Алматы облысы тұрғын үй құрылысы бойынша басқа аймақтардың алдында тұр. Жыл сайын жүздеген пәтер пайдалануға беріледі. Соңғы он шақты жылда Талдықорғанның да іргесі барынша кеңіп, көпқабатты үйлер сап түзеп, жаңа шағынаудандар пайда болды. Дегенмен қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мекемесінде баспана кезегінде тұратындар саны азаю орнына жыл сайын артып отыратын сыңайлы. Кейбіреулер жылдар бойы кезекте тұрып, заң бойынша тиесілі үйін ала алмай зарығып жүрсе, екіншілер бірер жылда баспаналы болып шалқып басады.
Басшылық қызметке тағайындалып, қаланың ең қолайлы ауданынан, тұрмысқа қажеттінің барлығы ойластырылған элиталы үйден пәтерлі болғандар, бірер жылдан соң басқа жаққа қызметке ауысса да, қызметтік баспаналарын өткізбейтіні жайлы әңгіме жиі қозғалады. Сонымен бірге еліміздің басқа қалалары мен аймақтарын айтпағанда, шет елдерге қоныс аударып, азаматтығын ауыстырғандардың арасында әлі күнге дейін Талдықорғандағы тұрғын үй кезегінде тұрғандар баршылық екені анықталуда. Пәтер алғандарына біраз жыл болса да, баспанасының құжаттары жоқ болғандықтан тиісті әлеуметтік көмек пен тағы басқа да жеңілдіктерге қол жеткізе алмай жүргендер де жүздеп саналады. Жақында ғана бес баласы бар әріптесіміз биылғы әлеуметтік қолдаудағы жақсы жаңалық бойынша бала-шағасына бұйырған нәпақаны алу үшін құжат жинауға кіріскенінде, осыдан тоғыз жыл бұрын алған қызметтік пәтері орналасқан көпқабатты үйдің қала картасында да жоқ екенін естіп, құлап қала жаздады. Жоғарыда жазылғандарға қарағанда, былайғы халық «ЖКХ» дейтін қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінде былық көп. Ретін келтірген, қолы жеткендер үйлі болса, нағыз мұқтаж жандар жылдап сарылады кезегін күтіп.
Барлығымыз білетіндей, тұрғын үй саласы асқан жауапкершілікті қажет етеді. «Үйі жоқтың, күйі жоқ» демекші, оның азабы мен тозағын баспана мұқтаждығын басынан өткергендер ғана жақсы сезінеді. Өткен жылы пәтер талап еткен көпбалалы аналар қозғалысының Талдықорғаннан бастау алғаны да көп нәрсені аңғартса керек. Сол кезде басталған тексеріс осы саладағы талай заңсыздықтың бетін ашты.Ақыры қалалық бөлім басшысы қызметінен кетті.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Жандос Жұмабаев Талдықорған қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің қызметіне жүргізілген тексеру барысында көптеген заңсыздық пен жауапсыздықтың беті ашылғанын, олардың кейбірінің сыбайлас жемқорлық сипаты бар екенін айтады.
– Қала бойынша баспанадан үміткерлердің кезегінде реттілік жоқ. Сондықтан биыл алғашқы ондықта тұрған жанның, келесі жылы жүздіктің сыртына шығып кетуі жиі кездеседі және тұрғындар тарапынан түсінбестік туғызады. Тұрғын үй комиссиясының жұмысынан жариялылық, ашықтық көре алмадық. Соған қарамастан, аталған бөлімдегілер өздеріне сыйақы тағайындауда алдарына жан салмаған. Комиссия құрамын жасақтауда бір жақтылық басым. Қоғамдастықтар, үкіметтік емес ұйым өкілдерін, журналистерді комиссияға қосу туралы өтініштер мен талаптар ескерілмеген. Кейінгі екі жылда үйлі болғандардың тізімі интернет-ресурстарда орналастырылмаған. Баспана беру мен оның есебі жөніндегі бірегей электронды автоматтандырылған база жасалмаған. Соған сай «ЖКХ» жұмысына қатысты арыз-шағым өте көп. Жоғарыда айтылғандарға қарағанда, бұл саланы бармақ басты, көз қысты жайлап алған, – дейді Жандос Жұмабаев.
Болат АБАҒАН,
Алматы облысы