«Академияға оқуға түсіремін» деп 15 мың доллар пара алған полковник сотталды
«Академияға оқуға түсіремін» деп 15 мың доллар пара алған полковник сотталды
384
оқылды

Сот полковникке қатысты үкімін өзгертті. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қалалық сотының баспасөз қызметі хабарлады.

Есіл аудандық сотының үкімімен биыл 25 қаңтарда Ұлттық қауіпсіздік комитетінің полковнигі Е.Е. Арыстан мен оның жұбайы Э.Дүйсенқызы алаяқтық әрекеті үшін бас бостандығынан айырылды. Ал Е.Е.Арыстан қосымша пара беруге мәжбүрлеу әрекеті бойынша да айыпталды. Сотталғандар бір топ адамның сеніміне кіріп, алдын ала келісіп алып, зардап шеккен азаматтың баласын «ҰҚК академиясына оқуға түсіреміз» деген желеумен 15 мың доллар алған.

Биыл 10 наурыз күні Нұр-Сұлтан қаласының соты аталған үкімді өзгертті. Е.Е.Арыстанға «лауазым иесі өзінің өкілеттігін пайдалана отырып» алаяқтық жасады деген айып тағылып, 6 жылға бас бостандығынан айырылды. Енді ол өмір бойына мемлекеттік қызметте істей  алмайды. Ал жазасын қылмыстық-атқару жүйесінің қауіпсіздік деңгейі орташа мекемесінде өтейтін болады.

Оның жұбайы Э.Дүйсенқызына қатысты үкім өзгеріссіз қалды.