Қоғам пікіріне құлақ түрмек
Қоғам пікіріне құлақ түрмек
267
оқылды
Заң жобаларын қарау кезінде бір тараппен шектелмей, пікірлердің кең ауқымын ескеру қажет. Палатаның бюро отырысында Мәжіліс спикері Нұрлан Нығматулин осыған баса назар аударды. Жиында алдағы жалпы отырыстың күн тәртібінің жобасы айқындалды. Келесі аптаның сәрсенбісінде депутаттар бірқатар халықаралық ратификациялық құжатты талқыға салмақ. Оның қатарында Ұжымдық қауіпсіздік туралы шартқа, ҰҚШҰ жарғысына, ұйымның құқықтық мәртебесі туралы келісімге түзетулер бар. Өзгерістер енгізуге ҰҚШҰ әріптестері институтының құрылуы және ұйым жанындағы бақылаушылар мәртебесін реттейтін нормаларды жетілдіру себеп болып отыр. Бұған қоса, ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттердің Бас хатшысының орынбасары лауазымын атқаратын өкілдерін әлеуметтік қорғауды арттыру көзделген. Палата жаңадан енген заң жобасы – мемлекеттік сатып алу мәселелері бойынша түзетулерге бейінді комитеттің қорытынды әзірлеу мерзімін бекітуі керек. Бюро отырысында «Заң көмегін көрсетудің заңнамалық негіздерін жетілдіру» атты парламенттік тыңдау өткізу мәселесі пысықталды. Палата төрағасы Мәжілісте қаралып жатқан маңызды заң жобаларына жеке тоқталды. Мысалы, өткен аптада аса ауқымды құжат – Экологиялық кодекстің жаңа жобасының таныстырылымы өтті. Енді депутаттар ол бойынша жан-жақты жұмысқа білек сыбана кірісуде. Бұдан бөлек, қалаулылар атом қуатын пайдалану мәселелері жөніндегі жаңа заң жобасын қолға алды. Н.Нығматулин атом энергетикасы қоғамға өткір пікірталастың нысанасы болып есептелетінін еске салды. Сонымен бірге Мәжіліс қоржынына тұтынушылар құқығын қорғау, бизнес-климатты жақсарту, мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл, асылтұқымды мал шаруашылығы мәселесіне қатысты бірқатар заң жобасы түсті.
– Осы жобаның барлығы еліміздің әлеуметтік саласы мен экономикасын дамытудың әртүрлі қырына бағытталған. Оларды қабылдау және жүзеге асыру қоғам өміріне жан-жақты ықпал етеді. Демек, бұл заң жобалары бойынша жұмыс бұған дейін қабылданғандай, үкіметтік емес ұйымдар, парламенттік емес партиялар, сарапшылар және қоғамдық бірлестік өкілдерінің қатысуымен ашық жүргізілуі керек. Осыны жұмыста басшылыққа алыңыздар, – деді бюро мүшелеріне Нұрлан Нығматулин.
  Айхан ШӘРІП