Оқушылар сарайының мәжіліс залында Алматы облыстық мәслихатының «Дін, тіл, этносаралық қатынастар, ішкі және жастар саясаты мәселелері» бойынша тұрақты комиссиясының отырысы өтті.
Жиын барысында Алматы облыстық Жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Е.Сапаровтың «Алматы облысында мемлекеттік жастар саясатының 2020 жылы атқарған жұмысы» туралы есебі тыңдалды. Сондай-ақ «Nur Otan» партиясының «Өзгерістер жолы: әр азаматқа лайықты өмір!» атты сайлауалды бағдарламасын орындау бойынша Жол картасын жүзеге асыру барысында алдағы жұмыстары туралы «Nur Otan» партиясы облыстық филиалының консультанты Айман Жұмабекова атап өтті. Жол картасында жеті бағыт бойынша алдағы 5 жылға 25 көрсеткіш пен 130 іс-шара қарастырылған. Оның ішінде Жастарды табысты әлеуметтендіру, оның әлеуметін дамыту мақсатында жыл сайын кемінде 2 000-ға жуық жастарды жұмысқа орналастырып, «Жас кәсіпкер», «Бастау Бизнес» жобалары бойынша шамамен 3,5 мың адамды оқыту жоспарға енгізілген. Сондай-ақ жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейін 2,5%-ға дейін төмендету қарастырылған. Сонымен қатар бағдарлама бойынша 8 колледж үшін 1 968 орындық студенттік жатақхана салу жоспарланған. Оның ішінде 3 жатақхана өткен жылы пайдалануға берілді. Күн тәртібіндегі үшінші мәселе бойынша тұрақты комиссияның төрайымы С.Қабышева және комиссия мүшелері Алматы облыстық мәслихатының 2021 жылға арналған жұмыс жоспарымен танысып, өзгерістер мен толықтырулар енгізуді қарастырды.Әбілмансұр ЖАСАН