Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Конституциялық кеңестің отырысына қатысты. Жиында Алматы қаласы Алатау аудандық сотының Қазақстан Республикасының «Тұрғын үй қатынастары туралы» заңының 107-бабының 8 тармақшасын конституциялық емес деп тану туралы мәселесі қаралды. Бұл туралы Елбасының ресми сайты хабарлады.
Жиында Елбасы аудандық соттың заң нормасына қатысты күмәніне орай ойын білдірді.
Конституциялық кеңестің төрағасы Қ.Мәми отырыстың еліміздің конституциялық дамуы тарихында айтулы оқиға екенін атап өтті. Іс-шара барысында сөз алған Конституциялық кеңес мүшесі Р.Мұқашев:
– Жиында сөз болып отырған мәселе заңның аталған нормасы жетілмегені және азаматтардың конституциялық құқықтарын жүзеге асыруға кедергі екенін білдіреді.
Ешкім өз атында жеке үйі жоқ адамды соттың шешімінсіз жалға берілген үйден шығаруға құқығы жоқ, – деді.
Жоғарғы сот төрағасы Жақып Асанов:
– Сот алдымен құқықтық шешімін жасауы керек. Заң бойынша жұмыс істеп, мұндай жағдайды болдырмау үшін үнемі қадағалап отыруға тиістіміз, – деді.
Ал Мәжіліс Төрағасының орынбасары Г.Исимбаева:
– Көтерілген мәселе орынды. Алматы қаласы Алатау аудандық сотының Қазақстан Республикасының «Тұрғын үй қатынастары туралы» заңының 107-бабының 8-тармақшасын конституциялық емес деп тануы туралы ұсынысы дұрыс деп есептеймін, – деген пікірімен бөлісті.
Жиынға қатысушылардың пікірлері мен жауаптарынан кейін Конституциялық кеңес нормативтік қаулы қабылдады.
– Конституциялық кеңес «Тұрғын үй қатынастары туралы» заңның 107-бабының 8-тармақшасын конституциялық емес деп таныды. Сонымен қатар «Тұрғын үй қатынастары туралы» заңына Конституциялық кеңестің құқықтық ұстанымдарына сәйкес толықтырулар мен өзгерістер енгізуге ұсыныс берілсін, – деді Қ.Мәми. Сот және басқа да құқық қорғау органдары қажетті нормативтік шаралар қабылданғанға дейін Қазақстан Конституциясының тікелей қолдануын қамтамасыз етеді және кері күші жоқ осы нормативті қаулыны басшылыққа алатын болды.
– Азаматтардың тұрғын үй құқықтарын іске асыру мәселесі мемлекеттің әлеуметтік саясатының басым бағыты. Мемлекеттік әлеуметтік саясат тұрғысынан заңнамалық базаны жетілдіру ерекше маңызға ие, – деді Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев.
Сонымен қатар тұрғын үй құқығын іске асыру мәселесі халықтың әл-ауқатына тікелей байланысты екені айтылды.
– Менің тапсырмам бойынша бірнеше мемлекеттік бағдарлама іске асырылды. Бұрын баспана сатып алуға мүмкіндігі болмаған қазақстандықтар үшін тұрғын үйдің қолжетімділігі қамтамасыз етілді, – деді Елбасы.
Сондай-ақ Нұрсұлтан Назарбаев Ата заңды құрметтеу және қатаң сақтау елдің сәтті дамуының кепілі екенін және Конституцияның 25 жылдық мерейтойы қарсаңында бұл мәселенің өзектілігі артып отырғанын атап өтті.
Сонымен қатар Елбасы:
– Бұл бір отбасының басындағы жағдай болғанымен, барлық халық үшін маңызды іс деп санауға болады, – деді.
Естеріңізге салар болсақ, «Тұрғын үй қатынастары туралы» заңның 107-бабында мемлекеттiк тұрғын үй қорынан немесе жеке тұрғын үй қорынан жергiлiктi атқарушы орган жалдаған тұрғын үйден басқа тұрғын үй берiлмей шығару негiздерi қарастырылған болатын. Ал 8-тармақшада «олар меншiк құқығымен орналасқан жерiне қарамастан өзге тұрғын үйдi сатып алған болса, үйден шығарылатыны» айтылған. Елбасының қатысуымен өткен Конституциялық кеңес отырысында осы норма Ата заңға қайшы деп танылды.
Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ