2021 жылы жаңа форматта өткен футболдан Қазақстан Cуперкубогы мәресіне жетті. Төрт команда арасында өткен бәсекеде «Тобылдың» асығы алшысынан түсті.
Футбол додасының маусымашар матчы Түркістан қаласында өтті. Жылдағыдай жаңа маусым Суперкубок ойынымен басталды. Қостанайлық команда турнирде негізгі уақытта бірде-бір кездесуде жеңіске жетпесе де, пенальтилер сериясында «Қайрат» пен «Астананы» қапы қалдырды. Олар бастысы нәтижеге қол жеткізу үшін ойнады және өздері қалаған межеге қол жеткізді. Айта кетейік, Қазақстан Суперкубогы – 2008 жылдан бері өтіп келе жатқан және бүгінге дейін өзінің бастапқы түрінде сақталған отандық футболдағы жалғыз ауыспалы кубок. Биыл сол Суперкубок өзгеше форматта ұйымдастырылды. Яғни, өткен маусымның қорытындысы бойынша алғашқы төрттікке енген командалар жарыс жолына шықты. Жеребе бойынша жартылай финалда «Астана» мен «Шахтер», «Қайрат» пен «Тобыл» жолықты. «Тобыл» турнирде тәп-тәуір өнер көрсетті. Өткен жылғы ел чемпиондары «Қайратқа» үш гол соғып, Шпилевский шәкірттерін біраз әбігерге салды. Асхат Тағыбергеннің 9 минутта соққан голы «Қайрат» ойыншыларын қайрап, шабуылда ойнауға, ашық футбол көрсетуге түрткі болды. Сондықтан да болар 90 минуттың ішінде жанкүйерлер алты бірдей тамаша голдың соғылғанын көрді. 40-минутта Косовичтің шірене тепкен добы Мокин қорғаған қақпадан табылып, таразы басы теңесті. Осылайша, ойынның бірінші бөлігінде 1:1 есебі тіркелді. Екінші таймда «Қайрат» ойыншылары алға ұмтылып, «Тобылдың» қорғанысын бұзып-жаруға оқталды. «Тобыл» да арагідік қарымта шабуылға шығып, қауіпті шабуыл ұйымдастырды. Алайда біразға дейін есеп ашыла қоймады. Тек кездесудің 67 минутында ғана шабуылшы Шушуначев алматылықтарды есепте алға шығарды. Содан кейін ойын қыза түсті. Қостанайлық команданың сапынан екі бірдей ойыншы көзге түсіп, екі минуттың ішінде қос гол соғып, жеңіске бір табан жақындай түсті. Тек соңғы минутта соғылған Гүлжігіт Алықұловтың голы алматылық ұжымды жеңілістен аман алып қалды. Шешуші пенальтилер сериясында 39 жастағы тәжірибелі қақпашы Александр Мокиннің шеберлігі анық байқалды. «Қайрат» ойыншыларының екі бірдей соққысын тойтарып, өзінің әлі бабында екенін дәлелдеді. Жалпы, Бабаян баптайтын команданың қарқыны мықты. Бір қызығы, қымбат футболшылардан, әсіресе легионерлерден жасақталған «Қайратқа» қарсы «Тобыл» сапында негізгі құрамда 9 бірдей қазақстандық футболшы алаңға шықты. Ал алматылық командада төрт қазақстандық ойыншы бірінші минуттан ойынға араласты. Соның өзінде турнир жеңімпаздары командалық ойынымен, жеңіске деген жігерімен қарсыластарынан оқ бойы озық болды. Ал Андрей Тихонов жаттықтыратын «Астана» қарағандылық «Шахтер» командасын 0:2 есебімен жеңіп, финалға жолдама алды. Қаржылық жағдайы нашарлаған елордалық команданың құрамы өткен жылғыға қарағанда біраз өзгерді. Жарты ойыншысы кетіп, орнына жаңадан футболшылар келді. Соның өзінде команда алғашқы кездесуінде тәуір өнер көрсетті. Ал еуромаусымның іріктеу ойындарына қатысуға жолдама алып берген білікті бапкерімен қоштасқан «Шахтер» Әли Әлиевтің баптауымен бірінші кездесуінде-ақ жеңіліске ұшырады. Сөйтіп, финалға «Тобыл» мен «Астана» өтті. Ал үшінші орын үшін «Қайрат» пен «Шахтер» күш сынасты. Шпилевский бұл жолы «Қайраттың» жас ойыншыларына мүмкіндік беріп, соның өзінде жастар «кеншілерден» айласын оңай асырып кетті. Маусымның бастауы болған Қазақстан Суперкубогының финалында «Тобыл» мен «Астана» командаларының ойыншылары жарыстың көрігін қыздырды. Алғашқы 10 минуттың ішінде ұйымдастырылған алма-кезек шабуылдар мен қақпаға бағытталған соққылардың өзі матчтың тартысты өтіп жатқанын көрсетті. 14-минутта Серікжан Мужиковтың бұрыштамадан әуелете көтерген добына бірінші жеткен бойшаң қорғаушы Сергей Малый қарсылас қақпасына дәл көздеп, командаластарына қуаныш сыйлады. Осыдан соң қос команда көп шабуылдағанымен таблодағы есеп өзгермеді. Тек матчтың соңғы минуттарында Марин Томасов айып добын сәтті орындап, таразы басын теңестірді. Осылайша, Суперкубоктың жеңімпазы тек пенальти сериясында анықталды. «Астана» шабуылшысы Роман Мұртазаевтың соққысын қайтарған Александр Мокин командасына жеңіс сыйлады. Сөйтіп, «Тобыл» өз тарихында алғаш рет Қазақстан Суперкубогына ие болды. Ал «Астана» күміс жүлдегер атанды. Қола жүлде «Шахтерді» 2:1 есебімен жеңген «Қайратқа» бұйырды.Абылайхан ЖҰМАШ