Ауылдарды аралап жүріп халыққа көмек көрсететін керуен жолға шықты

Ауылдарды аралап жүріп халыққа көмек көрсететін керуен жолға шықты

Биыл да бұл бағыттағы жұмыстар жалғасын тауып, татулықты үндеген керуен жолға шықты.

Жалпы өткен жылы «Бейбітшілік пен келісім» жобасы  аясында 1144 шара өткізіліп,  оған 30 мыңға жуық  адам тартылған  болатын. Нәтижесінде, 1919 азаматтың түйткілді мәселелері шешіліп, 709 азаматқа медициналық көмек көрсетілген. Сондай-ақ, 236 адамға атаулы әлеуметтік көмек тағайындалған еді.   Міне, осы баянды бастаманың екінші кезеңі бастау алып, ақпараттық-насихат керуені   7 ауданға жол тартты. Жоба аясында  1-3 наурыз аралығында – Меркі ауданында шаралар тізбегі жанданса, 4-6 наурыз аралығында – Шу, 9-11 наурыз аралығында – Байзақ, 11-13 наурыз аралығында – Талас және  18-20 наурызда Сарысу ауданында келелі кеңестер өтеді деп жоспарлануда. Ал ақпараттық-насихат тобының жұмысы  27 наурызда Қордай ауданында ұйымдастырылады. Айта кетейік, былтыр аудандарда 5 жұмысшы  топ жұмыс істесе, биыл әлемдік пандемияға байланысты олардың саны 3-ке қысқарып отыр. Десе де бекітілген топтардың жоспары ауқымды. Атап айтсақ, бір топ  «Этнос және конфессияаралық келісім» бағыты бойынша жұмыс жүргізсе, екіншісі «Әлеуметтік-тұрмыстық мәселелерді шешу және бизнесті дамытуға» басымдық береді. Үшінші топ  «Құқық қорғау саласы» бағыттары бойынша бұқараның түйінді мәселелерінің түйінін тарқатпақ. Қазір ақпараттық-түсіндірме тобы  Меркі ауданында жүр.  Ал жұмыс топтарының құрамына  құқық қорғау органдарының өкілдері, сонымен қатар облыстың мемлекеттік органдарының мамандары енген. Олар алдағы уақытта облыс тұрғындарының әл-ауқатын жақсарту, медициналық және білім беру қызметтерінің сапасын, діни білім деңгейін көтеру, азаматтарды көшпелі қабылдау, әлеуметтік мәселелерді шешу, бос жұмыс орындарының жәрмеңкесін ұйымдастыру, сондай-ақ халыққа әртүрлі бағдарламалар бойынша алуға болатын несиелер туралы кеңестер беріп, халықтың осал топтарының мәселелерін шешуге атсалысады. Бұдан өзге азаматтарға кәсіпкерлікті қолдау мен дамытудың мемлекеттік бағдарламалары мен жобаларының іске асырылуы туралы хабардар етеді.

Саятхан САТЫЛҒАН, Жамбыл облысы