Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов Nur Otan партиясының республикалық қоғамдық қабылдауында көмек сұрап келген азаматтарды жеке қабылдады.
Министр елорда тұрғындарымен қоса, Алматы, Түркістан, Шығыс Қазақстан облысы тұрғындарымен бейнебайланыс арқылы тілдесіп, көкейде жүрген мәселелерімен танысып, сұрақтарына жауап берді. Көмек сұрап келген жанның бірі – Түркістан облысы Төле би ауданы Жаңатұрмыс ауылының тұрғыны Мейірхан Қамбатыров. Ақсақал ауыл тұрғындарының көп жылдан бері жол азабын тартып келе жатқанын жеткізді. Қарияның айтуынша, Жаңатұрмыс және Нысанбек ауылдарының арасындағы ұзындығы 3,9 шақырымға жететін жолды 1970 жылы Мемлекет және қоғам қайраткері Д.Қонаев салдырған. Содан бері жөндеу көрмепті. Енді соның зардабын тұрғындар тартып отыр.
– Әсіресе, көктемде жаңбыр суының арасында жүреміз. Жаз айында шаң-тозаңның астында қаламыз. Жазбаған, бармаған жеріміз қалмады. Енді міне, халықтың өтінішін арқалап, сіздің алдыңызға келіп отырмын, – деді Мейірхан Қамбатыров.
Тұрғынның мәселесін мұқият тыңдаған министр аталған ауыл халқына сәлемін жолдап, кезінде өзі де осы облыстың әкімі болғанын айтты. Табиғаты сұлу өңірді «біздің екінші Швейцариямыз» дей келе, қазір облыстық маңызы бар бұл жолға бюджеттен қаржы бөлінгенін және жақында жол салынатынын жеткізді.
– Құрылысқа жауапты комитет бар. Соның төрағасы Сайранбек Бармаковке «Жергілікті атқарушы органдармен байланыссын» деп тапсырма бергенмін. Біз бұл жолды саламыз, – деді Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Бәкірұлы.
Бір қуаныштысы, жауапты комитеттің төрағасы Сайранбек Бармаков та осы жерден табылды. Ол қазіргі кезде жол құрылысына байланысты қандай жұмыстар атқарылып жатқаны туралы нақты ақпарат беріп өтті. «Нысанбек – Жаңатұрмыс» бағытындағы республикалық маңызы бар осы жолға смета жасалды. Құны – 107 млн теңге. Бұл облыстық әкімдіктің биылғы бюджетіне енгізілді. Егер Түркістан облысы әкімдігі бюджетке кіре алмаған жағдай болса, біз, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі тарапынан қаражаттың 50%-ын бөлуге әзірміз», – деді ол.
Арыз-шағымын айтып келген азаматтардың қатарында елорда тұрғыны Хадиша Бәкенқызы, Алматы қаласынан Йогурт Селахеттин, Шығыс Қазақстан облысы Курчатов қаласының тұрғыны Қасиет Зұлқаршын және т.б. бар.
Хадиша Бәкенқызының айтуынша, 2018 жылдың 14 мамырында елордадағы теміржол вокзалында оның үстіне цементтен жасалған плита құлаған. Осы оқиғадан кейін 69 жастағы ананың омыртқасы сынып, ми жарақатын алған. Ол еміне қаражат сұрап, теміржол вокзалының директорына барған. Алайда басшылық қажетті соманы төлеуден бас тартыпты. Амалы құрыған ана банктен 2 млн теңгеге жуық несие алып, емделіп жатыр. «Қазір осыны төлеу қиын болып жатыр, көмектесіңіз» деп келіпті. Ал Алматы қаласынан байланысқа шыққан Йогурт Селахеттин Медеу ауданы Бутаковка шағынауданындағы су қорғау аймағына заңсыз салынған мейрамханаға қатысты шағымын айтты. Тұрғын жергілікті атқарушы органдарға бірнеше рет барғанымен, еш нәтиже шықпапты. Курчатов қаласының тұрғыны Қасиет Зұлқаршынның мәселесі тұрып жатқан үйіне қатысты. Ол үйін «Нұрлы көш» бағдарламасы арқылы алған. Алған уақытта жалдау құнын төлеп тұруға міндеттелген. Алайда қазір жергілікті атқарушы органдар одан үйді өз бағасына сатып алу керегін айтқан. Бүгінде үш бала тәрбиелеп, такси жүргізушісі болып нәпақасын тауып жүрген әке ай сайын жалға төлеп жатқан қаражаттың үйді сатып алатын сомаға қоса есептелуін сұрап, министрге өтініш айтты. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов азаматтардың өтінішін тыңдай келе, тиісті органдарға тапсырма беріп, мәселені өз бақылауына алатынын мәлімдеді.