«Ұлытау» тобы Лос-Анджелесте ұйымдастырылған The Djooky Music Awards байқауында 1-орын алды.
Қыдырәлі Болман негізін қалаған топ АҚШ-тың Лос-Анджелес қаласында өткен Djooky Music Awards халықаралық музыкалық байқауында рок-металл санаты бойынша оза шапты. Олар Махамбет Өтемісұлының «Жұмыр қылыш» күйін орындады. Байқау онлайн дауыс беру арқылы өтті. Дауыс беру 27 ақпан таңғы 06.00-де басталып, 1 наурыз күні аяқталды. «Бүкіләлемдік жеңіс құтты болсын, қазақ елі! Мың алғыс, мың тағзым! Күмбірлеген, тасып-төгілген күйлерімізді әлемнің сахнасына шығарып, домбырамызды аламан бәйгелерге қосып, бас жүлделер бұйыртқан Аллаға сансыз мадақтар болсын! Үлкен қолдау қөрсетіп, таңғы 6.00-ге дейін «Ұлытау» тобымен бірге болған сіздерге, Қазақстан өнер жұлдыздарына, біртұтас қазақ еліне, мың алғыс, мың тағзым!», – деп жазды Қыдырәлі Болман Instagram парақшасында. Мәлімет бойынша, Djooky Music Awards халықаралық музыкалық байқауына әлемнің 86 елінен 13 музыкалық бағыт бойынша музыканттар бақ сынады. Байқау қорытындысы америкалық продюсер Брайан Малуф шешімі мен көрермендердің дауыс беруінің нәтижесінде шықты.А. ЖОЛДАС