Былтыр біздің билік елімізде бұрын-соңды болмаған шешім қабылдады – әлеуметтік тұрмысы төмен топтағы азаматтардың төлей алмай жүрген несие қарызының бір бөлігін мемлекет бюджет есебінен өтеп берді. Ал кепілсіз тұтыну қарызы бар азаматтар үшін есептелген айыппұлдар мен төлемақы өсімдері екінші деңгейлі банктер мен шағын қаржы ұйымдарының есебінен «сызылды». Бұл Президенттің 2019 жылғы 26 маусымдағы №34 Жарлығы шеңберінде жүзеге асты. Аталған Жарлықтың өзге тармағындағы тапсырмалар биыл күшіне енді. Соның ең маңыздысы – кірісі ең төменгі күнкөріс деңгейіне жетпейтін жеке тұлғаларға несие берілмейді. Ал биылғы ең төменгі күнкөріс деңгейі – 31 182 теңге.
Егер несиеге өтініш берген адамның кәмелеттік жасқа толмаған балалары болса, әрқайсысына шаққанда табысы ең төменгі күнкөріс шегінің жартысына жетпесе де несие берілмейді. Сонымен бірге несие алу үшін өтініш берген адамның ай сайын төлейтін несие көлемі табысының тең жартысынан асып кетсе де несие берілмейді. Бұл несие алушының ертеңгі күні банк алдында қарыз болып қалмауының алдын алу үшін қабылданған норма.
Банк қарыз алушының төлем қабілетін мына формулаға салып есептейді:
Мұндағы ҚК – қарыз алушының кірісі; ЕТКДШ – «Республикалық бюджет туралы» заңда белгіленген ең төмен күнкөріс деңгейінің шамасы;
Сктом– кәмелетке толмаған отбасы мүшелерінің саны.
Осы формуладағы нәтиже несие алушының кірісінен аз болса немесе тең түссе ғана несие беріледі. Мысалы, үш баласы бар несие алушының айына кем дегенде, 78 мың теңге табысы болуы керек (31 183 + 0,5 х 31 183 х 3 = 77 957,5). Одан төмен болса, ол адамға несие беруге тыйым салынады.
Биылдан бастап несие беру кезінде қарыз алушының табысы ғана емес, сондай-ақ оның коммуналдық қызметтерге қанша төлем төлейтіні, шетелге саяхат жасайтын-жасамайтыны, дебеттік картамен дүкен-супермаркеттерде қанша сомаға тауар сатып алатыны да ескеріледі. Оларға кредиттік желі ашуға, қолданыстағы банк қарызы келісімшарты шеңберінде қосымша қарыз беруге тыйым салынып отыр.
Несиеге қандай құжат керек?
Қарыз алушының табысын анықтау үшін қаржылық ұйымның кредит бөлімі оның 3 айдан бастап 12 айға дейінгі кезеңдегі ресми кірісін тексереді. Бұл жерде ресми кіріс дегеніміз – міндетті зейнетақы жарналары туралы есеп немесе ресми кірістер туралы есеп, БЖЗҚ-дағы жеке зейнетақы шотынан үзінді-көшірме немесе жұмыс орнынан кірістері туралы анықтама немесе еңбекақы түсетін шоттан банк берген үзінді-көшірме, сондай-ақ оқу орнынан алатын стипендия мөлшері туралы анықтама негізінде есептелген орташа айлық кіріс. Әлгінде айтып өткеніміздей, дебеттік картадағы ақша айналымы да назарға алынады. Мысалы, дебеттік картадағы шығыстардың орташа айлық сомасы, дебеттік картаны толтырудың орташа айлық сомасы, несиеге өтініш берген күні өтініш иесінің депозиті мен ағымдағы шотындағы қаржысының көлемі, депозиттерді, ағымдағы шоттарды толықтырудағы орташа айлық сома, депозиттерден, ағымдағы шоттардан алынған қаражаттың орташа айлық сомасы ескеріледі. Сонымен қатар бұрын жабылған қарыздар бойынша ай сайынғы төлемнің ең жоғары сомасы да есептеледі. Коммуналдық қызметтер бойынша шығыстардың орташа айлық сомасы да кредит берерде маңызды рөл ойнайды. Соңғы 12 айда шетелге билет сатып алу фактісін растайтын құжат та несие алуға ықпал етеді. Тіпті интернет-дүкен арқылы жасаған саудаңыз да ескеріледі. Меншігінде орташа нарықтық құны кредит құнынан асатын автокөлігінің немесе жылжымайтын мүлкінің болуы да шешуші рөл атқарады. Банк бұл құжаттардың бірқатарын кредиттік бюродан алғызады. Қалғанын несие алушы өзі жинауы керек.
Несие берушілер есепке алынады
Ұлттық банк басқармасының 2012 жылдың 24 желтоқсандағы №377 қаулысына сәйкес банктік қарыздар, микрокредиттер, екінші деңгейлі банктер, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдар, микроқаржыландыру және микрокредиттік ұйымдар мен несиелік серіктестіктер беретін несиелер бойынша жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі 56 пайызды құрайды. Ал Азаматтық кодексте қарыз тек теңгемен берілетіні, жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі 100 пайыздан аспайтыны айтылған. Алайда соңғы кезде онлайн-несиелеу нарығында жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі 200 пайыздан асып кеткен оқиғалар болған. Ұлттық банк онлайн-несиелеу нарығы біршама уақыттан бері реттелмегенін, салдарынан қарыз алушылар құқы жиі бұзылғанын мойындап отыр. Бұл мәселенің де күрмеуін тарқату Президенттің жаздағы Жарлығынан кейін мүмкін болды. Енді халыққа шағын несие беруге талаптанған заңды тұлғалардың барлығы осы жылдың 1 шілдесіне дейін есептік тіркеуге тұруға міндетті. Сонымен қатар олар Ұлттық банктің алдында өз қызметі туралы есеп беруге, сондай-ақ несие бюросына несие шарты бойынша ақпарат ұсынуға міндетті болды. Яғни, енді әрбір қарыз алушының несие тарихы туралы мәлімет толыққанды болады, өйткені онда шағын қаржы ұйымдарынан да мәліметтер жинақталмақ. Ал шағын қаржылық ұйымдар қызметін жуырда құрылған Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі реттейді.
Мемлекет басшысының №34 Жарлығында несие беруге, оған қатысты қызмет көрсетуге және жеке тұлғалардың мерзімі өткен берешегі 90 күннен асқан барлық кепілсіз қарыздарына байланысты тұрақсыздық айыбы, комиссия және өзге де төлемдер есептеуге тыйым салынатыны айтылған болатын. Бұл тыйым 2019 жылдың 27 желтоқсанда қол қойылған «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысы, мемлекеттік басқару жүйесін, бюджетаралық қатынастарды жетілдіру, кредиттеу және білім беру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңына сәйкес биыл 10 қаңтарда күшіне енді.
Жыл басында күшіне енген заңнамаларға сүйеніп, несие алушыларды қорғау шаралары күшейтілді деуге негіз бар және ол шараларды бірнеше санатқа бөлуге болады. Мәселен, қарыз алушыларға келісімшартқа қол қойғанға дейін несие беруші заңды тұлға несие шартының талаптары, орындалуы мен мазмұны бойынша талаптар, оның ішінде ЖТСМ шегі болуын түсіндіреді. Төлем тәсілі мен төлем кестесін ұсынуға және төлем қабілеті жоқ қарыз алушыларға несиенің жекелеген түрлерін беруге тыйым салуы тиіс.
Ал несиеге қызмет көрсету процесінде қарыз беруші, мейлі ол банк болсын, мейлі шағын қаржылық ұйым болсын, қарыз алушыға қарызды қайтарудың кешігіп жатқаны туралы ескертіп, қарызды қайта құрылымдауға мүмкіндік беруі тиіс. Ал сыйақыны капиталдандыруға, индексациялауға, қарыз алушы үшін тиімділігін қоспағанда, несие шартының талаптарын біржақты өзгертуге тыйым салуы қажет. Несие алушы өз кезегінде несие беруші заңды тұлғаға сенім артып жүре бермей, өзінің құқының бұзылуына күдік туындаса, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне хабарласа алады.