Бурабайда екі полицейді қағып өлтірген жүргізушіге қатысты сот үкімі шықты

Бурабайда екі полицейді қағып өлтірген жүргізушіге қатысты сот үкімі шықты

Бурабай аудандық сотының үкімі шықты. Көлікті мас күйінде айдап қос бірдей азаматтың ажалына себепші болған жүргізуші темірторға қамалды, – деп хабарлайды Aikyn.kz порталының тілшісі.

Сот барысында Воронцов осыған дейін де көлік айдау құқығынан айырылғанын анықтады. Дегенмен, бұл оның көлік тізгіндеп заңды өрескел бұзуына кедергі болмаған. Естеріңізге сала кетсек, өткен жылдың 14 қазанында араққа сылқия мас болған ол шешесінің көлігін мінген күйі бағдаршамның қызыл түсі жанғанына қарамастан, 120 км/сағат жылдамдықпен полицияның қызметтік автокөлігін соққан. Соққының ауыр болғаны соншалық «Лексус» маркалы көлік полицейлерді бірнеше жүз  метрге дейін итеріп барды. Салдарынан жұмысынан енді ғана қайтып бара жатқан қос полицей оқиға орнында көз жұмған. Ал Воронцовтың көлігінде отырған екі жолаушыға тек денсаулығына залал келген. Полиция бөлімінің көлігіне келтірілген залал көлемінің өзі 2 893 000 теңге соманы құраған.

«Воронцовтың кінәсін жолаушылар мен оқиға орнына дереу жеткен полиция қызметкерлері толықтай дәлелдеді. Олар көліктің рөлінде Воронцовтың өзі отырып, машинаны өзі жүргізгенін жеткізді.  Іс бойынша барлық қажетті сараптамалар өткізілді», – деді Бурабай аудандық сотының төрағасы.

Сот үкімі бойынша Воронцовқа орташа қауіпсіздік мекемесінде жазасын өтеуге 15 жылға бас бостандығынан айыру түрінде жаза кесілді. Ол өмір бойына көлікті басқару құқығынан айырылды. Қаза тапқан полицейлердің әрбірінің отбасындағы жәбірленушілерге 10 миллион теңгеден, ал полиция бөліміне келтірілген материалдық шығын өндіріліп алынды. Воронцовқа алкоголизмнен мәжбүрлеп емдеу тағайындалды. Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ,

 Ақмола облысы