Әлеуметтік желіде елордалық әйелдің алаяқпен сөйлескен аудиожазбасы тарады. Елорда тұрғыны қаланың бұрынғы және қазіргі атауын шатыстырған азаматтың алаяқ екенін біліп қойған.
Келіншек пен алаяқтың әңгімесі Instagram желісінде v_astane_official парақшасында пайда болды.
Өзін Алматыдағы банктердің бірінің қызметкері ретінде таныстырған алаяқ әйелдің банк картасының мәліметтерін сұрап жатқанда қателік жіберген.
"Қазір жүйе сіздің мобильді қосымша арқылы Нұр-Сұлтан қаласынан кіргеніңізді растады. Сіз жүйеге өзіңіз кіріп жатырсыз ба? Сіз тіркеу орны бойынша Астана қаласында емессіз бе?", - дейді ер адам.
Сол кезде әйел алаяққа Астана мен Нұр-Сұлтанның бір қала екенін түсіндіреді.
"Нұр-Сұлтан мен Астана бір қала ма? Білмеппін", - дейді ол.
Артынша елордалық келіншек "банк қызметкерінен" аты-жөнін қайталауды сұрайды. Ал алаяқ телефонды тастай салады.
Желі қолданушылары арам пиғылын жүзеге асыра алмаған алаяқтың Қазақстаннан хабарласпағанын, сондықтан елорданың атауы өзгергенін білмейтінін айтып жатыр.