айтайын. Бірде, шалқарлық жақсы жолдас­тарымның бірі Молдағали Матқановты көшеде кездестірдім. Амандық-саулықтың артынша, ол: – Бізге жұмысқа келуге қалай қарай­сың? Айлық жалақың жаман болмайды. Жазу-сызуыңа уақыт мүмкіндігі де бар. Бір-екі жылдың айналасында үй де алып қаларсың, – деді. Үй кім-кімнің де жанды жері. – Үй? Менің бұл сауалыма орай, Молдекең әңгімесін әрмен қарай өрістетті. Ұжымымыз шағын. Үйсіз қызметкер бірен-сараң. Иә десең, мен Жекен Қалиев­ичтің құлағына салайын. Айтпақшы, партияда барсың ғой? – Бар болғанда қандай. Үй?! 1968 жылы екі бөлмелі үйге қолымыз жетті. «Ара-Шмель» оны үш бөлмеге үлкейтті. Басқа — бас, жанға — жан қосылып, үш бөлме де тарыла бастады. Жазушылар одағы мен Фрунзе аудандық (қазіргі Медеу) атқару комитетінде үйдің кезегіне тұрып қойдым. Үміт дүниясы. Жылдар өтті. Кезегіміз жылжымады. Содан әрі ойлап, бері ойлап, «Өнер» баспасына «ал, жақсы» деп қол бұлғап, Молдекең жұмыс істейтін Республикалық кітапқұмарлар қоғамынан бір-ақ шықтым. Мен барған тұста бұл мекеме басқа мекен-жайға ауысты. Жаңа жұмыс орным маған онша жайсыз болмады. Өз алдыма бөлек кабинет тиді. Партия ұйымының хатшысы болып сайландым. Ұжым мүшелерінің жалпы қарасы 20 – 30 адам. Қазақ, орысы, тағы басқасы аралас. Орыс тілділер басым. Бір жылдан кейін құлағымызға екі бөлмелі үйдің хаба¬ры тиді. Кәсіподақ ұйымы ол екі бөлмелі үйді маған беруді ұйғарды. «Бұл қалай?» – деп, кезекте тұрған әйелдің жан дауысы шықты. Мен: «Далада отырған жоқпын, үш бөлмелі пәтерім бар. Сондықтан біреуді жылатып мен үй алмаймын. Кезегім келеді — сонда көремін», – деп уәж айттым. Кәсіподақ ұйымының терағасы Толыбекова (күйеуі қазақ, өзі басқа ұлт) «оның үйі бар» деді ме, өз дәлелін алға тартты. Жекен Қалиевке кіріп, мен мән-жайды түсіндірдім. Ол кісі менің сөзімді жөн көрді. Кабинетіне бір кіргенімде: «дұрыс істедіңіз, әңгімесі құрысын», – деп арқамнан қақты. Осы азамат жөнінде бір-екі ауыз сөз. Алғаш кездескенде ол мені жылы қа­былдап, «Сыртыңыздан білем, жазған­дарыңызды оқып жүрмін», – деді. Сыртымнан біле ме, жоқ, Молдекең дұрыстап насихаттады ма, білмеймін, әйтеуір көңіліме ұнап қалды. Даусы жұмсақ, кең маңдайлы келісті қазақ. Ағылшын тілінің маманы екенін, дипломатияда қызмет еткенін кейін білдім. Ағылшыншасын қайдам, орыс, қазақ тілінде сайрап тұр. Қиындау тағдырым құлағына тиді ме, болмаса бойымдағы кішкентай өнерімді сыйлады ма — әйтеуір бұл азаматтың маған ықыласы ауды. Бірде Молдекең екеумізді қалалық кеңеске өзі ертіп барды. Онда үй бөлетін бөлім бар екен. Бастығы Мұрат Раев деген. Сол азаматқа Жекең мені жақсылап таныс­тырды. Бір сөзінде «ақын, сатирик», – деді. Содан кейін Мұрат Раевқа мен өз бетімше бір-екі рет жымыңдап кіріп шықтым. Оның себебі, біреулердің аузынан «әдебиетті жақсы көреді, ақын-жазушыларды іш тартады», – дегенді құлағым шалған-ды. Арада тағы бір жыл өтті. Үй ішіммен ел жақта демалып жатқанмын. Бір күні Алматыға телефон шалсам, үйдегілердің біреуі: «Молдағали аға қайта-қайта звондап жатыр», – деді. Молдекеңнің пәтеріне қоңырау шалдым. Оның сөзі қысқа болды. «Бес бөлмелі үйдің хабары бар, тез жеткенің дұрыс». Жеттік. Бес бөлмелі үйдің хабары рас болды. Бірақ Толыбекова бастаған бірсыпыра әйел адамдардың қас-қабағы маған ұнамады. Молдағали екеуміз Раевтың кабинетіне кірдік. Мақсатымыз бес бөлмелі үйдің анық-қанығына көз жеткізу. Раев жылы қабылдады. Бізді тыңдап болып, кабинетіне бір орыс келіншегін шақыртып алды. Ұмытпасам, одан пайдалануға берілетін үйлердің жай-жапсарын сұрады. Әйел «Ташкентская...» деп келе жатыр еді, Раев: «Нет, там шумно... акын...» – дегендей болды. Біздің түсінгеніміз: «Алмагүл», «Сәтбаев-Ленин», «Ленин-Қажымұқан». Сәлден соң Раев осы айтқандарын бізге қаратып: «Алмагүлде» бір төрт бөлме және бөлек бір бөлмелі пәтер дайын. Ленин мен Сәтбаевта бір жақсы үй бітіп тұр. Бес бөлме. Күтсеңіздер қарашаға таман Ленин мен Қажымұқанда бір жақсы үй пайдалануға беріледі», – деп түсіндірді. Осы хабардан кейін әйеліміз екеуміз әлгі адрестерді аралай бастадық. Үй бөлінісіне байланысты өткен кәсіподақ жиналысында менің даусым қатты шықты. Толыбекова бастаған топ өз уәждерін айтып, аласұрды. Олар: тұрып жатқан үш бөлмелі үйіңізге екі бөлмелі үйді қосып алыңыз дейді. Өйтуге болмайды, балаларым кәмелетке толмаған деп, мен өз дәлелімді айтамын. Толыбековалар басқаша түсіндірді ме, білмеймін, сол тұста Жекен Қалиевтан ықпалды дауыс байқамадым. Сол қым-қиғаш кезде ол Мәскеуге жүріп кетті. Мен күреске шешініп кірістім. Қалалық кәсіподақтар комитетіне қайта-қайта кірдім. Ондағылардан бәлендей пәрмен болмады. Заң орындарын жағалай бастадым. Баспасөз іске қосылды. Фрунзе ауданы прокурорының аты-жөні есімде қалмапты, сол жігіт біздің Толыбековаға телефон арқылы тастай қып талап қойды. «Социалистік Қазақстан» газетінде істейтін Кеңесхан Зәкенов деген жолдасым (марқұм) бір күннен кейін бел шешіп кірісіп кетті. Ертеңгісін жұмысқа келсем, Толыбекованың кабинетінен оның даусын естідім. Жатқан жерің жайлы болғыр қайран дос, қатты қайрат көрсетті. Толыбековалар ақыры жеңілді. Естуімше, ол Мәскеуге, Жекен Қалиевке «мұнда бізге жан-жақтан қысым көрсетіп жатыр» деп телефон шалғанға ұқсайды. Жекең «Заң қалай шешсе, солай болсын» деген сияқты ыңғай танытқан болуы керек. Сол арпалысты күндерде бастықтың алдында отыратын Қарлығаш есімді бір қыз бала айналайын, менің жаныма жалау болды. Жиналыста ол «Күні кешеге шейін сіздер бұл ағайды алтын адам деп келдіңіздер. Енді былай шықтыңыздар. Сіздерде ұят жоқ!» – деп қатты айқайлады. Сол арпалысты күндерде, айтпақшы, өзімнің «Ара-Шмеліме» де шағындым. Сен ол кезде сонда істейтінсің. Қалекең, Қалтай Мұхамеджанов бас редактор. Қалекең шамалы қимылдады. Басқа ешқайсыңнан қайран болмады. Жекен Қалиевті, Молдекенді, Мұрат Раевты жұбайларымен, Қарлығашты күйеуімен жаңа үйге, жеңісімді атап өтуге шақырдым. Мұрат Раев рахмет айтып, Қарлығаш адрестен қателесіп, келе алмады. Раевқа деген ықыласым айрықша. Мына бір өлең жолдары сол ініме арналған сезімім еді.   Жүзі жылы Мұрат інім, Раев, Бұл ағаңның өтінішін былай ұқ: Көп қиянат көп қажаған адаммын, – Ерлік жаса есіміңе лайық.   Көңіл күпті. Қатты батты зорлық бір. Сондықтан бір қуанышқа жолықтыр. Талайларға жеңіс алып беріп ем, Өзіме де жеңіс керек болып тұр. Тоқ етері «уют» керек ақынға... Ендігісін өзің түсін, мақұл ма? Оң қабағым жиі тарта береді, Шыныңды айтшы, қоныс тойым жақын ба? Ағұс, 1988 ж. Солай, бауырым, өмір — алыс-жұлыс, арпалыс, жеңіс, жеңіліс. – Бір кәсіпкер фирмасының табысты болуының үш себебі бар екенін айтады. «Біріншісі — нартәуекелге бардым. Екіншісі — тағы да нартәуекелге бардым. Үшіншісі – тағы да, тағы да нартәуекелге бардым. Он әрекетімнің тоғызы мені айтақырға отырғызып, шығын әкелді. Бірақ оныншы әрекетім аузымнан ақ май ағызып, шашетектен пайдаға батырғаны соншалық, бұрын-соңғы барлық шығынымды жауып, тағы да нартәуекел жасайтындай қаржы қалтамда қалды». Сіз кәсіпкер емес, сатириксіз. Бейнелеп айтқанда, сіздің қоғамдағы қай әрекетіңіз көп кемшіліктеріңізді жауып кетті деп ойлайсыз? Әйтпесе, мұндай әрекетті өз тұрғыластарыңыздан байқадыныз ба? – «Тәуекел түбі– желқайық, өтесің де шығасың». Менің өмірім, негізінен сол тәуекел, нартәуекелден, ақ тер, көк тер еңбектен тұрады. Ел аузындағы «Құдайым – қос қолым» осындай реттерден туса керек. Кім бірден шылқыған байлыққа, бақытқа күмп ете қалады. Бұл жағынан келгенде, мен біреуден ілгері, біреуден кейін адаммын, баймын деп те, дарын-талант­пын деп те дардай болатын жағ­дайым жоқ. Азды-көпті шығармашылық табысқа қолым жетсе, ол – сүрінген, тұмсықпен топыраққа омақаса құлаған сәтті, сәтсіз күндерім, шала ұйқы, ұйқысыз түндерім, тынымсыз еңбегім. Орыстар: «Талант – это и есть труд, труд – это и есть талант», – деп дұрыс айтады. Кім қай жерін, қай кемшілігін немен жабады – ол әркімнің өз шаруасы. Уақытқа, заман ағымына бейімделіп, тіршіліктерін үйлестіріп, тұрмыстарын түзеп жатқан тұрғыластарым, шүкір, баршылық. Ондай іс-әрекеттің адамдарына «бәрекелде!» деп қол соғамын. Оларды мен дарындылар дер едім. Бірақ «Дарын­дылардан гөрі жолы болғыштар әлдеқайда көп» деген де бар-ау (Люк де Вовенарг). Барлығына топырақ шашпайық, дегенмен олар, негізінен, жылмаң-жылмақайлар, алаяқтар. Маған қарағанда сенің тұрмысың көшілгері. Оның себебі – бойындағы күлкі атты өнерді, дарын-талантыңды уақытқа дұрыс бағыттадың, жақсы бейімделдің. Қол соғайық. – Адам деген не? «Адам емес... Адам­гершілігі жоқ» деген тіркестің бәрі түптің түбінде «Адамнан» тарайды. Мұндайда атам қазақ адамды «ет пен сүйектен жарал­ған», – деп қысқа ғана қайырады. Батыстың кейбір ойшылдары адамды «90 пайыз сезім мен 10 пайыз сананың қосындысы», – дейді. Осыған келісесіз бе? Ал исламның сопылық дәрежесіне дейін жеткен діндар әулие-әмбиенің адам жөніндегі ұғымы тіпті басқаша. Онда рухани сезім де бар, хайуандық сезім де бар. Адам хайуандық сезімнен құтылып, Аллаға жақындауға тырысу керек. Адам­заттың саналы ғұмыры рухани іздену сәтінен басталады. Көзіқарақты көпшілігіміз адамды «ақыл, сезім, дене» деп қана қараймыз. Оның бәрі әншейін сыртқы киім секілді. Ескірсе – тастайсың. Мәңгі жаңғырып, мәңгі жетіліп, көркейіп тұратын – рух пен жан. Адамдар сақал-мұртын қырып, суға шайынып, әшекейлі бұйымдар тағып, күнара киім ауыстырып, «иномарка» мініп, сыртқы сұлулығын сақтайды. Дәл сондай ұқыптылықпен ішкі жан-дүние әлеміне көңіл бөлсе, әр адамның жүзінен нұр төгіліп тұрар еді. Бірақ біз өйтпейміз. Себебі Еуропадан енген қоғам тәрбиесі мен Алланың ниеті көп жағдайда кереғар Оның себебін адам жұрттан іздеп әуре. Әр адам өзімен өзі жұмыс жасап, кінәні өзінен іздеу керек. Ойымды он сөзге сыйғыза алмай орағытып кеттім бе қайдам, айтпағым: XXI ғасырдағы адам жөніндегі көзқарасыңыз қалай? Нағыз адамдарды аңсап тебіренесіз бе? Ақылды адамдар өзінің басқаларға қарағанда ақылды екенін сезеді де, бірақ байқата бермейді. Ал кемпарықтар кемең­гер боп көрінуге тырысады, ділмарсып, асып, тасып, үйездеп сөйлеуге үйір. «Шо­лақ сай тез тасиды» дейді. Сіз әр кезде әрқалай мінез танытпайсыз. Бір­қалып­тысыз. Бұл не, Үмбеке, сол кездегі жағдайға байланысты көңіл күйіңіздін көктемі, жазы, күзі, қысы болғаны ма? – Жақсылық пен жамандық кеше, бүгін айтылып жүр ме? Адам, адамгершілік мәселесі де кеше, бүгін қозғалып келе ме? Жоқ, бұлар шешуін тапқан, таппаған мәңгілік қозғалыстағы бүкіладамзаттық проблемалар, мәңгілік процесс. Бұдан алты мың жылдай бұрын Египет патшасы, яғни ертедегі перғауындардың бірі туыс­қанына заманның бұзылып, адамдардың ішкілікке, азғындыққа салынып бара жатқанын қаны қарайып жазады (Р.Тоқ­таров). Ендеше, әлгі «мәңгілік процесіміз» рас болды ғой? «Адам дегеніміз не?» Адам «жынданса» – жыртқыш, жыны басылса – адам. Әр адам – жақсы мен жаманның жүз пайызы емес, орта есебі. Мына сен жүз пайыз жақсысың ба? Мына мен жүз пайыз жақсымын ба? Ең жаман деген адамның бойында бір түйір, жарым түйір жақсылық жүрмеуі мүмкін бе? Ендеше, гәп сол бір жақсы нәрсені табанмен таптап езіп, өлтіруде емес, өндіруде ғой! Айналып келгенде, әңгіме тәрбиеге барып тіреледі. Абай ата: «Мен егер закон қуаты қолымда бар кісі болсам, адам мінезін түзеп болмайды деген кісінің тілін кесер едім», – деген емес пе? Жақсы адам дегеніміз – бойына жақсы қасиеттерді мол жинаған, тәрбиелі, өнегелі адам. Бұл айтқандарымды бұрынғы ойшылдардың дана сөздерімен тағы да тиянақтай кетейін. «Адамды тәрбиелей алмай, ғылым-білімге үйрететін болсақ, ол міндетті түрде апатқа соқтырады» (Әл-Фараби). «Адам дегеніміз не деген сұраққа жауап беретін ғылым – философия» (Кант). «Күллі ғажайыптың ішіндегі ең тама­шасы – жақсы тәрбиеленген адам» (Эпиктет). «Адам саналы жолды дұрыс таңдамаса, жануардан да төмен болады» (Джеймс Аллен). Тәрбие! Тәрбие! Император I Наполеон өте мінезді адам болғанға ұқсайды. Ол тек әйелінен ғана сескенген көрінеді. Ал жұмыста сұмдық мазасыз болған. Бірде кабинетінде сыртқы істер министрі, дипломат Талейранның (Шарль Морис – 1754 – 1838) андайсың, мындайсың деп жер-жебіріне жетеді. Талейран орнынан түрегеліп, аяғын сылтып басып есікке шейін барады да, – тұтқадан ұстап тұрып, артқа қайырылып: «Осындай ұлы адамның тәрбие көрмегені қандай өкінішті», – деп, шығып кетіпті. «Тәрбие көрмеген» деген қандай ауыр сөз. Көргенсіз дегенге де жақындайды-ау? Адам, жақсы адам дегеніміз – мейірімді адам. «Мейірімді адам дегеніміз – жақсылық жасамаса да, жамандық жасау қолынан келмейтін адамдар» (Василий Ключевский). «Ең үлкен қателік – өзіңді таби­ғатыңнан артық етіп көрсетуге талпыну» (Уолтер Баржат). Бұл жолдың авторы жасандылықты мегзеп отыр-ау, сірә. Жасандылыққа байланысты Әбдіжәміл Нүрпейісов ағамыздың бір жазғаны жадымда. «Атқа мініп жүрген көптеген азамат, – дейді ол, – көп мінезді қолдан жасайды. Олардың ол мінез-құлық, жүріс-тұрыстары біреудің шапанын, болмаса костюмін кигендей не қолпылдап, не салпылдап қонбай тұрады». Рас та ғой! Жасың кіші, осы тұста өзіңе қаратып айтар бір үлкендігім, жақсы көріну үшін жақсы болма, жақсы болу үшін жақсы бол. «... Ұқыптылықпен ішкі жан-дүние әлеміне көңіл бөлсе, әр адамның жүзінен нұр төгіліп тұрар еді. Бірақ біз өйтпейміз» дедің бе? Америка ашпай-ақ қояйық, дүниенің қайшылығы да, қасіреті де сонда ғой. «Дүниеде зұлымдық жоқ, ол адамдардың ішінде» (Лев Толстой). «Гүлден ұрық шашылса, гүл тарайды әлемге» (Сәбит Мұқанов). «Нағыз адамдарды аңсап тебіренесіз бе?» Өз ұғым-түсінігімде нағыз адам дегеніміз қандай адам? Кімді мойындасам, кімнің сөзіне бас шұлғысам, мен үшін нағыз адам, жақсы адам сол. «Жақсылықтың көкесі адамды жақсы көру» (Люк де Вовенарг). «...Кемпарықтар кемеңгер болып көрінуге тырысады, ділмарсып, асып-тасып, үйездеп сөйлеуге үйір». «Шолақ сай тез тасиды» дедің. Басқада шаруам жоқ, сырт жұрт қалай қабылдаса олай қабылдасын, мына менің өзім ықыласым ауған адамдардың қызығында оларға деген ішімдегі жақсы сөздерімді жарқыратып сыртқа шығарып, ағымнан жарылуға бейілмін. Бір-екі ауыз сөзбен тына қалатын да кезім жоқ емес. Оның әңгімесі бөлек. «Сіз әр кезде әрқалай мінез таныт­пайсыз. Бірқалыптысыз. Бұл не, Үмбеке, сол кездегі жағдайға байланысты көңіл күйіңіздің көктемі, жазы, қысы болғаны ма?» дедің. Тыңда. Ақын Дүйсенбек Қанатбаевтың курстас достары жайында: ... Әнесім, Қажешім – көңілдің саласы, Қос Төлен – көзімнің ағы мен қарасы. Үмбетбай – сабырым, Ал Қадыр – айқайым, Достарым бар менің, Қайбірін айтайын, – деп басталатын өлеңі бар. Иә, сабыр – Құдіреттің маған берген кішкентай ғана сыйы. Сабыр дегенде, әрине, жақсыға да, жаманға да ыржаң-ыржаң күле беретін, әлдекімдер «әкең» десе де, «шешең» десе де мыңқ етпейтін мырқымбайың, намыссыз нақұрысың мен емес, бауырым. «Дауыл болмай, жауын болмайды» (Майқы би). Дауылдататын да, жауындататын да кезіміз бар. Біреу аяғын басып кетсе, мысық екеш мысық та шарылдап жаман дауыс шығармай ма? Сен де менің намысымның аяғын басып көр – қандай дауыс естір екенсің. – Біздің көп шенеуніктеріміздің басында билік болғанымен, ел алдындағы беделі «бес-ақ» тиын. Кейбір әкімқара, министрлердің өзінен гөрі отырған орынтағы сұлу көрінетіні рас. Бәлкім, жоғары лауазымды кісілердің жиі ауысатындығы да осыдан шығар. Биікте отырып, билік жасағанды ұнататын халықпыз. Биліктің беделі ең әуелі беделге арқа сүйей бермейтіні несі? – «Билікте отырып, билік жасағанды ұнататын халықпыз» дегеніңді қайтып ал, халық – жалпы есім. Халықтың арасынан сен де шықтың, мен де шықтым. Біз билікқұмармыз ба? Оның бергі жағында, байқайсың ба, соңғы кезде біздің қазаққа ұрынып-соғылатындар көбейіп кетті. Өзімсінгені, әлде халықты ойлантудың ретімен бе, өзіміздің Герекең бауырымыз да (Герольд Бельгер) сөз-сөздің ара-арасында қазақтың атына ауыр-ауыр сын-пікір айтып қалып жүр. Бір сөзінде Ахмет Жұбановтың көзін біреудің аузымен тілге тиек етеді. Біресе Абайдың, Әуезовтің данышпандығын айта отырып, біресе Әбдіжәміл Нүрпейісов ағамызға іштартқан болып, халқымызға сүйкеніп-сүйкеніп кетеді. Міне: «... Қызыл сөзге, әсіре сөзге құмарлық, көтермелеп, мақтап сөйлеуге құштарлық неміс табиғатына жат. Ал қазақ қызыл сөзді қымыздай сапырады». «Мен еститін, көретін айтыстардан да көңілім құлазыған. Мен оны үлкен өнер, поэзия дей алмаймын» («Қазақстан», Рухани сорбұлақтар көбейді. 22.03.2000 ж.). Бұл жерде «өз халқыңды аспаңдатасың, қазақты таспен атасың, бұныңызды қалай түсінеміз, Гереке?» – деп, қарсы шабуылға шығуға болар еді, оған әдеп сақтадық, әрі азды-көпті «жыртық-тесігімізді» мойындап, әңгімені әдейі ұзартпадық. Айтпағым, халықты басшыға да, тазшаға да көп мүйіздете бермейік. Өзіміз де... Билік пен бедел жайына келсек, бұл мәселеге өзім оқта-текте әр сөздің келе жағында, кейде төтелеп, кейде тұспалмен соғып кетіп жүрмін. Міне: Біреу биікке, біреу билікке ұмтылады. Биікке ұмтылғандардың көбісі биіктен көрінеді. Билікке ұмтылғандардың көбісі ертең-ақ ұмытылады. «Даңқ та тозады» (Наполеон). * * * ... Тіліңмен сөйлеме, жүрегіңмен сөйле. Мотордың гүрілдегені – доңғалақтың жүгіргені.  * * * ... Жоғарыға қарай өрлей бергенің жақсы. Төменге қарап қойғаның, жерге қайтып келгенің одан да жақсы. Көніл – көкте, өмір – жерде... * * * Айтары жоқ бастық, Ақырып-бақырып сөйлейді. Айтары көп бастық, Шабыт шақырып сейлейді.  * * * Айқай – айбат, Ақыл – әйбат.  * * * Айқай – ақылсыздың ақ таяғы. Әкімқараларға, бедел мәселесіне байланысты менің көзқарасым осы. Әкімқаралар да пенде ғой, біреуі олай, біреуі былай. Олардың ішінде де ақыл-парасатымен, іскерлігімен көзге көрініп, бедел жинап жүрген ел ағасы, ауыл ағасы қаншама? Біржақты кетпейік. Айтпақшы, «Төрде көп отырған адам төреге айналады» деген сықылды халық даналығын билік басындағылар төрге шыққан сайын есінен шығармаса ғой. Беделдің бір ұшы сонда-ау...  

(Жалғасы бар)

Көпен ӘМІРБЕК