Алматыда 9-қабаттан құлаған полицейдің анасы министрден көмек сұрады
Алматыда 9-қабаттан құлаған полицейдің анасы министрден көмек сұрады
172
оқылды

Полицей салынып бітпеген үйдің шатырында жүрген бір топ баланы төмен түсіру үшін шақыртылған. Бұл туралы КТК хабарлады.

Шатырда ойнап жүрген бір топ баланы сол маңайдағы үйлердің тұрғындары көріп полиция шақырған. Алайда жасөспірімдер тәртіп сақшысының сөзіне құлақ аспай, жан-жаққа  тым-тырақай қашқан. Сол сәтте полицейдің аяғы тайып кетіп, 9-қабаттан 7-қабаттағы бетонға құлап түскен. Кейін жасөспірімдердің салынып бітпеген үйдің шатырында Tik-tok түсіргені белгілі болды. Балаларды құтқармақ болып төбеге көтерілген полицей үшінші тәулік ес-түссіз жатыр. Туыстарының айтуынша, басына екі бірдей күрделі ота жасалған. Жақындары мүгедек болып қала ма деп қорқады. 38 жастағы Тимур Қалмұрзаев – кәмелетке толмаған балалардың ісі бойынша аға инспектор. Үш баласы бар. Келіншегінің төртіншісіне аяғы ауыр.

Анасы Бибігүл Қалмұрзаева: «Өмір мен өлімнің арасында жатыр. Әлі көрсеткен жоқ, бізді кіргізген жоқ. Білмейміз. Әлі есін жия алмай жатыр. Ішкі істер министрі Тұрғымбаевтан көмек сұраймын. Баламның қатарға қосылып кетуіне жәрдемдессе екен», – дейді.