Кезекті EXPO не береді?
Кезекті EXPO не береді?
551
оқылды
Дубай шаһарында 2020 жылдың 20 қазаны мен 2021 жылдың 10 сә­уірі аралығында Дүниежүзілік EXPO көрмесі өтеді. «Болашақ үшін сана-сезімді біріктіру» тақырыбында, оның ішінде «Мүмкіндік», «Мобиль­ді­лік» және «Тұрақтылық» деген ұғым­дардан тұратын көрмедегі па­­­вильонға Қазақстан 9 млрд қаржы бөлген. 3,7 млрд монтаж және құ­рас­тыру жұмыстары мен инженер­лік-техникалық желілер тартуға, 2,9 млрд ішін толықтыруға, қал­ғанын павильонды қайта бұзып елге жеткізуге жұмсау жоспарланған. Үкімет басшысының бірінші орын­басары – Қаржы министрі Әлихан Смайылов 10 млрд доллар инвес­тиция тартуды көздеп отырғанын жеткізген болатын. Жақында Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов пен Ұлттық экономика ми­нистрі Руслан Дәленов Қазақстан Ду­байдағы EXPO көрмесіне жұмса­латын қаражаттың қайта қаралуы мүмкін екенін хабарлады. Осы орай­да, бюджет қаржысын көрме­лерге жұмсау қаншалықты тиімді екенін туризм саласының маманда­рынан сұрап көрдік.   Адай СЕКЕНҰЛЫ,                                                                                                                                                    Еуразия ұлттық университетінің профессоры,                                                                                                география ғылымының доценті: – Көрме экономикасы мемлекет бюдже­тіне оң әсерін береді. Қазіргі таңда әлем елдері көрме экономикасын туризмнің бір саласы ретінде дамытуды қолға алды. Шетел­дік университеттердің туризм фа­куль­тетінде көрме экономикасы деген ма­мандықты оқытады. Бұл көрме экономика­сына сұраныстың бар екенін көрсетеді. Қазақ­станға да көрме бейтаныс емес. Елімізде өткен жобаға қанша қаржы кетті, кіріс қандай екені туралы әлі жан-жақты есеп берілген жоқ. Бірақ 2017 жылғы көрме Қа­зақстанның имиджін көтерді. Энергияға тәуелді экономика дүниежүзінде сыр бере бастады. Осы тұрғыда біздің экономикада да мәселелер туындап келе жатыр. Сондық­тан да экономикалық құрылымға өзгерістер енгізу керек. Мәселен, мемлекет туризм са­ласын қолға алды. Қазақстанның орна­ласқан географиялық орнына байланысты біз климаттық шектемелерге өте қатты ұшыраймыз. Әсіресе, туризм саласы мезгіл­ге тәуелді. Туризмді дамыту үшін алдымен көрме экономикасын қолға алуымыз керек. Туризм саласында мәселені шешетін өнімді жолдардың бірі – көрме экономикасы. Биылғы көрмеге бөлінген қаражатқа келсек, Дубай мен Қазақстанды салыстыруға келмейді. Халықаралық қаржы орталығы, сауда орталығы болуына байланысты ол жерде еңбек күші өте қымбат. Еңбекақысы жоғары. Мысалы, елордада бір құрылысшыға 100-200 мың теңге арасында айлық берсе, Дубайда – 2 млн шамасында. Құрылыстың әр шаршы метріне қанша ақша кетеді дегендей нормативтік өлшемдері болады. Мәселен, елордада салған үй мен Таразда салған үйдің бағасы әртүрлі. Дубайдікі де Қазақстаннан әлдеқайда жоғары. Сон­дықтан осындай дүниелерді салыстыра ойластыру керек. Одан кейін халықаралық сатып алу қабілеті деген болады. Дүние­жүзілік банктің өлшемі бар. Долларды өлшем етіп алатын болсақ, біз бір долларға елімізде сатып алатын затты Дубайда ала аламыз ба, жоқ па? Егер осы есеппен қарай­тын болсақ, Дубайда салған құрылыстың Қазақстанда екеуін немесе үшеуін салатын шығармыз.   Айгүл ЖАНСЕРІКОВА,                                                                                                                                          Aigul Line компаниясының директоры,                                                                                                                      «Қазақ өнер» шеберлер орталығының жетекшісі: – EXPO-да біздің ел әлемдік трендтермен қатарласа алады. Әлем қандай бағытқа жыл­жыса, біз де сол көшпен ілесіп келе жатқа­нымызды білдіру керек. Әлемде орнымыз болмаса, бізде экономика да, туристер де, тіпті экспортымыз да жақсы деңгейде бол­майды. Сол үшін әлем Қазақстанның жа­ңаша қырларын жан-жақты, осындай жо­балар арқылы тануы керек. Бірақ миллиард­тар қайда кетіп жатыр? Ол халықтың ақ­шасы ғой. Сондықтан жұмыс істеп, бюд­жетке салық төлейтін әр адамның қай тиынның қайда кетіп жатқанын сұрауға қақысы бар. Мәселен, 2015 жылғы Милан көрмесіне өз ақшаммен барып, біздің павильонды тексеріп шықтым. Ол жерде көңілім толмаған тұстар жетерлік. Мысалы, «У бабы Тани» деген кафе болды. Қазақстан ол жерге неге сондай кафе қояды? Қазақ­станның кафесінің аты қазақша болуы керек қой. Ал сол кафенің ішінде өзбектің бес-алты кестесі ілініп тұрды. Оның бәрін түсіріп алдым. Біздің мәдениетіміз емес. Ана жерде өзбектің өз павильоны бар. Біз оларды неге жарнамалауымыз керек? Сосын қырғыздың дүниелерін кәдесый ретінде сатып тұрды. Қолөнер шебері ретінде жы­лағым келді. Неге қазақтың шебері осыдан пайда көрмейді? Неге біздің қазақтың қал­тасына ақша түспейді? Неге ана жерде қырғыздың киізін сатамыз? Неге өзбектің кестесін қоямыз? Тіл десе – тіл білеміз. Өнер десе – өнері де бар. Біздің жетістік­тер – осы елдің ақылының нәтижесі. Ал адамның потенциалын дұрыс пайдалан­бау – басқа мәселе. Егер біз өз жетістік­те­рімізді емес, басқа біреудің затын жарна­малап жатсақ, мемлекет дамымай қалады.   Әлия ЖАҚЫПҚЫЗЫ,                                                                                                                                            Arnai Tours туристік фирмасының                                                                                                              коммерциялық директоры: – Біріншіден, EXPO – өте жақсы жар­нама құралы. Сондықтан көрме бізге келуі ықтимал туристері бар Америка, Канада, Еуропадағы дамыған 20 елдің қатарына кіретін мемлекеттерде болса, қатысу керек. Оның қатарына БАӘ-ні де жатқызуға бо­лады. Ал аса дамымаған елдерде өтетін көр­меге шығын шығару қажет емес деп санаймын. Әмірліктер Қазақстан үшін өте жақсы нарық. Біздің ел мұсылман мемлекеті болғандықтан, арабтардың қызығушылығын тудыра аламыз. Біріншіден, халал тамақтан қиындық жоқ. Одан кейін біздегідей әсем табиғат оларда жоқ. Қазақстандағы аң-құс­тар арабтар үшін қызық болуы мүмкін. Сон­дықтан ол жақтағы көрмеге қатысқаны­мыз дұрыс. Бір жағынан 9 млрд доллар – өте үлкен сома. Бұл ақшаны сол Әмірлікте агрессивті жарнама жасауға жұмсауға болатын еді. Телеарналардан прайм тайм уақытында роликтер көрсетіп, халықтың құлағын үйрете беру керек. Бір жыл бойы Қазақстан туралы ести берген соң адамның бұл елді барып көргісі келеді. EXPO-дан кейін экологияға жаны ашитын адамдардың саны артты. 2017 жылғы EXPO-ға Швейца­рияның планетада адамдар ғана тұрмай­тынын айқайлап айтуы жаңа толқын алып келді. Мысалы, Алматыда ауаның ласта­нуына қарсы петицияға қол жинау – осы­ның әсері деуге болады. Ал туризм жағынан алатын болсақ, тек шетелге шығуға мүмкін­дігі жоқ қарапайым халық үшін ғана пай­далы болды. Ал сырттан ағылып келді деп айта алмаймын. Мысалы, «инфо тур» деген бар. Шетелден арнайы тур фирмалар ша­қырылады. Олар келіп, бәрін тегін аралап кетеді. Кейін өздері көрген жерлерге тур ұйымдастырып, турист әкелуі керек. Бірақ ол жерде туризмге қатысы жоқ есепшілер, тур операторлардың туысқандары, жалпы айтқанда, пайдасыз адамдар келді. Тур жасайтындар келген жоқ. Орыстар көбіне Мальдив аралдарына, Испанияға, Италияға барады. Бізге іссапармен жүретін кәсіпкер­лер келеді. Олар бос уақытында ғана сая­хаттауы мүмкін. Мысалы, Көлсайға, Алтын Емелге, Шымбұлаққа баратын бір-екі күн­дік турларға барады. Ал олардың арасында EXPO-ға шақыратын кісілер болған жоқ.    width=Серік СЕЛЕУБАЙҰЛЫ