Тәуелсіздік тариxы жаңаша зерделенуі тиіс – Бүркітбай Аяған
Тәуелсіздік тариxы жаңаша зерделенуі тиіс – Бүркітбай Аяған
789
оқылды

Бабаларымыздың сан ғасырларға созылған күресінің ұлы жемісі – Тәуелсіздік. Биыл – Тәуелсіздігімізге 30 жыл! 30 жылда ұлт тарихын түген­деп, толықтырып, зерттеп-зерделей алдық па? Жоғалғанымыз табылып, өш­кеніміз қайта жанды ма? «Ұлы даланың жеті қыры» атты бағдарламалық мақаласында Елбасы: «Ежелгі Рим деген қазіргі Италия емес, бірақ ита­лиялықтар өздерінің тамырымен мақтана алады. Бұл – орынды мақтаныш. Сол сияқты ежелгі готтар мен бүгінгі немістер де бір халық емес, бірақ олар да Германияның мол тарихи мұрасының бір бөлшегі. Полиэтникалық бай мә­дениеті бар ежелгі Үндістан мен бүгінгі үнді халқын тарих толқынында үз­діксіз дамып келе жатқан бірегей өркениет ретінде қарастыруға болады» деп жазады. Бұл – тарихқа дұрыс көзқарас. Қазақ тарихының да тамырына терең үңіліп, оның күрмеулі түйінін шешуге мүмкіндік туды. Бұл мүмкіндікті тарих­шылар қалай пайдаланып жүр? Біз бұл сауалымызды белгілі тарихшы Бүр­кітбай Аяғанға қойған едік.

– Елбасы «Бабаларымыздың сан ғасыр­лар­ға созылған күресінің ұлы жемісі ретінде Алла Тағала бізге тәуелсіздігімізді нәсіп етті. Бар тарихымызды түгендеп, оны жас­та­ры­мыз­дың санасына сіңіре білгенде ғана іргесі мы­ғым, мақсат-мүддесі айқын, қуатты елге ай­наламыз» деді. Қуатты, іргелі елге айналу жо­лында атқарылған істер қандай? – Әлемде жүздеген ұлттар мен ұлыстар бар, бірақ олар осы күнге дейін тәуелсіздік дә­мін татпаған, мысалы саны 40 миллионға жуық күрдтер. Аллаға мың рақмет, қазақ өз мемлекетін құрып, кезінде шекарасына дейін анықтаған халықтарға жатады. Қуатты, іргелі ел болу үшін бізге үш са­ла­­да реформа жүргізіп, ел қатарына тез қо­сылуымыз керек еді. Біріншіден, баяғы Кеңес жүйесінен қал­ған ешкімге қарамайтын меншікті на­рық меншігі, яғни оларға қожайын тауып беру керек болды. Халықаралық ұйымдар елі­­мізді «Нарық талаптарына сәйкес» ел деп танығаны –  инвестициялардың келуі­не жол ашты. Екіншіден, саяси реформа жүргізу ар­қы­лы президенттік билік, парламенттік жүйе, көппартиялық жүйе, еркін баспасөз сияқ­ты заманауи жаңалықтар іске қо­сыл­ды. Оның жемісін көрдік. Мысалы, қысқа мерзімде шекарамыз ай­қындалып, астанамызды ауыстырдық. Көп­­теген халықаралық одақтарға мүше бол­­дық. Үшіншіден, рухани саладағы істер. Мы­­­салы, біз тілімізді қорғай білдік, тари­хы­­мызды түгендедік. «Мәдени мұра», «Ғы­лы­ми қазына», «Халық тарих тол­қынында», «Ұлы даланың жеті қыры» сияқты бағдар­ла­малар іске асты. Шетелден қаншама жәдігер елге қайт­ты, елді мекендердің атауы өзгерді! Айта берсек, әлі де талай істерді тіз­бек­теуге болар еді. «Қолда барда алтын­ның қа­дірі жоқ» дейді атам қазақ. Сон­дықтан бая­ғы Кеңес дәуірін сағынып, тіпті «ком­му­низмнен өтіп кетіппіз» ғой деп жыла­ған­дарды түсінбеймін. – «Тәуелсіздік бәрінен қымбат!». Жал­пы, тәуелсіздікті көздің қарашығындай сақ­тау үшін не қажет? – Өткенін білмеген адам ұлтының қа­дірін де, тәуелсіздіктің қасиетін де біл­мей­ді. Қазақ тәуелсіздік жолында қан­дай жай­ды бастан кешірді, бүгінгі мем­лекет­ті­лікке қалай қол жетті? Мұның бар­лығы бо­ла­шақ ұрпақтың жадында бол­са, сонда ба­рып тәуелсіздік тағылымдылығы арта тү­седі. Тәуелсіздіктің қандай қиын­дық­тармен келгенін түйсінген жастар сонда ға­на өз елінің тәуелсіздігін қорғауға, сақ­тауға күш салады. Тарихтың ащы сабағын тү­сініп қана қоймай, одан қо­рытынды жасай алады деп ойлаймын Ең қажеті – бірлік-береке, отаншылдық ұғы­мы деп айтар едім. Бүркітбай Аяған – «Мәдени мұра» бағдарламасы ая­сында ар­хеология, тарих, этнология, мә­дениет са­ласында көптеген іс-шара ат­қарылды. Қан­шама құнды дүниелер тап­тық. Қазақ тари­хын толық түгендей ал­дық па? – Тәуелсіздік алғаннан бері тарихты тү­­­­гендеу барысында атқарған жұмыс аз бол­­ған жоқ. Мәселен, 2004-2007 жыл­дары «Мәдени мұра» бағдарламасы іске асып, ұмыт қалған және белгісіз болған деректер жарыққа шықты. Нақтырақ айтсақ, 537 кітап 1,5 мил­лионнан астам тиражбен шы­ғарылды, олардың ара­сында тарихқа, ар­хеологияға, этног­ра­фия­ға, жаңа энцикло­педиялық сөздік­терге байланысты қайта­ланбас сериялар кездеседі. «Архив – 2025» бағдарламасы тарихты түгендеуге зор мүмкіндік туғызып отыр. Бағ­дарламаның ең басты міндеті – архив са­л­асы жұмысын оңтайландыру және же­тілдіру. Әрбір құжат тарихтың ақтандық бет­терін ашады. Алайда біздің архивтердегі мә­ліметтер қазақ халқының болмысын ашу­ға жеткіліксіз. Тың деректердің көбін шет­елдік архивтерден табамыз. Соңғы екі жылда құрамында тарихшы ға­лымдар мен архив қызмет­кер­лері бар ғы­лыми экспедициялар Ресейдің Мәскеу, Санкт-Петербор, Омбы, Орынбор, Астра­хан қалалары мен Түркия, Иран, Венгрияға ба­рып қайтты. Өзім АҚШ архивінде, кейін Ни­дерланд корольдік архивінде «Болашақ» бағдарламасы бойынша жұмыс атқарып келдім. 2019 жылдың қыркүйек айында бірша­ма ғалымдар Отан тарихы бойынша бел­гі­сіз архив құжаттарын анықтау мақса­тын­да Қазан архивінде жұмыс істеп келді. Татарстанның мемлекеттік архивінен қа­зақ тарихына қатысты белгісіз құжаттар та­былып, оның көшірмесі алынды. Мы­салы, оның ішінде Алтын Орда ханы Мах­муд­тың Осман империясының сұлтаны Фатих Мехмедке жазған хаты бар. Онда ол хан тағына отырғанын хабарлап және керуен саудасын ретке келтіріп, тату көр­ші­лік қатынасты жалғастыруды ұсынады. Табыл­ған құжаттардың маңызы Алтын Орда хандарының беймәлім, әлі күнге құ­пия болып отырған тұстарын одан әрі байы­та түсетінінде деп білеміз. Ғалымдардың ендігі міндеті – әкелген құ­жат көшірмелерін ғылыми өңдеуден өт­кізіп, ғылыми айналымға енгізу. Болашақта мемлекеттік және ұлттық архивтерден кез кел­ген зерттеуші ешқайда шықпай-ақ, та­ри­хи құжаттарды тауып пайдалана алады. Тарихымыз солай түгендене береді. – «Әуесқой тарихшыларға үрке қарамау керек» дейсіз. Тарихи бірізділік болмай, та­ри­хымызды түгендей алмайтынымыз тағы бар. Жалпы, тарихты кім жазуы керек? – Нұрсұлтан Назарбаев «Ұлы даланың же­ті қыры» атты мақаласында: «Біз басқа ха­лықтардың рөлін төмендетіп, өзіміздің ұлы­лығымызды көрсетейін деп отырға­ны­мыз жоқ. Ең бастысы, біз нақты ғылыми дерек­­терге сүйене отырып, жаһандық тарихтағы өз рөлімізді байыппен әрі дұрыс пайымдауға тиіспіз», – деді. Қазақтың тәуелсіздік тариxы да жаңаша зерделенуі тиіс. Сондықтан да қазіргі за­ма­науи қазақстандық қоғамда өз еліміздің өт­кеніне, тарихына, жекелеген тұлғаларға немқұрайды қарамауымыз керек. Біз мық­ты елміз, шаңырағымыз биік десек, ең ал­­дымен тарихымызды түзеуіміз керек. «Ха­­лықсыз – тарих жоқ, тарихсыз – халық жоқ» деген нақыл бекерге айтылмаса керек. Қазір «кәсіби тарихшылар» мен «сырт­тан қосылған тарихшыларды» бөлу бар еке­нін жақсы түсінемін. Бірақ мынаны ес­керуіміз керек. Мәселен, Шоқан Уәлиха­нов тек кадет корпусын ғана бітір­ген аза­мат қой. Ал бар әлем оның тарих ғылымына қос­қан үлесін керемет деп санайды. Сон­дай-ақ жазушы Ілияс Есенберлин соғыстан кейін политехникалық институтты бітір­ген. Ал оның «Ұлұқ Ұлыс Алтын Орда», «Қа­зақ хандығы туралы» еңбектеріндей кітап­ты ешкім жаза алған жоқ. Қорғағаны бар, атағы бар кейбір оқығандар сол іздену­ші деңгейінде қалғанын тағы көріп жүрміз. Сондықтан тарих ғылымын дамыту үшін өз үлесін қосамын деген адамды кеу­де­сінен итермеу керек. Қайта ондайларды қос­тап отыру қажет деп ойлаймын. Мы­салы, біздің ортамызда Ғизат Табулдин де­ген азамат бар. Оның мамандығы тарих­шы емес. Бірақ ол Марат Нәбиев деген кәсіпкер екеуі талай карталарды Ресейден өз ақшасына сатып алып, елге қайтарды. Кар­таларда Кеңес үкіметі орнағандарға дейінгі жер-су атаулары сайрап тұр. Бұл тарих ғылымы үшін таптырмайтын зат. Айтпақшы, ол да тәуелсіздігіміздің жемісі ғой! Сондықтан ұлт тарихына қосылған дүниенің аз-көбі болмайды. Аз ғана үлес қос­саңыз да, оның орны өлшеусіз! Тарих тек зерттеу-зерделеуден тұрады. Қазақ тари­хы әлі де толыға түседі деген ойдамын. Оған тәуелсіздіктің қосқан үлесі зор. Тәуел­сіз ел болмасақ, тарихымызды түген­деп, бүтін ұлт ретінде әлемге таныла алмас едік. Сол себепті, Президентіміз айтқандай, «Тәуелсіздік бәрінен қымбат!» – Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Гүлзина БЕКТАС