Халықаралық әйелдер мерекесіне орай газетіміздің мерекелік нөмірі талантты, жігерлі спортшы қыздарға, спорт саласында тер төгіп жүрген әйелдер қауымына арналмақ. Сіздердің назарларыңызға еліміздегі есімі көпке белгілі 10 спортшыны ұсынбақпыз.
Ольга РЫПАКОВА, жеңіл атлет Қазақстандағы ең тәжірибелі Олимпиадашылардың бірі әрі бірегейі. Ол өзі қатысқан үш Олимпиададан да жүлдемен оралған. Қазір өзінің төртінші Олимпиадасына (Токио) қатысуға дайындалып жатыр. Ел мақтанышынан алдағы дүбірлі додада да жүлде күтеміз. Айта кетейік, 36 жастағы спортшы бұған дейін 2008 жылы Бейжіңде күміс медаль, 2012 жылы Лондонда алтын, 2016 жылы Риода қола медальға ие болған. Жазира ЖАППАРҚҰЛ, зілтемірші Ауыр атлетикадан қазақ қыздары арасынан тұңғыш әлем чемпионатының және Олимпия ойындарының күміс жүлдегері. Рио төрінде тұрып «Күт мені, Токио. Мен саған тек алтын үшін барамын» деп өзіне уәде берген спортшы қыз бүгінде алдағы Олимпиадаға қызу дайындық үстінде. Галбадрах ОТГОНЦЕЦЕГ, дзюдошы Рио Олимпиада ойындарының қола жүлдегері, Азия чемпионы, 2 дүркін Халықаралық Гран-при және 2 дүркін Grand Slam турнирлерінің жеңімпазы. Ол сондай-ақ Ұлан-Батор мен Дюссельдорфта өткен Grand Prix турнирлерінде күміс медаль иеленіп, Баку мен Тбилисидегі халықаралық турнирлерде қолаға қол жеткізген. Галбадрах медаль саны бойынша әлемнің ең үздік дзюдошыларының қатарына кіреді. Спортшының жаттықтырушысы Базарбай Домбай оның еңбекқорлығын жоғары бағалап, алдағы айтулы сында алтыннан алқа тағарына сенім білдіріп отыр. Мария АГАПОВА, аралас жекпе-жек шебері Қыздар арасында аралас жекпе-жектен әлем чемпионы. Спорттың бұл түрінен ММА спортшыларының қатарына енген қазақстандық спортшы. ММА-дегі алғашқы кездесуін 2015 жылы тамызда Павлодардағы турнирде өткізді. Ал Американың Лас-Вегас қаласында өткен UFC-дегі дебютінде америкалық спортшы Ханна Сайферсті уақытынан бұрын жеңді. Сабина АЛТЫНБЕКОВА, волейболшы Волейболдан Қазақстан әйелдер құрамасының ойыншысы. Сұлулығымен әлемге танылған қазақстандық спортшы. Сабина 2014 жылы Қытайда өткен волейболдан жастар арасындағы Азия чемпионатынан кейін турнирдің ең әдемі қатысушысы атанған болатын. Аталған турнирден соң спортшыға әлем елдерінің бірқатар клубы қызығушылық танытты. Сабина Индонезия, БАӘ және Филиппин елдерінің клубтарынан шақырту алды. Нәтижесінде, волейболшы Біріккен Араб Әмірліктерінің «Әл-Васл» клубына ауысты. Одан кейін қазақстандық спортшы Италияның «Волальто Касерта» клубымен екіжылдық келісімшарт жасасты. Алайда клубтың қаржылық жағдайына байланысты спортшы аталған клубпен келсімшартын үзді. Елана РЫБАКИНА, теннисші Теннистен әйелдер арасында Қазақстанның бірінші ракеткасы. Халықаралық әйелдер теннисі қауымдастығы 18 қаңтарға арналған әлемдік рейтингінде қазақстандықтар сапынан Елена Рыбакина ТОП-20 қатарына енді. Қазір теннисші 19-орында тұр. Бұл – 21 жастағы Е.Рыбакинаның спорттық карьерасындағы ең үздік көрсеткіші. Бегайым ҚЫРҒЫЗБАЕВА, футболшы Футболдан Қазақстан әйелдер құрамасының ойыншысы әрі капитаны. Жартылай қорғаушы бүгінде «Оқжетпес» футбол клубында ойнайды. Бұған дейін Қазақстанның ең үздік клубы «БИІК-Қазығұрт» сапында өнер көрсетіп, командасымен бірқатар жетістікке жетті. Әйелдер арасындағы Чемпиондар лигасында әлемнің үздік клубтарымен ойнап, командасын алға сүйреді. Назым ҚЫЗАЙБАЙ, боксшы Қазақстан тарихында тұңғыш рет әйелдер арасында өткен бокстан әлем чемпионатында еліміздің байрағын көкке желбіретіп, Әнұранын әуелеткен, халқына алтын медаль тарту еткен алғашқы спортшы. Назымның әйелдер арасында өтетін айтулы додаға жолдама алуы 2012 жылы Қытайда өткен бокстан 7-ші әлем чемпионатынан басталды. Ол сол жарыста қола жүлдегер атанды. 2014 жылы Оңтүстік Кореяда өткен жарыста алтыннан алқа тақты. 2016 жылы Астанада өткен әйелдер арасындағы бокстан әлем чемпионатында Назым Қызайбай екінші рет әлем чемпионы атағын жеңіп алды. 2016 жылы Рио-де-Жанейрода өткен Олимпиада ойындарына бара алмаған боксшы алдағы Токио Олимпиадасында Қазақстанның көк Туын желбіретуді мақсат тұтып отыр. Юлия ГАЛЫШЕВА, фристайлшы Фристайлдан Қазақстанның құрметті спорт шебері, Ұлттық құрама командасының негізгі құрам мүшесі. Спортшы ақпан айында фристайл-могулдан АҚШ-тың әйгілі Дир-Вэлли бөктерінде өтіп жатқан әлем кубогы кезеңінде қазақстандық Юлия Галышева үздік атанып, алтын жүлденің иегері атанды. Жалпы, Юлия 2006 жылдың наурызынан бері халықаралық жарыстарда өнер көрсетіп жүр. Оның бұл спорт түрінен қол жеткізген жетістіктері өте көп. Элизабат ТҰРСЫНБАЕВА, мәнерлеп сырғанаушы Әлемдік аренада ел намысын абыроймен қорғап жүрген мәнерлеп сырғанаудан халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Қазақстанның 4 дүркін чемпионы, қысқы жасөспірімдер Олимпиада ойындарының және VIII қысқы Азия ойындарының қола жүлдегері, халықаралық турнирлердің көпдүркін жеңімпазы және жүлдегері. Оның басты арманы – Олимпиада ойындарында әлем чемпионы атану. Элизабет еліміздегі танымал әрі болашағынан көп үміт күттіретін спортшылардың қатарында. Елімізде спорт саласында айтулы жетістіктерге жетіп жүрген бұдан өзге де талантты спортшы қыздарымыз өте көп. Осындай жігерлі де жеңімпаз қыздарымыздың саны көбейе берсін деп тілейміз. Мерекелеріңізбен, аяулы арулар, сымбатты спортшылар, дарабоз дүлдүлдер, жанкешті жеңімпаздар!Абылайхан ЖҰМАШ