Жалған аккаунт жарға жықты
Жалған аккаунт жарға жықты
427
оқылды
Біреудің «керемет!» деп бас бармақ көрсетуі – біреуге табыс әкелетін заман. Адамдардың лайк жи­науға құштарлығын, кейбірінің тіпті жалған жазылу­шылар есебінен пайда табуға ұмтылысын өз орайына пайдаланған алматылық студент Instagram-да төл бизнесін жолға қояды. Бірақ онысы клиенттеріне де, құқық қорғау қызметкерлеріне де ұнамады. Студент үлкен көлемде жа­зылушы әкелуге уәде ететін бол­ған, алайда тапсырыс ақысын алы­сымен, ізім-ғайым жоғалған, ал өзін іздеген мазасыз құрбан­дарды «қара тізімге» енгізіп, бұғаттап тастапты. Алматы қаласы Әуезов ауданы полиция басқармасының мәлі­метінше, ол жалған емес, тіпті өмірде жоқ инстаграм-аккаунттар саудалаумен айналысты. Белгілі интернет сайттардың бірінде ха­бар­ландыру орналастырған жас жігіт әлеуметтік желіде аудито­риясы көп, аса танымал парақша сататынын білдірген.
«Хабарландыруында А. есімді бұл күдікті үлкен көлемде жа­зылушыға ие инста-парақша­лар­ды сатып алуды ұсынған. Оның құрбандарының арасында сту­денттер де, жеке кәсіпкерлер де бар, олар өз тауарын интернет көмегімен ілгерілеткісі келген. Мәмілелесу барысында күдікті жазылушылар санына қарай бір парақша үшін 10 мыңнан 100 мың теңгеге дейін алдын ала төлем жасап, оны банк картасына аударуды талап етті. Ақы келіп түсісімен, парақшаның логині мен құпия сөзін ұсынуға тиіс болған. Бірақ оны жасамады. Ақша қолға тиген соң клиентті бұғаттап тастап, жоқ аккаунттар­ды сатумен ары қарай айналыса берді», – деді Әуезов аудандық полиция басқармасының бас­тығы, полиция полковнигі Әлі­шер Тұрсынбетов. 
Студенттің туабітті актерлік дарыны болса керек. Кейбір клиенттер сатушының бет-әл­пе­тін көру үшін оған бейнеқоңырау шалыпты. Ол болса, еш шімірік­пестен, өзін нағыз іскер жандай көрсетіп, «адал ниетіне» сендіре білген. Әрине, мұндай ашықтан ашық, арсыз қылмыстың құйрығы бір-ақ тұтам. Әшкереленген факті бойынша Қылмыстық кодекстің 190-бабының 3-тармағы, яғни «екі немесе одан да көп адамға қатысты алаяқтық» бабы бойын­ша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Аталған қылмыс үшін мүл­кiн тәркiлеп, 3 жылдан 7 жыл­ға дейінгі мерзiмге бас бостан­дығын шектеу, не сол мерзiмге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Бүгінде студенттің 6 адамды тақырға отырғызғаны анықталды.
«Жәбірленуші саны бұдан көп болуы ықтимал. Себебі хабарлан­дыру телекоммуникация желісін­де ашық әрі қолжетімді болды. Осы­ған байланысты оның қыл­мыстық әрекеттерінен зардап шек­кен азаматтардан 8-707-515-47-35, 8-701-852-60-94 телефон­дары бо­йынша бізге хабарласуын сұрай­мыз!» – деді Әлішер Тұрсын­бетов.
Тәртіп сақшыларының нақ­тылауынша, бұл жігіт бұған де­йін де осындай заң бұзушылы­ғымен ұсталып, қылмыстық жа­заға тартылған.   Ерік ЕРДЕН