Мереке Тараз қаласындағы «Арбат 1» аллеясында орналасқан «Қазақ халқына мың алғыс» монументіне гүл шоғын қою рәсімімен басталды. Шараға Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев қатысып, мерекелік ізгі тілегін жеткізді.
– Баршаңызды ризашылық пен мейірімділіктің мерекесіне айналған – Алғыс айту күнімен шын жүректен құттықтаймын! Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Жарлығымен атаулы күн 2016 жылдан бері аталып өтуде. Бұл күн, ең алдымен – тыныштық пен үндестік, бейбітшілік пен келісімнің салтанат құрған күні. Расында, өткен тарихта тағдыр тауқыметінен Ұлы дала төсіне әр жылдарда бүтіндей бір халықтар – 800 мыңға жуық неміс, 102 мың поляк, 550 мың Солтүстік Кавказ халықтарының өкілдері, 18 мыңнан астам Қиыр Шығыстағы корей отбасылары қоныс аударды. Қазақ халқы қиын-қыстау заманда олардың басына түскен ауыртпалықты қайыспай бірге көтере білді, бауырмалдықтың үлгісін көрсетті. Осылайша, тәуелсіз елімізде 130-дан аса ұлт өкілдері бір шаңырық астына топтасып, біртұтас Қазақстан бірегей артықшылығына ие болды. Азаматтар бүгінгі бір-біріне өкпе-реніші болса кешіруі қажет. Бір-біріне деген ізгі тілектері мен лебізін, ақжарма алғысын білдіруі керек. Әрқайсымыздың жүрегімізде туған еліміз Қазақстанға деген мақтаныш пен ризашылық сезімі ұяласын. Әр отбасыға бақ-береке, елімізге бейбіт өмір және табыс тілеймін! – деді аймақ басшысы.
Саятхан САТЫЛҒАН, Жамбыл облысы