Қазақстан малды экспортқа тірідей шығаруға шектеу қоюы мүмкін. Алайда Ауыл шаруашылығы министрінің бұл шешімі үлкен қарсылық туғызып отыр. Дүйсенбі күні құрамына бірнеше кәсіпорын кіретін «Қазақстанның ет одағы» бірлестігі елордада арнайы брифинг ұйымдастырып, мәлімдеме жасады. Сірә, ет экспорты саласында министрлік пен Ет одағы арасында жаңа бір тартыс басталған секілді.
Олай деуімізге себеп бар. Өткен сенбі күні Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров етті қайта өңдеуші кәсіпорындар басшыларының мәселесін тыңдау үшін кездесу өткізгенінен хабардармыз. Жиынға елімізде ет өңдеу бағытында танымал кәсіпорындар «Кублей», KazBeef LTD, «Бижан», «Қазмяспродукт», Beefstream, «Импаер фуд», «Мерке-ет», Meat Processing and Service ЖШС және т.б. Қазақстанның танымал ірі ет өңдеу кәсіпорын басшылары қатысқан.
Министрліктің сайтындағы хабарламаға сүйенсек, ет өңдеу шаруашылығының өкілдері министрге қайта өңдеу үшін шикізат пен қаржының жетіспейтінін айтқан. Яғни, ақша жоқ – шикізат жоқ немесе керісінше. Соның салдарынан кәсіпорындарда жүктеме азайған, орташа есеппен 30-40%-ды құрайды. Оған қоса, өзбекстандық кәсіпкерлердің Қазақстаннан малды тірідей сатып алу үдерісінің артуы да қиындық тудырып отыр. Себебі олар қазақстандық табиғи етті сатып алып өңдеп, шетелдерге өзбекстандық тауар ретінде тасымалдауда.
Иә, Өзбекстанның Қазақстаннан мал алып жатқаны туралы әңгіменің шыққаны бүгін емес, өткен жылы да айтылған. Негізгі себеп – бағада. Өзбек кәсіпкерлері қазақтың малына іштегі бағадан қомақты қаржы ұсынуда. Фермер қолындағы малын кім жоғары баға берсе, соған сататыны нарық заңы.
Әйтсе де, мына дерек назар аударарлық. Министрліктің мәліметінше, 2019 жылы Қазақстаннан шетелге 156 мың бас сиыр шығарылған. Оның басым бөлігін 78% (121,6 мың бас) Өзбекстан сатып алса, 14% -ы Арменияға экспортталыпты. Сондай-ақ 264 мың бас қой шекара асқан. Қойдың да 76%-ын (200 мыңнан астам) өзбектер әкетсе, 21,5 мың бас Ресейге, 18 мыңы Әзербайжанға, 12 мыңдайы Иранға саудаланған.
Осылайша, министрлік Үкіметке тірі малдың экспортына шектеу қоюды ұсынып отырғаны белгілі болды. Өйткені төрт түлікті тірідей экспортқа жаппай шығару ішкі нарықтағы бағаның өсуіне әсер етіп отыр.
Алайда дүйсенбі күні министрліктің мәлімдемесіне қарсы брифинг өткізген.
«Қазақстанның ет одағы» бірлестігі ол уәжбен мүлдем келіспейді. «Бізде экспорт ішкі нарықтағы бағаның өсуіне әсер етіп отыр деген мәселе жиі айтылады. Бірақ бағаның көтерілуі жалғыз ет емес, әлеуметтік маңызы бар өнімдердің барлық түрінде байқалып отыр. Оған 19 тауар түрі кіреді. Мәселен, нан өнімдері мен жарма бағасының өсуі жылына 12,7%, сүт – 10,3%, май – 12,1%, жұмыртқа – 11,4%, құс еті 11,6% қымбаттады. Өнімнің бұл түрлерін экспорттап жатқан жоқпыз, онда неге олардың бағасы қымбаттады?», – дейді «Қазақстанның ет одағы» бірлестігінің басшысы Асылжан Мамытбеков.
Айтқандай, Ет одағы өткізген брифингке жиналғандар арасынан сенбі күні министрдің жиынына қатысқан кәсіпорындардың өкілдері көрінбеді. Басқосуға «Ет индустриясы» ЖШС директоры Қайыржан Наурызғалиев және фермерлер Нұрлыбек Жолдыбаев (Бауырлар-НАРМ), Ақылбек Сағитов (Мкадес), Данияр Капушев («Малика» фермасы), Жеңіс Бекназар («Барылай» агроқозғалысы), Амангелді Сопбеков («Құт Береке» ЖШС) қатысып, пікірлерін ортаға салды.
Айта кету керек, басқосу брифинг түрінде басталғанымен қыза келе сипаты дөңгелек үстел форматына ауысып кеткендей болды. Жиынға келген депутаттар Дүйсенғазы Мусин мен Мұрат Теміржанов, экономист Мұхтар Тайжан және экс-вице-министр Арман Евниев өз ойларын ортаға салып, саланың күрделі проблемаларын ашып көрсетті.
Өзбекстан соңғы жылдары ашық экономика саясатына көшіп, нарығын ашып тастаған. 34 миллионға тарта халқы бар мемлекеттің шекарасын ашқаны бір жағынан Қазақстанның оңтүстігінде тұратын халыққа да тиімді болып тұрғаны жасырын емес. Түркістан облысынан келген кәсіпкерлер бағаның көтерілгені мал шаруашылығы индустриясының өркендеуіне жол ашқанын айтады. «Осыдан үш жыл бұрын мал арзан кезде қоралар бос қалып, ешкім малға қарамай кеткен. Енді өсіп еді, іскер жігіттер қайта орала бастады. Өзбекстанның Ташкент облысында 15 млн халық бар. Біздің Сарыағаш ауданының тұрғындары бір ірі қарасын 150-200 мыңға сатқаннан гөрі, Өзбекстанға апарып, 300-350 мыңға сатқан тиімді. Оңтүстік жұрты экспорттан пайда көріп отыр. Ал оны шектесек не болады? Сондықтан мұны жан-жақты қарастыруды сұраймыз», – дейді «Құт Береке» шаруа қожалығының басшысы Амангелді Сопбеков.
Ет одағы бірлестігі басшыларының айтуынша, тірі мал экспортына тыйым салу – экономикалық тұрғыдан тиімсіз тәсіл. Асылжан Мамытбеков шектеу қазіргі индустрия мен оң динамикаға кері әсер етуі мүмкін екенін жеткізді. «Малды тірі күйінде экспорттау халықаралық тәжірибеде бар. Ол мал шаруашылығы саласындағы үлкен жетістік саналады. Мысалы, Австралия бір жылдың ішінде Таяу Шығыс пен Азияға 1 млн бас ірі қара, 2 млн бас ұсақ мал сатады. Олар оны өздерінің ветеринарлық деңгейінің жоғары көрсеткіші ретінде мақтан тұтып айтады. Сондықтан экспорттың қандай түрі болсын жетістік деп қабылдауымыз керек», – дейді ол.
Әйтсе де, министрліктің мал экспортына мораторий жариялауының да мәнісі бар. Қазақстанда мал басын көбейтудің ұлттық бағдарламасына орай 2018-2027 жылдар аралығында ірі қара саны қазіргі 7 миллионнан 15 миллионға, қойдың саны 18 миллионнан 30 миллионға жеткізілуі тиіс. Осыға орай қой еті мен сиыр етінің жылдық өндірісі қазіргі 600 мың тоннадан 1,1 млн тоннаға өсуі қажет. Әрине, үлкен жоба, әлеуетті көрсеткіш. Бірақ бағасына қызығып төрт түлікті тірі күйінде жаппай сыртқа саудаласақ, мал басы өсе ме?
Сол себепті министрлік малды тірі күйінде экспорттауды шектеп, аналық малды экспорттауға түбегейлі тыйым салу керегін алға тартуда. Осыған байланысты, бордақылау алаңдары мен ет комбинаттарының өтініштеріне сәйкес Ауыл шаруашылығы және Қаржы министрліктерінің 2019 жылғы 21 қазандағы «ауыл шаруашылығы жануарларын шығарудағы кейбір мәселелері туралы» бірлескен бұйрығына өзгерістер енгізу туралы шешім қабылданған.
Қазақстан ет одағы бірлестігі келтірген дерекке сүйенсек, еліміз ішкі нарықты етпен қамтуда 102% көрсеткішке қол жеткізген. Оған асылтұқымды мал басын көбейту бағдарламасы оң әсер еткен.
– «Сыбаға» бағдарламасы іске асырылған жылдар ішінде (2011-2018 жж.) сиыр етін өндіру саласында барлық технологиялық тізбек қалыптасты, өндіріс халықаралық стандарттарға сәйкес келтірілді», – деді А. Мамытбеков.
Нәтижесінде, 20000 жаңа отбасылық типтегі ферма пайда болып, өнеркәсіптік типтегі 50 бордақылау алаңы мен 15 заманауи ет өңдеу зауыты салынды. Сондай-ақ фермерлер қазіргі заманғы әлемдік генетикаға қол жеткізді.
Алайда салада шешілмеген түйін әлі де көп. Соның бірі – жыл сайын сойылатын малдың нақты есебін алу немесе өнімнің жиынтық көрсеткішіне қол жеткізу ісі күрделі күйінде. Өйткені әр аулада, жеке қорада сойылып, базарларға сатылатын еттің көлемін анықтау қиын. Одан бөлек, ет өндірісінің көлеңкелі нарығы мен жеке кәсіпкерлердің салық төлемеуі, санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды сақтамау секілді проблемалар шешілмеген.
Иә, ет өндірісі Қазақстан экспортының басты «көзіріне» айналуы үшін атқарар іс шаш-етектен. Ең қиыны, тек былтырдың өзінде көрші елдерге сатылған 156 мың бас ірі қараның ішінде қанша асылтұқымды малдың кеткені туралы нақты ақпарат жоқ. Ал Қазақстан әрбір шетелдік етті, сүтті сиырды доллармен сатып алып, ұшақпен жеткізгені белгілі. Сонда мемлекет қаржысына сатып әкелінген малды бүгінгі нарық бағасына қызығып, шекара асыра берсек, несіне басын өсіруге, күтіп-баптауға шығын жұмсаймыз?
Қысқасы, министрлік пен Ет одағы ортақ шешімге келіп, жақын арада бұл істі бір жағына шығарады деп сенуге тура келеді.