Нұротандықтар Көкшетаудағы көпбалалы аналарды мерекемен құттықтап, оларға сыйлық тарту етті.
Аталған іс-шара «Nur Otan» партиясы Ақмола облыстық филиалының партиялық алаңында «Nur Otan» партиясының «30 игі іс» акциясы және Қазақстан халқы Ассамблеясының «Мейірімділік керуені» акциясы аясында Халықаралық әйелдер күні қарсаңында ұйымдастырылды. Кездесуде құттықтау сөз сөйлеген «Nur Otan» партиясы Ақмола облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Г.Бекмағамбетов пен Көкшетау қалалық мәслихатының депутаты, «Көкшетау минералды сулары» АҚ директоры С.Максимец алты және одан да көп балалары бар 30 көпбалалы отбасына Көкшетауда асүй газ плитасын сатып алуға арналған сертификатты табыс етті. – Барлық әйелдер қауымын келе жатқан 8 наурыз мерекесімен құттықтаймыз. Құрметті аналар, осы жылу сіздің үйлеріңізге және жан дүниелеріңізге қонсын. Табиғаттың әсемдігі шабыт берсін. Көктемнің басталуы сіздердің өміріңізде де үлкен жақсылықтың бастауы болсын, – деді «Nur Otan» партиясы Ақмола облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Г.Бекмағамбетов. Өз кезегінде көпбалалы аналар партия мүшелеріне ақ тілегі мен сый-сыяпаттары үшін алғысын білдірді. – Мемлекет тарапынан көрсетілетін атаулы әлеуметтік көмек, кепілдендірілген әлеуметтік пакеттер, мемлекеттік гранттар және жұмыспен қамту сияқты көпбалалы отбасына әлеуметтік қолдау шаралары үшін зор алғысымды білдіргім келеді, – деді көпбалалы ана Әсемгүл Махамбетова. Еске салайық, 2021 жылдың 1 наурызындағы есеп бойынша Ақмола облысында 9 476 көпбалалы отбасы тұрады, оның 1 861-і – Көкшетау қаласында.Әбілмансұр ЖАСАН