Туризм саласын дамытуға күш салып жатқан Түркістанда ЮНЕСКО-ның қорғалу аймағындағы ғимараттар Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің биіктігінен аспайды. Барлық жерде мавзолей көрініп тұруы қажет. Сонымен қатар бұл аумақтағы қазақы нақыштағы ою-өрнектермен безендірілетін ғимараттар мен баспаналар ортаазиялық үлгіде салынады. Бұл туралы облыс әкімі Ө.Шөкеевтің қаладағы құрылыс жұмыстарының барысымен танысу кезінде айтылды.
Туризм саласын дамыту мақсатында көптеген жоба жүзеге асып жатқан Түркістанда, әсіресе мәдени-рухани орталықтағы халықаралық деңгейдегі нысандар әлем туристерін қызықтыратын әрі тарихтан сыр шертетін ғажап орталыққа айналады. Өйткені қасиетті қала Түркі әлемінің астанасы ретінде әлемдік аренада Қазақстанның беделін биіктете бермек. Аталған құрылыс жұмыстарының барлығы өңір басшысының қатаң қадағалауымен жүргізіліп отыр. Түркістан қаласында шаһарға ерекше көрік беретін ауқымды жобалардың құрылысы жалғасуда. Солардың бірі де бірегейі – «Керуен сарай» кешені. Жоспар бойынша бұл кешен көне заманның ежелгі сауда алаңдарын еске түсіретін үлкен шығыс үлгісіндегі базарға айналады. «Керуен сарай» аумағында қонақүйлер, кинотеатрлар, мейрамханалар, тарихи-сауда көшесі мен жасанды көлмен қатар, кешенге жақын жерде Keruen Sarai тұрғын үй кешені орналасады. Тұрғын үй кешенінің көрінісі негізгі кешен мен көне қала орталығының жалпы келбетіне сәйкес, ежелгі қаланың рухын, қайталанбас үлгісі мен бірегей сәулетін сақтайды. Сондай-ақ Түркістан қаласының мәдени-рухани орталығында заманауи баспаналар бой көтерді. Көне шаһардың ең көрікті жерінде орналасқан Keruen Sarai тұрғын үй кешенінен пәтер мен таунхаус сатып алуға болады. Шығыстың әсем келбеті мен ежелгі шаһардың бірегей бейнесі сақталған кешен Ясауи кесенесіне жақын жерде орналасқан. Тұрғын үй кешені екі және үш қабатты 9 кешеннен тұрады. 1, 2 және 3 бөлмелі пәтер мен таунхаустан тұратын 125 тұрғын үй жайғасқан. Түркістаның жаңа көрікті аумағындағы құрылыс барысын облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев аралап көрді. Құрылысшылармен кездескен өңір басшысы жауапты тұлғаларға демалыс орындарындағы балалар алаңқайларының сапасы мен қауіпсіздігін жіті қадағалауды жүктеді.Тельман БЕЙСЕН, Түркістан облысы