Мемлекеттік рәміздер – ел жүрегінің соғысы, ел тілегінің тоғысы. Оны ел төріне, ұлық тұғырына көтерілген жалпының жан жалауы десе де болады. Онда ел деп соққан жүректердің дүрсілі бар. 1992 жылғы 4 маусымда Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев ел Парламентінің VIII сессиясының отырысына қатысты. Осы тарихи жиында Жоғарғы Кеңес Қазақстанның жаңа символдарын – мемлекеттік Ту мен Елтаңбаны бекітті.
Рухтануға ұлы бетбұрыс
Мемлекеттік рәміздер – ұлттық өрлеудің ұстыны, рухтың бөлінбес бөлшегі болып есептеледі. Сондықтан «бұлар қайта рухтанбасын» деген пиғылмен Кеңес Одағы Қазақ Республикасының Туы мен Елтаңбасынан кеңестік ортақ қалыптан еш ерекшеленбейтін, көмескі дүние жасады. Ал ҚазКСР Әнұранында жарқыраған күнді «алмастырған» большевиктер көсемі дәріптелді. Сол кездегі Әнұранымызда: «Көп алғыс айтамыз ұлы орыс халқына» деген жол болатын. Зерттеушілер «бірде-бір мемлекеттің Әнұранында өзге халыққа алғыс білдіру жоқтығын, мұның нонсенс екенін» тек бертінде ғана айта алды. ХХ ғасырдың 20-жылдары қабылданған ҚазКСР Елтаңбасы сол кездегі Ресей елтаңбасынан көп ерекшеленбейтін, тек онда «РСФСР» орнына «ҚССР» және «Барлық елдердің пролетарийлері, бірігіңдер!» деген қазақ, орыс тілдеріндегі жазу болды. 1991 жылғы 16 желтоқсанда Қазақстан Тәуелсіздігін жариялаған соң елде мемлекеттік нышандарды – Ту, Елтаңба және Әнұранды жаңадан әзірлеуге қызу дайындық жұмыстары басталды. 1992 жылдың басында мемлекеттік Елтаңбаға, мемлекеттік Туға және мемлекеттік Әнұранға байқау жарияланды. Оған қатысушылар Тудың – 1 200, Елтаңбаның – 245, Әнұранның 750 жобасын ұсынды. Конкурс нәтижесінде 1992 жылғы 4 маусымда Жоғарғы Кеңес арғымақ пен шаңырақ бейнеленген Елтаңбаны және көк байрақты қабылдады. Елтаңба авторлары – сәулетшілер Жандарбек Мәлібеков және Шот-Аман Уәлиханов. Ту авторы – суретші Шәкен Ниязбеков. Сол күні Жоғарғы Кеңес депутаттары алдында сөз сөйлеген Тұңғыш Президент осы арқылы жаңа ел мен азат қоғамды құруға түбегейлі бетбұрыс жасалғанын мәлімдеді. – Жоғарғы Кеңестің республиканың мемлекеттік символдарын қабылдауы – қазақ этносы және елімізді мекендеген өзге ұлттардың өкілдері үшін тек таптық қоғамның тозығы жеткен ескі атрибуттарын ауыстыруды ғана білдірмейді. Жаңа мемлекеттік Ту мен мемлекеттік Елтаңбаның басты идеясы сол, олар республикамыздың демократиялық және құқықтық мемлекет құруға, жаңа қоғамды қалыптастыруға түпкілікті бетбұрыс жасағанын паш етеді, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.Ашық аспан мен азаттық ұлықталды
Көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, филология ғылымдарының докторы, 1991-1993 жылдары Премьер-Министрдің орынбасары, Президент кеңесшісі болған Мырзатай Жолдасбеков сол кездегі тарихи оқиғалардың куәгері ретінде бізге бір естелігін айтып берді. «Тұңғыш Президентіміз тәуелсіздікке қол жеткізген Қазақстанның төл байрағын таңдап алу үшін арнайы комиссия құрды. Ол комиссияның төрағасы болып, сол кездегі Жоғарғы Кеңестің төрағасы Серікболсын Әбділдин тағайындалды. Мен сол комиссия жетекшісінің орынбасары болып бекідім. Елде мемлекеттік Ту авторы ретінде тарихта қалу үшін нағыз күрес басталды» деп әңгімеледі М.Жолдасбеков. Талай ғасыр ата-баба аңсаған азаттық талай жанды рухтандырған кез. Комиссияға өзі әзірлеген ту үлгісін әкелушілер легі бір мезет толас таппаған. «Ту нұсқалары Жоғарғы Кеңестің үлкен залына ілінді, – деп сабақтады сөзін М.Жолдасбеков. –Тарихқа үлес қосу үшін біздің Шерхан Мұртаза да өзі қалаған туын әкеп ұсынды: оның туы Сүйінбай бабамыз жырлаған бөрілі байрақ еді. Ал Серікболсынның көңілі Абылайдың ақ туына құлағанын білдім. Мен жігіттермен ақылдасып, оларға өз ойымды айттым: «Негізі, Абылайдың ақ туы бола қоймас, себебі ол ақ ту арманға жеткен жоқ. Екіншіден, арқада алты ай қыс болады, аппақ қардың аясында ақ ту көрінбей қалуы мүмкін» дедім. Сөйтіп жүргенде Таразда бірге өскен, интернатта бірге жатқан досым, белгілі қылқалам шебері Шәкен Ниязбеков бізге келіп, жағдайымды сұрады. Мен оны байқауға қатысуға үндедім. Бұған дейін ол депутаттардың кеудеге тағатын белгісін жасаған. Ол қатысуға келісті. Көп еңбек етті, ақыры қазіргі Туымыздың жобасын жасап шықты. Несін жасырайын, осы жобаны өткізудің амалын іздедім». Оның сәті түсті. Техникасы тоза бастаған «Қазақфильм» студиясын қайта жаңғырту мәселесі жоғары деңгейде қаралатын болды. М.Жолдасбеков суретшіге хабарласып, туын сол жерге әкелуді ұсынады. Және оны мәжіліс залының кіреберісіне қойғызған. Студияға Үкімет басшылығын ертіп, Тұңғыш Президент келеді. Жолай туды көріп, қасына аялдап: «Мынау не?» деп сұрады. «Болашақ мемлекеттік Ту осы болса деп тұрмыз!» дейді комиссия төрағасының орынбасары. Елбасы көп кідірмей ішке кіріп кетеді. Отырыста киностудияны қалпына келтіру мәселесі шешіліп, талқылау түйінделген соң жұрт сыртқа шықты. Нұрсұлтан Әбішұлы кенет кілт бұрылып, туға зер сала қарайды. «Жалпы, идеясы жақсы екен!» дейді ойлана. Ертеңіне конкурс қорытындысы шығарылады. Соңғы шешімді қабылдау үшін Жоғарғы Кеңестің үлкен залына Нұрсұлтан Назарбаев кірді. Мемлекет Көшбасшысы зал бойы қойылған ту жобаларын аралап шыққан. Артынша қызыға бақылап тұрған комиссия мүшелеріне келді: – Мынау көк Туда біздің ашық аспанымыз бейнеленіпті. Әрі Біріккен Ұлттар Ұйымының туы да көк. Оның үстіне бұл – бейбітшілік пен азаттық белгісі. Көк түсті мұсылмандар да жақсы көреді. Күн астында қазақтың көк қыраны қанат керген. Осы болсын! – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Елбасының пәтуалы байламымен көк байрақ ресми бекітілді.Ұлы даланы рух кернеген күн
1992 жылғы 4 маусымда тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш мемлекеттік Әнұранының әуені, ал 11 желтоқсанда мәтіні бекітілді. Әуенін жазғандар – Мұқан Төлебаев, Евгений Брусиловский, Латиф Хамиди (яғни, 1943 жылы қабылданған Қазақ КСР-інің Гимнінің әуені сақталды). Жаңа мәтінін жазғандар – Мұзафар Әлімбаев, Қадыр Мырзалиев, Тұманбай Молдағалиев, Жадыра Дәрібаева. 1992 жылы қабылданған мемлекеттік Әнұран өз міндетін толық атқарды. Әнұран 14 жылдай еліміздің Тұңғыш Президентімен бірге жер шарлап, дүниежүзі елдерінің ең құрметті де мәртебелі төрінде орындалды, қазақ деген халықтың үнін бейтаныс жерлерге жеткізді. Олимпиада және басқа да ірі спорт сайыстарында сайыпқыран спортшыларымызды марапаттауда орындалды. Ол мемлекетіміздің қалыптасуы кезеңіндегі тарих беттеріне алтын әріптермен жазылды. Бұл мемлекеттік шығарманың толық мәтіні мен музыкасы халқымыздың мәдени мұрасының алтын қорына айналды. Ал 2006 жылғы 6 қаңтарда Елбасының бастамасымен «Менің Қазақстаным» әнін ел Парламенті Қазақстанның Әнұраны ретінде бекітті. Сонау 1986 жылғы желтоқсан оқиғасы кезінде жастар шырқаған бұл ән онсыз да қазақ елінің бейресми Әнұранына айналған-ды. Жаңа Әнұран 2006 жылғы 11 қаңтарда Мемлекет басшысының ұлықтау салтанатында алғаш рет орындалды. Айта кету керек, парламенттік журналист ретінде сол тарихи оқиғаларға өзім де куә болдым. Осының алдында Сенат пен Мәжіліс төл комиссияларын құрып, жаңа Әнұран жобасын талқыға салған еді. Оның қорытындысы 2006 жылғы 6 қаңтар күнгі Парламент палаталарының бірлескен отырысында жария етілді. Отырыс қарсаңында «Хабар» арнасынан: «Менің Қазақстаным» әні ойнақылау, онда гимнге тән салтанат жоқ» деген дәйектеме айтылып қалды. Алайда Мәдениет, ақпарат және спорт министрлігі жасаған «Менің Қазақстанымның» аранжировкасы барлық сын мен сұрақтарды жайына қалдырып, қалаулылардың көңілінен шықты. Дегенмен депутаттарды екі күннен бері мазалаған бір құпия бар болатын. Отырыстан бір күн бұрын парламентшілерге жаңа Әнұранның, дұрысын айтқанда «Менің Қазақстанымның» жаңа мәтіні таратылды. Әннің кезінде Жұмекен Нәжімеденов жазған мәтініне біраз өзгеріс енгізілген екен. Мәселен, тұрмыстық тіл стиліне тым жақын «Дән егіп терлеген, Қазағым мықты ғой!» деген сөйлемді «Намысын бермеген, Қазағым мықты ғой!» деп рухтандыра түскен. «Сағымды далам бар, Сабырлы көлім бар. Қараңдар, жарандар, Осындай елім бар» деген шумақты «Ұрпаққа жол ашқан, Кең-байтақ жерім бар. Бірлігі жарасқан, Тәуелсіз елім бар» деген шумақпен ауыстырған. Алайда түзету енгізушінің аты-жөні көрсетілмепті. Бұл конституциялық заң жобасын Парламентке енгізген сол кездегі Үкімет басшысы Даниал Ахметов те өз түсіндірме жазбасында бұл жайында тіс жармады. Содан «біледі-ау!» дегендерді жеке әңгімеге тартып та, «тиісті жерге» қоңырау шалып та ештеңе анықтай алмаған бір депутат ағамыз: «Оу, мен ертең мынаған дауыс беріп жіберем, артынан оны жазған Серік Тұрғынбеков болып шықса қайтем?!» деп әзілдеп жатты. Ертеңіне, 6 қаңтарда депутаттар осы сұрақты бірлескен отырыста ортаға тастады. Мәжілістің сол тұстағы Төрағасы Орал Мұхамеджанов шындықты ашты: «Бұл сұраққа менің жауап бергенім жөн болар. Елбасының Парламентке жолдаған хаты келді, осы сұрақ туындамаса, оқымас та едім...» деген спикер хатты жария етті: – Қазіргі қолданыстағы Әнұран осы жылдар ішінде барша қазақстандықтың жүрегінде жатталып қалды деу қиын, – деп бастапты Елбасы. – Еліміздің қай түкпіріне барсам да, кәрі де, жас та аса көрнекті композитор Шәмші Қалдаяқов пен талантты ақынымыз Жұмекен Нәжімеденовтің «Менің Қазақстанымды» Әнұран есебінде шырқағанына талай куә болдым. Демек, бұл әнге ресми мәртебе беретін күн жетті. Осы орайда, ән мәтініне қатысты өз пікірімді ортаға салмақпын. Әнұран ретінде қабылдау үшін, біріншіден, онда ғасырлар бойы тәуелсіздік үшін күрескен бабалар ерлігі көрсетілуі тиіс. Екіншіден, мәтінде ата-бабаларымыздан қалған асыл мұра – жеріміздің кең-байтақтығы орын алуы керек. Ең бастысы, біздің тәуелсіздігіміздің алтын діңгегі – еліміздің бірауыздылығы, бірлігі баса көрсетілуі қажет. Елбасы ретінде емес, азамат ретінде мен осы әннің сөзіне жоғарыдағы талаптарға жауап беретін тиісті өзгерістер ұсынып отырмын. Авторлыққа еш таласым жоқ! Мен үшін биіктерге беттеген туған елімнің, әлі талай ту асқарларға шырқайтын Қазақстанның бүгінгі келбетіне сай Әнұран қабылданса болды, – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Елбасы бас тартқанымен, «авторлық құқықты сақтау үшін» депутаттар Тұңғыш Президентіміздің атын да Әнұранның тең авторы ретінде қосып, конституциялық заң жобасын бірден екі оқылымда қабылдады. Осылайша, «қазақ» сөзін қосуға именген, тек көрген азап пен тозақты егіле еске салатын жасқаншақ әнұранның орнын шын мәнінде жердің, төрдің кімдікі екенін тұңғыш рет рәсімдеп, жаһанға жария ететін, тыңдағанда құйқаң шымырлап, бойыңды рух кернейтін тегеурінді, екпінді де серпінді Әнұран ығыстырды.Айхан ШӘРІП