Мемлекеттік бюджет есебінен ұсталатын мемлекеттік қызметкерлердің штатын 5 пайызға қысқарту қарастырылған. Оның ішіне Жарлық қосымшасында көрсетілген мемлекеттік органдар кірмейді.
Қысқартуға жатпайтын мемлекеттік органдардың тізіміне кіргендер: Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталық, ауылдар мен ауылдық округ әкімдерінің аппараттары, Жоғарғы сот кеңесі, Қорғаныс министрлігі, Конституциялық кеңес, Парламент палаталары, Президент Әкімшілігі, Президент ісінің басқармасы, Премьер-Министр кеңсесі, Тұңғыш Президент кеңсесі – Елбасы, Тұңғыш Президенттің Мұрағаты, Орталық сайлау комиссиясы.
Мемлекет басшысының «Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдары жүйесін одан әрі оңтайландыру жөніндегі шаралар туралы» Жарлығы бойынша 2021 жылғы 1 қаңтарға дейін «Б» корпусының бос әкімшілік мемлекеттік лауазымдарына орналасу жөнінен байқау жариялауға мораторий енгізілді. Оның ішінде жаңадан құрылған немесе қайта құрылған мемлекеттік органдар есепке алынбайды. Кейбір мемлекеттік органдар осы Жарлықтың қосымшасында көрсетілген.
Қазір құжат осы жылдың 27 қаңтарына дейін қоғамдық талқылауда болады. Оның жобасы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың биыл мемлекеттік қызметшілерді 5 пайызға қысқарту туралы бұйрығына сәйкес әзірленді. Енді 2020 жылдан бастап 2023 жылға дейін кезең-кезеңімен қысқарту жоспары орындалмақшы. Сол аралықта елдегі квазимемлекеттік сектордағы мемлекеттік қызметшілер мен жұмысшылар санының 25 пайызға азаюы республикалық қана емес, жергілікті деңгейде де жүргізіледі.