Тәуелсіздікке қол жеткізген тұста ерекше мән берілуі керек бірден-бір сала білім саласы болды. Олай дейтініміз, енді ғана дамуға бағыт алған елге нағыз мықты мамандар ауадай қажет еді. Әрі мемлекеттің ертеңі бүгінгі білімді ұрпаққа тікелей байланысты екені бесенеден белгілі. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қазақстандықтардың білімді болуы үшін барлық жағдайдың жасалуына мән берді. Өйткені білім ғана бәсекелестік бәйгесінде қатардан қалмауға септігін тигізетін еді. Ендеше осы 30 жыл ішінде назардан тыс қалмай, жыл сайын дамуы көзделген білім саласының аяқ алысы қандай екенін талдап көрелік. Мақсат қаншалықты орындалып жатыр? Бұл салада жасалған реформалар жемісін берді ме?
Егемен Қазақстандағы білім беру жүйесінің құқықтық негізін қалыптастыру үшін 1992 жылы «Білім туралы», 1993 жылы «Жоғары білім туралы» заң қабылданған болатын. Сол жылдары өмір сүргендер көзбен көрсе, жастар тағы қандай қиын кезең болғанын үлкендерден естігені анық. 90-жылдары елде әлеуметтік-экономикалық та, әлеуметтік-саяси да дағдарыс жайлаған еді. Соған қарамастан білім саласына барынша көңіл бөліп, осы бағытта қолдау барынша жасалды. Соның арқасында жемісті нәтижелерге қазір қол жеткізіп отырмыз. Бір атап өтерлік жайт, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев та, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та барлық Жолдауларында білім беру мәселесіне көңіл аударып, саланың бәсекеге қабілетті болуына басымдық беріп келеді.ҰБТ: білімді бағалаудың жақсы әдісі
Айтқандай, тиісті заңдар қабылданды. Одан кейінгі жылдары білімнің әр саласына жеке-жеке назар аударылып, тиісті концепциялар жасалды. Оның нәтижесі ретінде 1998 жылы-ақ ашылған білім орталықтарын мысал қылуға әбден болады. Айталық, бүгінге дейін қарқынды жұмыс істеп келе жатқан республикалық «Дарын» ғылыми-практикалық орталығының нәтижесі айтарлықтай қуантады. Дарынды балаларды анықтап, олардың әлеуетін дамытуға жағдай жасалды. Соның жемісі ретінде қазір түрлі халықаралық олимпиадада қазақстандық оқушылар жүлде алып, әлемнің ең мықты университеттеріне мектеп қабырғасында оқып жүріп-ақ шақырту алып жатқанын айтуға болады. Тәуелсіздік жылдарындағы орта білім жүйесінде болған келесі өзгеріс – 11 жыл бойы үздік оқып, «бестіктен» басқа баға алмаған оқушыларға тағайындалатын «Алтын белгі». Жылдар бойғы білімінің дәлелденетін сәтінде талай оқушы толқып, иыққа артылған жауапкершілікті сезінді. 2000 жылдары білім саласында біршама реформа болды. Оның ішінде 2003 жылы енгізілген ҰБТ-ны ерекше атап өту керек. Осылайша, ұлттық бірыңғай тестілеу мектептегі емтиханның да, жоғары оқу орнына түсетін сынақтың да жүгін арқалады. Күні бүгінге дейін тестілеу жүйесіне тиісті өзгерістер енгізіліп тұрады. Мәселен, биылғы сынақ бұрынғылардан мүлдем басқаша болмақ. Атап айтқанда, әр бала сынақты компьютер арқылы тапсырып, дұрыс не бұрыс жауапты бірден біліп отырады. Әрі жаңа форматқа сәйкес, 100 күнге созылатын ҰБТ-да түлек өзі қалаған күні тапсырады. Бұл бір жағы, бала бойындағы күйзеліс пен уайымды азайтуға септігін тизігетін болса керек. Ал бақылау жағы жыл сайын қатаңдай түсіп жатқаны белгілі. Өйткені маңызды сынақ кезінде түрлі қитұрқы әрекеттердің көмегімен жоғары балл алып жатқандар аз емес. Соның алдын алып, 100 пайыз әділ өтуі үшін әр баланың жанына бір камерадан қойылады деседі. Не де болса, мектепте алған білімді қорытындылап, бағалаудың әзірге ең тиімді әдісі осы тестілеу болып отыр.1 865 мектеп салынды
Жаңа ғасырға қадам басқан тұстағы тағы бір маңызды қадам – білім сапасын бағалаудың ұлттық жүйесін енгізу. Бұл саланы дамытуға күш салып, қанатын кеңге жаюға мүмкіндік жасалды. Мәселен, отандық білім саласының әлемдік білім беру кеңістігімен біте қайнасу мақсат етіп қойылған еді. Сол бағытта оқу процесіне жаңа ақпараттық және кредиттік технологиялар енгізілді. Ақырындап 12 жылдық білім беруге ауысу жолдары да ел арасында айтылып, талқылана бастады. Байқасақ, мұның бәрі халықаралық стандарттарға сай болуға алдына міндет етіп қойған елдің қадамы екен. Мектеп және балабақша салу мәселесіне де ерекше ден қойылды. Арнайы бағдарламалар қолға алынып, нәтижесінде 1991-2020 жылдары аралығында 1 865 мектеп салынған. Жаңа білім ордаларын салу бала санының артуына байланысты әрі екі-үш ауысымдық, апатты жағдайдағы мектептерді азайту үшін әлі күнге дейін басты назардан түспей келеді. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев: «Болашақта еңбек етіп, өмір сүретіндер – бүгінгі мектеп оқушылары. Мұғалім оларды қалай тәрбиелесе, Қазақстан сол деңгейде болады. Сондықтан ұстазға жүктелетін міндет ауыр» деген болатын.11 081 азамат шетелде білім алған
Сонымен бірге орта білім саласындағы ең ірі жетістіктің бірі ретінде халықаралық және зияткерлік мектептердің ашылуын мақтанышпен айта аламыз. 1996 жылы алғашқы түлектерін ұядан ұшырған қазіргі Білім инновациялық лицей, кезіндегі Қазақ-түрік лицейлері ел арасында үлкен беделге ие. Ашылған сәттен бері осы күнге дейін лицей түлектерінің жоғары оқу орындарына түсу, түрлі додадан жеңімпаз болып, жүлде алу пайызы едәуір жоғары. Сәйкесінше, түлектердің кадр ретінде де бағасы жоғары. Айта кетерлігі, БИЛ жұмысын қадағалайтын KATEV халықаралық қоғамдық қоры Қазақстан мен Түркия арасындағы білім саласындағы екіжақты келісімнің, екі ел президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Тұрғыт Озалдың қолдауымен құрылған еді. Одан бөлек, 2008 жылы Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасы бойынша Зияткерлік мектептер құру жөніндегі жоба іске қосылғаны белгілі. Сол сәттен бері сапалы білімнің басты индикаторларының бірі болып келеді. Бүгінде республикамыздың әр облысынан бой көтерген зияткерлік мектептер желісінің жалпы саны – 22. Оқушылардың біліміне мұғалімдердің білігі тікелей әсер етеді. Мұнда оқуға қабылдану қандай қиын болғанындай, жұмысқа орналасу да оңай емес. Өйткені іріктеу өте күрделі процестен тұрады. Мәселен, мұғалімдер құрамына көз салсақ, 79 пайызы – магистр, 19 пайызы – бакалавр, 2 пайызы – PhD докторы және 1 пайызы ғылым кандидаты екен. Зияткерлік мектепте білім алатын оқушылардың жетістігі де ауыз толтырып айтарлықтай. Бірі ғылыми жаңалық ашса, енді бірі жаңа технологияны «шемішкеше шағып», роботтың түр-түрін құрастырады. Орта білімдегі басты жетістіктерден кейін жоғары оқу орындарына көшсек. Әлбетте, жаңа құрылған мемлекетке бәрін «нөлден» бастау оңай емес. Ал институттар мен университеттердегі білімді бір жолға қою тіпті қиын. Мысалы, егемендік алғанға дейін елімізде бар болғаны екі университет – ҚазМУ және ҚарМУ болса, қазір саны еселеп өсті. Әрі бұл процестің аз жылдың өзінде көрсеткіші көңіл толтырды. Айталық, араға алты жыл салып-ақ, Қазақстанның жоғары білім жүйесінде 83 мемлекеттік емес және 57 мемлекеттік жоғары оқу орны жұмыс істеп жатты. Бұл дегеніміз, жаңа ғасыр басталған кезде жоғары оқу орындарында дүмпу болғанын көрсетеді. Осы салада да халықаралық тәжірибелер мен үлгілер есепке алынады.Елбасы «Болашаққа» сенеді
Әсіресе, ең сәтті іске асырылған бағдарлама — «Болашақ». Талай қазақ баласының дүниежүзіндегі ең рейтингі жоғары, белді де беделді оқу ордаларында білім алуына мүмкіндік берді. Басқамен бас қатырмай, білімге ғана ден қоюы үшін студенттерге бар жағдай жасалды. Бұл бағдарлама сонау 1993 жылы Елбасының бастамасымен іске асырылған еді. Осылайша, 1994 жылы АҚШ, Ұлыбритания, Германия және Франция сынды елдердің университеттеріне оқуға аттанды. Алғашында бакалавр дәрежесін алуға мүмкіндік берген бағдарлама қазір магистратура және докторантура бойынша білімді жетілдіруге жол ашады. «Болашақ» бағдарламасы шеңберінде 1993 жылдан бастап қазірге дейін еліміздің 11 081 азаматы білім алған. Жыл өткен сайын шәкіртақы алуға ұмтылушылар санының өсуі де, өтуге қойылатын талаптың күшеюі де сапа мен сұраныстың жоғары екенін дәлелдеп отыр. Университет қабырғасында оқып жүргендерге қазір мүмкіндік мол. Оның ішінде, бір семестр ауысыммен елдегі басқа оқу орнына, болмаса шетелдегі білім ордасына жолдама алу оңай. Одан бөлек, шетелдік гранттар саны да көбейді. Сөзімізді растау үшін мынадай дерек келтірсек болады: бүгінде халықаралық үкіметаралық келісімшарттар шеңберінде шетелдік гранттарға 3 259 азамат ие болған, академиялық ұтқырлық бойынша 10 жыл ішінде мемлекеттік бюджет есебінен шетелге оқуға 6 412 адам жіберілген. Мемлекет қолдауының арқасында білімін жетілдіріп, жаңа күш-жігермен іске кірісуге кедергі жоқ. Демек, бұл бағытта іске асырылып жатқан жұмыстың нәтижесі де көзге көрініп, бақылаудың мығым екенін көріп отырмыз. Тұңғыш Президент бір сөзінде «Білімді дамыта алмайтын елдің болашағы жоқ» деген болатын. Расында, жастарға сенім артылып тұрған соң, ол елдің болашағын жарқын ету үшін білімді азаматтар санын көбейту қажет.Айша ЕРСҰЛТАН