1 наурыз – Алғыс айту күні қарсаңында «Сәби бақыты» қорының қолдауымен «Nur Otan» партиясының «Бақытты отбасы» партиялық жобасы аясында Өскемен қаласындағы «Үміт» балалар үйінде шаштараз өнері, визаж, маникюр және педикюр дағдыларына үйрету бойынша шеберхана ашылды.
Шараға «Nur Otan» партиясы Шығыс Қазақстан облыстық филиалының Саяси жұмыстар бөлімінің басшысы Саят Ибраев, облыстық Білім басқармасының және БАҚ өкілдері қатысты. Кездесуде сөз сөйлеген «Үміт» балалар үйінің директоры Мария Баймұқанқызы шеберхананы ашуға атсалысқан барша азаматтарға алғысын айтты. – Келешекте осы балалар үйінің тәрбиеленушілері бұл шеберханада машықтанатын болады. Олар кәмелет жасына толып, балалар үйінен шыққан кезде қолдарына сертификат алады. Яғни, дайын маман атанады. Бұл біздің тәрбиеленушілеріміз үшін керемет мүмкіндік. Мұндай шеберхана бізден басқа ешқандай балалар үйінде жоқ. Шеберхананың ашылуына қолдау білдірген «Сәби бақыты» қоғамдық қорына өз атымнан және барлық балалардың атынан алғыс білдіремін, – деді М.Баймұқанқызы. Ал «Сәби бақыты» қорының жетекшісі Ақмарал Мамедова мұндай қадамға балаларға қуаныш сыйлау үшін, жәрдемдесу үшін барғанын жеткізді. – Біздің мақсатымыз – балаларға қуаныш сыйлау, мүмкіндігінше көмек қолын созып, қолдау көрсету. Орталық толықтай қажетті құрал-жабдықпен толықтай қамтамасыз етілген. Балалар бос уақытын тиімді өткізетініне сенемін, – деді қор жетекшісі.Әбілмансұр ЖАСАН