Елімізде еңбек қауіпсіздігі мен еңбек ережелерін бұзғаны үшін 610 лауазымды тұлға жұмыстан шығарылды. Мемлекеттік еңбек инспекторларының анықтауынша, олар жұмысшылардың өмірі мен денсаулығына нақты қауіп-қатерге туғызғаны үшін кінәлі болған. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің хабарлауынша, бұлар осыған қатысты 13 құрал-жабдық, 2 өндірістік объекті мен 7 ұйымның қызметіне тыйым салды. Құқық қорғау органдарына 1222 іс жолданып, олар бойынша 207 қылмыстық іс қозғалды.
Министрліктің мәлімдеуінше, мемлекеттік еңбек инспекторлары былтыр 9 536 тексеру жүргізген. Соның барысында 2 366 заңбұзушылық анықталған. Оның ішінде жұмыс берушілерге еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау саласындағы бұзушылықты жою туралы 480 нұсқама берілді. 203 салынған әкімшілік айыппұл 25,6 млн теңгеге шықты. Жалпы, қауіпсіздік пен еңбекті қорғау мәселелері бойынша заңды және жеке тұлғалардан 879 өтініш қаралды. Ал өндірістегі жазатайым оқиғаларға қатысты 1266 арнайы тергеу жүргізілді.
Осындай кешенді шаралар өндірістік жарақаттануды төмендетуге оңынан әсер етті. Еңбек жағдайында денсаулыққа зияны тиетін жұмыс орындарының санын азайту үшін былтыр 2 187 өндірістік объект аттестациядан өткен. Елдегі кәсіпорындарда өндірістік кеңестер құрылып, оның 14 792-ы жұмыс істейді. Міне, осылардың міндетіне жұмыс орындарындағы еңбек жағдайын тексеруді ұйымдастырып, өндірістік жарақаттың алдын алу кіреді.