Ұлттық қор – қауіпсіздік кепілі
Ұлттық қор – қауіпсіздік кепілі
1,142
оқылды

2000 жылы Елбасы Н.Назарбаевтың Жарлығымен Ұлттық қор құрылды. Бұл бастама елдің қаржы қауіпсіздігін қамтамасыз етуі тиіс еді. 1997-1998 жылғы Азиядағы қаржы дағдарысы, 1998 жылғы Ресейдегі дефолт кез келген мем­лекетке экономиканы тұрақты ететін ресурстар қажет екенін көрсетті. Кеңес экономикасы, инфрақұрылымы ыды­рап, мұнайдан түскен ақшаға жыртығын жаба бастаған ел үшін бұл ертеңгі күннің қамын ойлау еді. Себебі Ұлттық қорға мұ­найдан түскен салық, үстеме табыс пен мемлекет мен­ші­гіндегі мүлікті жекешелендіруден түскен пайда жиналды. Ол уақытта бұл қаражатты жинағаннан гөрі қажетке жарату тиімді көрінді. Бірақ ел ертеңі одан да маңызды еді. 

Ұлттық қордың негізгі мақ­саты – келешек ұрпақ үшін қаржы жинағын қалыптастырып, әлем­дік шикізат нарығында бо­лып жатқан өзгерістердің ел эконо­микасына ықпалын кеміту. Бас­қаша айтса, экономиканың өзін­дік қауіпсіздік және қорғаныс кепілі. Жалпы, мұндай қор құру тың жаңалық емес. Әлемдік прак­­тикада бұ­рыннан бар. Мә­селен, Кувейт 1953 жылы Kuwait Investment Authority қорын, Бі­ріккен Араб Әмірліктері 1976 жылы Abu Dhabi Investment Authority қорын, Норвегия 1990 жылы мемлекеттік зейнетақы қорын құрған. Аталған елдер де мұнай мен газдан түскен үстеме табысты бюджеттен бөлек арнайы қорға жинаған. Заң бойынша Ұлттық қорға келесі көздерден қаражат түседі. Мұнай секторындағы табыс (кор­поративті табыс салығы, пайдалы қазбаларды өндіру салығы, бо­нустар, экспортқа рента салығы, үстеме табыс салығы), мемлекеттік және ұлттық компанияларды же­кешелендіруден түскен табыс, жер сатудан түскен табыс, қордың инвестициялық табысы және та­ғысын тағылар. 2007 жылға дейін Ұлттық қорға ақша тек жиналды. Яғни, одан қаражат алудың қажеті болмады. Қорды Ұлттық банк басқарады. Ал оның ісін Пре­зидент төрағалық ететін арнайы кеңес бақылайды. Жалпы, бұл қорды құрудың қажеті болды ма? Неге мұнайдан түскен бар ақшаны 2000 жылдан бастап барлық әлеуметтік, ин­фрақұрылымдық проблеманы ше­шуге жұмсамады деген сауал туындайды. Себебі 2004 жылы өткен парламенттік сайлау ал­дында «Ақ жол» партиясы мұ­найдан түскен пайданы әр аза­матқа бөліп, 17 мың теңгеден тара­тып беруді ұсынды. Бір қарағанда электорат үшін қызық ұсыныс. Ел азаматы болғаның үшін бір уыс ақша қалтаңа топ ете қалады. Алайда бұл бюджет ақ­шасын бүгін тауысып, ертеңді ойламайтын бастама еді. Ендеше бұл қор не үшін қажет болды? Біріншіден, мұнайдан түскен артық пайданы бюджетке емес, басқа қорға сақтау арқылы мем­лекет голланд ауруына ұшы­рау­дың алдын алды. Яғни, мұнайға есірткі секілді тәуелді болмай, эконо­ми­каның басқа да сек­торлары дамып, пайда әкелуге жұмыс істеді. Екін­шіден, соңғы он­жыл­дықта болған әлемдік эко­но­микалық, қаржылық дағ­да­рыстар қордың қажет екенін көр­сетті. Себебі республикалық бюджеттің дефициті Ұлттық қор қаражаты есебінен жабылды. Осылайша, Қазақстан сөз болған қиын­дық­тардан минималды шы­ғындармен өтуге мүмкіндік алды. Сөзімізге дәлел болатын ал­ғашқы кейс – 2008 жылғы әлемдік қаржы дағдарысы. АҚШ-тың ипотекалық баспана на­рығында, нақтырақ айтсақ Lehman Brothers Holdings-тың банкроттығынан басталған дағдарыс өзге елдерге тез тарады. Отандық банктер шетелден әдеттегінше несие ал­ған. Кре­диторлар қарызды мер­зімінен бұрын төлеуді талап ете бастады. Шетелден келетін ин­вестиция күрт азайды. Мұнай бағасы рекордтық 143 доллардан қысқа уақытта 33 долларға жалп етті. Экспортының басым бөлігі қара алтыннан тұратын Қазақ­станға аталған фак­торлар кері әсер еткені рас. Міне, осындай қысылтаяң кезеңде ел эконо­микасына жетпей жатқан қара­жатты Үкімет Ұлттық қордан алуға шешім қабылдады. Бұл кезде Ұлттық қорда 21,5 млрд доллар жиналған еді. Қиын күнде жа­ратамыз деп артық ақшаны сан­­дықтың астына жинағандай бөлек сақтау дұрыс шешім бол­ғанын сол 2008 жылы қоғам түсінді. Мұндай қорларды ха­лық­ара­лық қатынаста sovereign wealth fund деп әспеттейді. Олардың қажет екенін өзге мемлекеттердің тәжіри­бесі де дәлелдеген. Мә­селен, әлем­дегі ең үлкен мұн­дай қордың бірі– Норве­гияның мемлекеттік зейнетақы қоры. Қа­зақстан Ұлттық қорды құрғанда норвег тәжірибесін бас­шылыққа алған. Биыл бұл қорда 1,289 трлн доллар жиналды. Аталған қор инвестициялық сая­сатта өзгелер­ге үлгі саналады. Мәселен, қор­дың 65 пайыз активі компа­ния­лардың акциясы. Норвегия АҚШ-тың тех­но­ло­гиялық алып­тарының акция­ларына қаражат құйған екен. Биыл тек Tesla ак­циялары 700 пайыз өскенін ес­керсек, ба­ғыты дұрыс екені кө­рініп тұр. Был­тыр ко­ронавирус эпидемиясы эконо­микалық қиын­дық туғыз­ғанда Норвегия үкіметі 4,2 пайыз ақша (40 млрд доллар) алды. Ал 2008-2009 жылдары дағдарыс барысында да 4,1 пайыз ақша бөлген. Яғни, қысылтаяң мерзімде сары майдай сақталатын ұлт қо­рынан жырып ақша алып, ел эко­номикасына салу кең тараған тәжірибе. Ұлттық қордан қаржы алудың өз тәртібі бар. Кейде дағдарысты еңсеру үшін ғана емес, рес­пуб­ликалық бюджеттің жыртығын жамау үшін де ақша алынады. Мәселен, алдағы үш жылда Ұлт­тық қордан бюджетке қыруар қаражат аударылмақ. Нақтырақ айтсақ,  2021 жылы 2 700 млрд теңге, 2022 жылы  2 400 млрд теңге, ал 2023 жылы 2 200 млрд теңге. Әрине, бұл жақсы үрдіс емес. Себебі қор ақшасы бюд­жеттің жыл сайынғы кем-кетігін жабуға емес, байлықты келесі ұрпаққа жеткізу үшін де құрылған еді. Алайда былтырғы індеттің әсері көптеген елдің эконо­микасына соққы болды. Сон­дықтан Үкімет сырттан қо­сымша қаражат тартуға мәжбүр болды. Егер 2000 жылдан бері мұнайдан түскен үстеме табысты бөлек жи­намай, керекке жарата бергенде қазір Үкімет осынша қаражатты қайдан алар еді? Әрине, тағы да сырттан қарыз алуға мәжбүр болар еді. Осы себепті де Ұлттық қорды құру өзін-өзі ақтаған бастама деуге толық негіз бар. Сонымен, 2021 жылдың қаң­тар айындағы жағдай бойын­­ша Ұлттық қор активі 57,7 млрд дол­­ларға бағаланады. Әрине, бүгінгі есеп­шоттағы қаражатты рекор­дтық деуге келмес. Өйт­кені 2014 жылдың тамыз айын­­да 77 млрд долларға дейін жет­кен еді. Ұлттық қордың Қазақстан эко­номикасына оң әсерінің бірі – «голланд ауруына» қатты шал­дықпауымыз. 1990 жылдардың соңы, 2000 жылдардың басы мен ортасында мұнай бағасы тұрақты өсіп отырды және ел экспор­тындағы оның үлесі 75 пайызға жетті. Егер бұлай жалғаса берсе, Қа­зақстан 2010 жылға қарай мұ­най бағасына толық тәуелді мемлекетке айналар еді. Алайда мұнайдан түскен үстеме табысты бөлек жинау қажет деген Елбасы бастамасы республиканы осы тоқыраудан аман алып қалды. Иә, қазір де қара алтынды шетелге молынан жет­кіземіз. 2019 жылы экспорттағы мұнай үлесі 58 пайыз­ға жетті. Бірақ мұнай салығы Ұлттық қорға түс­кендіктен, әлем­дік на­рықтағы бағаның құбылуы рес­публика эко­номикасына аз әсер етеді. Алдағы уақытта да жаһанды біраз экономикалық күтіп тұрған болар. Дегенмен Ұлттық қор сынды ресурстар арқылы оларды еңсеру қиын бола қоймас.

БайғараНұрмұхамед БАЙҒАРА