Өткен жылдың соңғы тоқсанында «Қарапайым заттар экономикасын дамыту» бағдарламасы аясында «Жамбылдықтардың тұрмыстық табысын жақсарту» жобасы қолға алынған болатын. Ауылдағы ағайынның әл-ауқатын арттыруға бағытталған жоба жүзеге аспас бұрын өңір басшысы Асқар Мырзахметов әр ауданды жеке-жеке аралап, ауылдағы әрбір ауланы көзімен көріп шыққан еді. Енді, міне пилоттық жобаға қатысуға ниет білдірген ауыл азаматтарының алды көздеген қаржысына қол жеткізе бастады.
Жобаға өтінім білдіргендердің басым бөлігі атакәсіпті дамытуға бел буғандар. Енді өңірдегі эпизоотиялық жағдайды тұрақты ұстауды назардан тыс қалдырмаған жөн. Осыған орай Шу ауданы әкімдігінің ветеринария бөлімі облыс әкімдігі ветеринария басқармасының мамандарын ауданға арнайы шақырып, пилоттық жобаға енген ауыл тұрғындарымен кездесу өткізді. Онда аудандық ветеринария бөлімінің басшысы Болат Ниязбеков малды түрлі жұқпалы аурулардан сақтап, ауру ошағын тудырмас үшін ең алдымен нені ескеру керек екенін атап өтті.
– Қазір пилоттық жоба аясында 21 адам жеңілдетілген несиеге қол жеткізді. Ендігі мәселе – ауылдықтардың ауру малды сатып алмауын қатаң қадағалау. Ол үшін тұрғындар мал сатып аларда ең әуелі малдың анықтамасы мен құжатының болуын талап етуі қажет. Сонымен бірге мал алмас бұрын Жаңақоғам ауылдық округінің ветеринар мамандарын ауызша ескертуі керек. Одан кейін сатып алынған мал бір апта карантинде тұруы қажет. Ал шет мемлекеттен әкелген төрт түлік 21 күнге дейін карантинде тұрады. Біздің мамандар ол малдан қан алып, қауіпті аурудың бар-жоғын анықтап, тыңғылықты тексерістен өткізеді. Бүгінгі таңда ауданымыздың ветеринария саласында жүргізіп жатқан жүйелі жұмыстардың нәтижесінде өңірімізде аса қауіпті аурулар тіркелмей, эпизоотиялық тұрақтылықты сақтап отыр. Ауру ошақтары анықталған жоқ. Естуімше, несиеге қол жеткізген бірқатар ауыл тұрғындары көршілес Мойынқұм және Меркі аудандарынан да мал сатып алуда. Сондықтан сатып алушылар алған малының ауру-сырқаудан аман болғанын қаласа, жоғарыда аталған талаптарды қатаң сақтауы керек, – деді ол.
Облысымыздағы эпизоотиялық тұрақтылықты сақтау жергілікті атқарушы биліктің ветеринариялық қызметіне тиесілі екені айтпаса да белгілі. Ал тұрақты эпизоотиялық жағдай еліміздің ауыл шаруашылығы саласындағы экспорттық әлеуетін дамытудың негізі саналады. Сондықтан да малдың әртүрлі қауіпті кеселге шалдықпауын, олардан алатын өнімдердің адам денсаулығына зиян келтірмеуін қамтамасыз ету бағытында тынымсыз еңбек ететін ветеринар мамандардың рөлі ерекше екенін айта кету керек. Облыс әкімдігі ветеринария басқармасының бөлім басшысы Қанат Қартабаев төрт түлік ауруларына тосқауыл қою үшін барын салып жүрген ветеринар мамандардың ауыр жұмысына ауылдықтар да атсалысу керегін айтады. «Ауыл азаматтарының ішінде малды сатушы мен сатып алушының арасындағы келісімшартты ветеринарлар жасайды деген қате пікір қалыптасқан. Жергілікті жердегі сала мамандары тұрғындарға жәрдемші ғана екенін ұмытпауымыз қажет. Ол сатып алған малды ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру дерекқорына тіркеп, ауру-сырқаудан аман екенін анықтап, осы бағыттағы құжаттарын рәсімдеп береді. Оның өзі мал иесінің жазбаша өтініші бойынша жүзеге асады. Мәселен, мал сатып аларда ветеринариялық анықтаманы міндетті түрде алуы керек. Дәл осы анықтамада сырғаның нөмірі жазылады. Ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру дерекқорына тіркелген малға қашан және қандай дәрі егілгені, қай уақытта қан алғанына дейін ақпарат болады. Сондықтан дерекқорға енгізу де маңызды болып есептеледі. Сонымен қатар карантин дегеніміз – қораңызға келген малдың аурудан таза екенін, ұрлық мал емес екенін анықтау үшін атқарылатын іс-шара. Карантин кезінде малдың ауру екені анықталатын болса, оны бұрынғы иесіне қайтарып беру құқығына ие боласыз. Сол үшін де ветеринар мамандардың кеңесіне құлақ асқан жөн», дейді бөлім басшысы.
Мал ауруларын болдырмау тек ветеринар мамандарының ісі емес. Төрт түлік ауруларының алдын алу мен жою мақсатында әрбір жеке және заңды тұлға, әсіресе мал өсірумен, олардан алатын өнімдер мен шикізаттарды өңдеу және сатумен айналысатын барлық тұрғын дер кезінде дәрі егу шараларын жүргізуге, ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіруді қамтамасыз етуге міндетті. Сонымен бірге қора-жайларын таза ұстап, барлық талапты сақтауы тиіс. Бұдан бөлек, жаңадан мал сатып алғанда, сойғанда немесе сатуға өткізгенде, сондай-ақ сояр алдында ветеринариялық-санитариялық сараптама жасамай сатпауы қажет. Әрбір жеке тұрғын қорасына ветеринариялық тексеру жүргізгенде мамандардың жұмысына кедергі келтірмеуге, төл алғанда, мал ауырған жағдайда ветеринария саласындағы мамандарға хабарлауға міндетті саналады. Қалай дегенмен де ветеринария мамандарының алдында тұрған басты міндет – облыстағы эпизоотиялық тұрақтылықты сақтап отыру және аса қауіпті экзоотиялық ауруларды болдырмау. Экзоотиялық ауру дегеніміз – шет мемлекеттерден келетін ауру ошағы. Ал Жаңақоғам ауылдық округінің тұрғыны Талап Махамадиевтің сөзіне сенсек, пилоттық жобаның аясында округ тұрғындары 4000 бастан аса ірі қара мен уақ мал сатып алмақ. Олардың арасында Қырғызстан мен Ауғанстан елдерінен де мал әкелетіндер бар көрінеді. Міне, сол себепті де төрт түлікті сатушылар мен сатып алушылардың салғырттыққа жол бермеуін қатаң қадағалау аса маңызды міндеттердің бірі болып отыр. Ауыл тұрғындары күнделікті көже-қатығына пайдаланып отырған ет және сүт өнімдерінің таза болуын қаласа, жоғарыда аталған талаптарға бой ұсынуы қажет.
ЕрманҚАНЖАНҰЛЫ,
Жамбыл облысы