Жалғыз аяқпен көлік тізгіндеген келіншек
Жалғыз аяқпен көлік тізгіндеген келіншек
216
оқылды

Алматылық 50 жасар Хатира Сейдахметова үш жылдан бері такси жүргізеді. Қазір көлік тізгінінде отыр­ған қыз-ке­ліншек көп, сон­дық­тан «Мұның несі жаңа­лық?» деп онша таңғала қой­маған боларсыздар. Біз­дің кейіпкеріміз – үшінші топтағы мүгедек, тағдыр­дың жазуымен бір аяғынан айырыл­ған. Бірақ басқа сал­ған қиындыққа мойымай, күнделікті ризық-несібесін көлік жүр­гізіп, жолаушы тасып тауып жүр. Ол бұрын тігіншілікпен айналысты. Бірақ тапқаны талғажау бол­мады, оның үстіне жалақыны үнемі уа­қытынан кешіктіріп қол­ға алатын. Осылайша, тәуекелге бел байлап, жаңа кәсіп иге­руге шешім қабыл­дады.

«Таксист қажет деген жар­нама­мен сенбі-жексенбі күндері жұмысқа шығып көрдім. Ұнады. Дүйсенбіде бұрынғы жұмысым­нан босадым. Сөйтіп, үш жыл­дан бері таксист қызметін атқа­рамын. Бұл – менің қазіргі негізгі кіріс көзім», – дейді Хатира Сей­дах­метова. Аса қатты күш пен жұмыс кес­тесін талап етпейтін жұмыс мүм­кіндігі шектеулі жанға өте ың­ғайлы болды. «Менің бір аяғым протез, сон­дық­тан басқа жұмысқа қарағанда көлік тізгінінде отырып жұмыс істеу қолайлы. Сондай-ақ табы­сым да көңілімнен шығады. Ең қомақты табысым айына 400 мың теңге болды», – дейді ол қуаны­шын жасыра алмай. Жо­лау­шылар шақыртумен таксист әйелдің келіп тұрғанына таңдана қарайды. Оның қызметінен осы күнге дейін ешкім бас тартып көрген емес, қайта ризашылығын білдіріп, шай-пұлға деп артық ақша қалды­рып жатады. Ал жүк­салғыштағы мүгедектерге ар­налған арбаны көргендер тіпті таңғалысын жа­сыра алмайды. Хатира 2006 жылы Өзбекстан­нан көшіп келген. Ол жақта сау­да-сат­тықпен айналысқан. Же­міс-жи­дек, көкөніс сататын. 1996 жылы жүк пойызына жеміс-жи­дек салынған қаптарды жинап жүріп байқаусызда пойыздың астына құлап кетеді. Пойыз бір аяғын ба­сып өтіп, аяғынан айырылады. Қазір олар Алматы іргесіндегі Бе­ре­ке ауылында тұрады. Оның кү­йеуі Қырғызстан азаматы бол­ған. Қазақстанға келерде ерлі-за­йыптылардың жолы екіге айырылып­ты. Қазір өзімен бірге 86 жастағы анасы мен 9-сыныпта оқитын қызы тұрады. Үлкен қызы тұрмыста. Такси жүргізумен айна­лыса бастағанда үлкен қызы қар­сы болды, анасының денсау­лығына алаңдағаны болар. Күйеу­баласы Ақтау жаққа шақырған. Бірақ Хатира ешкімнің қолына қара­май, өз бетінше өмір сүргісі келе­ді. Қазір кіші қызы мектептен келгенше анасына қарап, түстен кейін жұмысқа кіріседі. Күн са­йын қалаға келіп, 12 сағат бойы жолаушы тасып, үйге түнгі 2-3 ша­масында оралады. Хатира Қазақстанға келген­нен кейін түрлі кәсіптің басын шалып жұмыс істегенін айтады. Алға­шында Алматы базар­ларын­да сатушы болды. Сосын базар­дағы орындар жабылып, жұмыс­сыз қалды. Сол кездері тауық етін (гриль) сататындардың жұмысы жақсы жүретінін байқайтын. Осы іспен де айналысып көрді. Жұ­мысқа қажет болғандықтан, үнемі такси жалдауға тура келді. Ақы­рында арнайы курста оқып, жүр­гізуші куәлігін алды. Ра­сында, та­уық етін сатудан әжеп­тәуір пайда көрді. Жер алып, үй салды. Дегенмен бұл кәсіп те онша жүрмей қалып, тігіншілік курсын оқып, осы салаға бет бұрды. Тігін­ші болып жүргенде қосымша та­быс үшін кешке, дем­алыс күндері жеке көлігімен адамдарды қалаға жеткізіп тас­тайтын. Таксиден түскен табысына көңілі толған ол үш жыл бұрын бір­жолата осы салаға ауысты. Кө­лікті жалға алудың күндік ақысы – 11 мың теңге. Күнделікті өзіне қалатыны – 2,5-3 мың теңге. Мереке күндері тапсырыс көп болады. Ең бас­тысы, Хатира қа­зір осы кәсібі ар­қы­лы қинал­май отбасын асы­рап отыр. Ол банк­­тен алған не­сие­сін қайта­рып, қызын қалаған мамандығы бо­йынша оқытуды ойлап жүр. Келе­шекте ауласында жылыжай салып, бау-бақша өнім­дерін өсіріп, сатқысы келеді. Ол үшін біраз қаражат керек. Жылы­жай­ды бір ретке келтіріп алса, ары қарайғы жұмыстар қолынан келе­­тініне сенімді.

Гүлнар ЖҰМАБАЙҚЫЗЫ