Қазақ елі мен Британ патшалығы арасында бірнеше ғасыр бұрын байланыстар болғанын архивтік құжаттар дәлелдейді. Дегенмен Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін ғана екі ел арасындағы қарым-қатынас жаңа деңгейге шықты. Мәжілісте палата Төрағасы Нұрлан Нығматулин Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия Құрама Корольдігінің Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Майкл Гиффордпен кездесті.
Жүздесушілер екі ел арасындағы ынтымақтастықты дамытудың өзекті мәселелері бойынша пікір алмасты. Жалпы, келесі 2022 жылы Қазақстан мен Ұлыбритания арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнағанына 30 жыл толады екен. Аталған жайтқа мән-маңыз бере кеткен Мәжіліс Спикері осы жылдар ішінде елдер арасында сенімді саяси диалог орнағанын, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық ықпалдастықтың белсенді дамығанын атап өтті. Кездесу барысында палата Төрағасы Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қазақ-британ ынтымақтастығын нығайтуға қосқан үлесі елдер арасындағы стратегиялық әріптестіктің жаңа кезеңіне шығуға мүмкіндік бергеніне назар аударды. Н.Нығматулиннің айтуынша, қазір қос мемлекет арасында жаңа стратегиялық әріптестік және ынтымақтастық туралы келісімді қабылдау үшін белсенді жұмыс жүргізілуде. Өз кезегінде Майкл Гиффорд екіжақты қарым-қатынастың деңгейін жоғары бағалап, экономикалық серіктестік пен парламентаралық байланысты дамытудың маңыздылығына тоқталды. Сондай-ақ елші Қазақстан Президенті Қ.Тоқаев жүргізіп отырған жаңа реформаларды қолдайтынын жеткізді. Нұрлан Нығматулин мен Майкл Гиффорд қазақстандық және британдық парламентшілер арасындағы диалогті жандандыру екі ел үшін де тиімді боларына сенім білдірді.Е.СЕНБАЙ